Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада
ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі ұлттық комитеттің алтыншы отырысы болды.
2003 жылы Парижде қабылданған «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» Конвенция 2011 жылы 23 желтоқсанда Қазақстан тарапынан мақұлданған болатын. Осыған байланысты ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша еліміздің Ұлттық комиссиясы жанынан Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі ұлттық комитет құрылды.
Елбасының 2003 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы негізінде дүниеге келген мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз жаңғырды. Мәдени мұраларымызды жинау, жүйелеу жолында материалдық нысандар басты назарда болып, рухани құндылықтарымыздың кейбірін елеусіздеу қалдырғанымыз рас.
Соған қарай, 2013 жылы 29 сәуірде Үкіметтің №408 қаулысымен «Қазақстан Республикасында Материалдық емес мұраны қорғау және дамыту жөніндегі тұжырымдама» қабылданды. Тұжырымдаманың мақсаты – Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасын қорғау, дамыту және насихаттау үшін қолайлы жағдайлар жасау болып белгіленді.
Мәдениет министрлігі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі ұлттық комитетінің ұйымдастыруымен өткен басқосуда адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне және ЮНЕСКО-ның жедел қорғау тізіміне енгізу үшін ұлттық өтінім беру жөнінде мәселелер қаралып, оған еліміздің құндылықтары болып саналатын негізгі номинациялар ұсынылды. Олар: «Бүркітпен аң аулау» мен «Дәстүрлі асық ойындары» (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), «Қазақ зергерлік өнері. Күмісті өңдеудің дәстүрлі өнері» (М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты және Қазақстан Қолөнершілер одағы), «Батырлар жыры» мен «Қыз Жібек» эпосы (М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты), «Қобызда ойнау өнері» мен «Қазақтың дәстүрлі әншілік өнері» (Қазақ ұлттық Өнер университеті), «Домбыра аспабын жасау өнері» (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қазақстан Қолөнершілер одағы) мен «Қорқыт ата күйлері» (Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті).
Отырысқа Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы Әлібек Асқар, комитет мүшелері, академик Сейіт Қасқабасов, ғалым Шәкір Ыбыраев, сарапшы-ғалымдар – Сауытбек Абдрахманов, Саида Еламанова, Дихан Қамзабекұлы, Серікқазы Қорабай, Евфрат Мамбеков, Жанерке Шайкөзова, Баймұрат Оспанов сияқты сала мамандары қатысты.
Іс-шара барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Сәбира Құлсариева, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының доценті Серікқазы Қорабай, Қазақ ұлттық Өнер университетінің лаборатория меңгерушісі Базаралы Мүптекеев, профессор Саида Еламанова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессорлары Баймұрат Оспанов пен Жанерке Шайкөзова мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті Ғабит Тұяқбаевтар аталған номинациялар бойынша жеке-жеке деректі фильмдерді көрсете отырып, әр құндылықтың мән-маңызына тоқталып, кең көлемде түсінік беріп өтті.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан».