• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Қаңтар, 2022

Ерлік ескерусіз қалмайды

302 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздегі жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан құқық қорғау саласының қызметкерлері мен әскерилер мемлекеттік наградалармен марапатталған болатын. Опат болған ерлер қайталанбас ерлігімен мәңгі ел есінде. Олардың қатарында Тараз қалалық полиция басқармасы 1-бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Рахат Сланбеков те бар.

Ұлттық Ұланның 5513 әс­кери бөлімінде қаралы қаң­тар оқиғасында қаза тапқан Рахат Сланбековті еске алу шарасы өтті. Жиынға батыр­дың отбасы мен туған-туыс­тары қатысты. Мемлекет басшы­сының тапсырмасына орай, облыс әкімі Б.Сапарбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденін батырдың анасына табыс етті. Сонымен қатар марқұмның отбасына үш бөлмелі пәтер берілді. Б.Сапарбаев өз сө­зін­де Мемлекет басшысы ел ты­ныштығын күзету жолында, қаскөйлерге қарсы күресте опат болған батырларды түрлі мемлекеттік наградалармен марапаттап, марқұмдардың отбасыларына қажетті көмектер көрсетуді тапсырғанын атап өтті. «Бүлікшілердің қолынан қаза тапқан Рахаттың ерлігі мен өрлігі өзінің әріптестеріне, кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ол қызметтік міндетін абыройлы, адал атқара отырып, өзінің нағыз патриот, елжанды ер азамат екенін дәлелдеп кетті. Елдің амандығы, бейбіт тұрғындардың тыныштығы жолында өзін құрбан етті. Рахат секілді батыр ұландардың есімін елі ешқашан ұмытпайды», деді облыс әкімі.

Ал Рахат Сланбековтің анасы Ұлбосын Жапарова Отан үшін опат болған ұлының ерлігі ескерусіз қалмай, мемлекеттік наградамен марапатталғанына ықыласын білдіріп, елдің аман­дығына тілектестігін жеткізді. Марқұмның артында жары мен бес баласы қалған.

 

Жамбыл облысы