• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2014

Маңғыстаудағы амал мерекесі

811 рет
көрсетілді

Ұлыс күнінің ұлылығын көрсетті

«Ассалаумағалейкум, Ай! Ай көрдім, аман көрдім, бұрынғыдай заман көрдім, ескі айда есіркей гөр, жаңа айда жарылқай гөр!» деп әрбір жаңа туған айға амандасатын халқымыз, наурыз айының жаңаруын өзгеше қарсы алады. Наурыздың 14-і күні еліміздің батыс өңіріндегілер «Көрісу» мерекесін бастап кетеді. Оны маңғыстаулықтар «амал» деп атайды. Дерек көздері бұл мейрамның шығу төркінін бағзы замандардағы аспан әлемін зерделеуші жұлдызшылардың іліміне негіздейді. Амал жұлдызы мен Күннің бір түзу бойында өзара жүздесіп, көрісіп тұрғандай бейнеде болуы – шаруа баққан, жердегі тірлігін көктегі жұлдыздар әлемімен байланыстыра қараған ата-бабаларымыз үшін қыстың аяқталып, көктемнің басталуы болып табылған. Амал мен Күн тәрізді боп қол алысып, көкірек түйістіре амандасудың мазмұны осында жатса керек. Көрісу дәстүріне Маңғыстауда кешегі «Асылдарымызды шаң бас­ты, барымызды жарқырата жарата алмадық» дейтін кеңестік кезеңнің өзінде қылау түскен жоқ. Сол баяғы маңызды, ме­ре­келі күйінде жылжып келіп, тәуелсіздікке жалғасты. Қазіргі сипаты тіпті ерекше, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ұмытпай атап, өзге ұлт өкілдері де қазақтың ұлттық киімдерін киіп, жадырай көрісетін жал­пыхалықтық деңгейге көтерілді. Маңғыстауда соңғы жылдары бұл мейрам «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде аталып өтілетін болды. Биыл да жылдағы дәстүрге сай Қаратау етегіне 30-ға тарта киіз үйлер тігіліп, Маң­ғыстаудың түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қабылдап, той көрігін қыздырды. Салтанатты шараға облыс әкімі А.Айдарбаев бастаған бас­шылық өкілдері барды. Алдымен Адай ата кесенесіне тәу етіп, Тобыш ата ұрпақтары салған «Ақниет» қақпасының ашылуына қатысты. Отпан таудың басында тұрып, амалдың ақ таңын «Еліміз аман, заманымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болсын!» деп тілек еткен маңғыстаулық тұрғындарды А.Айдарбаев, Пар­ламент Сена­тының депутаты Б.Шелпеков және шараны ұйымдастырушы Тобыш ата балалары атынан Д.Сейбағытов құттықтады. Батагөй ақсақал Лепес қажы Исаев бата берді. Көкпар тарту, асық ату, өзге де бірнеше түрлі спорттық ойындар ойналып, жыр ақта­рылған, арнайы келген аудандар өнерпаздары концертпен көмкерген мереке аясында туған жер төсіне жас шыбықтар отыр­ғызылды. Келер жылғы шараны лайықты ұйымдастыру үшін жауапкершілікті Мұңал ата ұрпақтары қабылдап алды. Маңғыстауда амал мерекесі ақ тілек тілеп, тал еккен, ән-жыр әуелетіп, жамырай табысқан, салт-дәстүрді тірілткен ақ кө­ңіл­дердің мерекесі болып жал­ғасуда... Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.