Осы аптаның басынан Қарағанды облысында коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың өсуіне және өңірдің «қызыл аймаққа» енуіне байланысты санитарлық-карантиндік режім күшейтілді. Бұл турасында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Юрий Залыгин мәлімдеді.
Қаулыда қарастырылған жаңа шектеулерге сай, облыста ашық ауада да, үй ішінде де жаппай іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Отбасылық және басқа да шараларды үйде де ұйымдастыруға болмайды. Тек еске алу рәсімдеріне рұқсат беріледі. Оларды Ashyq жобасына қатысатын нысандарда шақырылғандардың саны 30 адамнан аспаған жағдайда ғана өткізуге болады.
Караоке-барларда әндер мен билерге тыйым салынды. Мекемелер тек қоғамдық тамақтану қызметтерін ғана ұсына алады. Қоғамдық тамақтану орындарында бір үстел басында төрт адамнан артық отырмауы тиіс. Және олардың арасында кемінде бір жарым метр қашықтық болуы керек.
Кинотеатрларға зал іші 30%-дан артық толтырылмаған жағдайда Ashyq қосымшасымен жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Оның өзінде «жасыл» мәртебесі барлар ғана кино көре алады.
Ю.Залыгин барлық ауылдық мектептер мен қалалар және аудан орталықтарындағы оқушылар саны 600-ге дейін болатын мектептерде оқыту штаттық пішімде жүргізілетінін айтты. Оқушылар саны 600 және одан көп болса, қала мектептері мен аудан орталықтарының мектептері қашықтан оқыту нысанына көшеді. Ескерте кететін бір жайт, бұл жағдайда 1-2-сыныптар офлайн режімінде оқуды жалғастыра береді. Ал кезекші сыныптар 3-5-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады.
Ескерте кететін бір жайт, аумағы 100 шаршы метрден астам сауда-ойын-сауық орталықтары мен азық-түлік емес сауда үйлеріне, сондай-ақ ауданы 6 мың шаршы метрден асатын азық-түлік желілеріне кіруге тек «жасыл» мәртебесі бар адамдарға ғана рұқсат етіледі. Бұл спорттық-сауықтыру орталықтарына, фитнес-орталықтарға, моншаларға, сауналарға, бассейндерге де қатысты.
Қарағанды облысы