• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2014

Тың идея, жаңа бағыт

632 рет
көрсетілді

Қазақ қазақ болғалы, ықылым заманнан аңсағаны тәуелсіздік еді. Енді Мәңгілік Елге қол созып отырмыз. Сонау арғысы Абылай, Кенесары сынды қазақтың біртуар бекзат ұлдарының арман-мүддесі «жеке ел болу» еді ғой. Бірақ ол мақсаттарына олар жете алмады. Қалың елінің, қазағының қамы деп жүріп «еңку-еңку жер шалып, егеулі найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» көкейдегі тәуелсіздікке жете алмай кетті. Бірақ көреген саясаткер Абылай оң жағындағы Қытаймен, сол жа­ғындағы Ресеймен бәтуәлі бай­лам жасаса отырып, қазақты бей­бітшілік аясында ұйытты. Соған өзі ұйытқы болды. Одан кейінгі қарға тамырлы қазақтың тағдыры, өзімізге мә­лім – Кеңес Одағының уысын­да өткенін білеміз. Дін, тіл, рух деген үш ұғым, солшыл саясаттың көлең­кесінде қалып, аздап сана­мызға соқыр сенім кіріп, кіріптар боп күй кештік. Тәубе! Тәубе! Тәу­бе! деп, өткенге көз сала отырып, сан қайталайтындай тәй-тәй басқан жас мемлекеттің, бүгінгі жүрісі ширақ, адымы алғыр, елдің еңсесі нық, болашағы даңғыл екенін ұғып жатырмыз. Кез келген мемлекетті бас­қа­ратын көшбасшысы алдын болжайтын көреген болмаса, ол елдің болашағы бұлдыр да, бұлыңғыр екені әмбе жұртқа аян. Мен өз басым осы күнге «шүкір» деймін. Келер буын жастардың және де өзімнің замандас құрбыларымның атынан айтатыным «жеке ел» болып отырған, елі­міздің көркейіп, гүл­­денуі, дамыған ел­дердің қатарына кіруі, түстігін ғана атүсті ойламай ұзақ жылдық мерзімді болжап, халқының әл-ауқатын арт­­ты­рып, келер ұрпақты зама­ны­на адамы сай ететіндей, хал­қына тың идея, жаңа бағыт ұсын­ған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың сарабдал сая­са­тының жемісін біз көріп отырмыз. Былтырғы жылы һәм 2013 жылға арналған Елбасымыздың Жол­дауында біраз істер нақты­ланды, «Қазақстан-2050 Стра­тегиясы – қалыптасқан мем­ле­кет­тің жаңа саяси бағытын» айқын­дады. Елбасы өзі айқындап, еліне, ұлт пен ұлысқа жария етті. Қазақ қазақ болғалы, бұндай ірі стратегиясы қалыптасқан же­ке ел болмағаны, тарихтың ақ парақ беттерінен айқын. Бүгінгі заман талабы, Елбасымыздың тапсырмасы енжарлық, марғаулық, ұйқышылдықтан арылып, біреу үшін емес, өзің үшін, болашағың, ұрпағың үшін жаңа бағытпен жұмыс істеу. Бұл ХХІ ғасырдың озық ойлы, жаңа технологияны меңгерген, шетелден білім алған, үш тұғырлы тілді жетік білетін жастары үшін қолайлы сәт. Қырда тіршілік ет, мейлің қалада өмір сүр. Қолыңнан іс келсе, «көз қорқақ, қол батырлыққа басып, белді бекем буып» іске кіріс деп тұр Елбасымыз. Мен біраз жастарды білем. Достарым да бар. Енді-енді айқын бағыттың жөн-жобасын біліп, бизнеске бет бұрып жатыр. Ауылдағы ағайын, ауыл жастары Үкіметтен несие алып, несібе табудың көзін іздеп, әртүрлі саламен айналысып, біреулері мал ұстап, тіпті жазда құс өсіріп, «баптап, бабын тауып, бағланның бағасына бағалап» баяғы тоқыраудың тұсындағы, кем-кетіктің орнын толтырып, белсенділік танытып, іске кіріскен. Ал қаладағы жас­тар да өз кәсіптерімен айналысып, маңдай термен келген таза еңбектің наны тәтті екенін ұғып жатыр. Ешкімге бағыныштылық жоқ. Қалтасында ақшасы, жеке кәсіпкерлік ісі, астында жүйрік көлігі бар. Ал енді ұлт пен ұлысқа келер болсақ, көп ұлтты қазақ елінде бөліну, бөлшектену жоқ. Қай ұлт болсын қазақпен бір туғандай ғұмыр кешуде. Біздің еліміз көп этностардың отаны екенін білеміз. Баяғыда тағдырдың жазуы­мен келіп қалған ингуш, неміс, курд, өзбек, қырғыз сынды т.б. ұлт өкілдерінің Қазақстанды Отанымыз деуі, біздегі айрандай ұйыған ынтымақ-бірлігі, тату-тәттілігі болар. Бір жағадан бас шығарған бірлігінің арқасында бейбітшілік орнап, қазақ елінің ынтымақтастығы жарасып тұр. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгерлігі, кө­регендігі, данышпандығы ғой. Әйт­песе, басқа елдерде ұлтқа, дін­ге бөлінудің кесірінен қантөгіс болып жатқаны аян. Бізге әлемді дүр сілкіндірген дағдарыс келген жоқ. Дағдарыс сырт айналып, алты қырдың астында, тұсаулы аттай мешеулеп те жеткен жоқ. Дағдарыс болған да жоқ. Әйтпесе, дамыған елдердің біразы дағдарыстың дүмпуінен аласұрды. Ал бізде буыны жаңа бекіп келе жатқан балаң жастағы жас мемлекет болса да, қарқынды түрде біраз шаруалар атқарылды. Атап айтсақ, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен біраз өңірлерде халыққа керекті игі нысандар бой көтерді. Әлі де бұл игілікті шара жалғасуда. Алда Елбасымыздың бастамасымен өтетін ЭКСПО-2017 тұр. Бұл Қазақстан үшін, әлем жұртшылығының назарын тағы да өзіне аударып, қазақ еліндегі жетістіктердің жемісін көрсетіп, айқындап, қуаты мол серпіліс беру болмақ деп болжап отырмыз. Бүгінгі күні, былтырғы Ел­ба­сымыздың Жолдауында айқын­дап айтылғандай, өңірлердегі мо­но­қалаларды дамыту қолға алынды. Бұл бір жағынан жұмыс көздері ашылып, бұқараны жұмыспен қамтамасыз қылса, жергілікті жер­лердегі кәсіпорындардың ре­сурстарының дамуы, әлеуметтік-экономикалық жағдайымыздың қалыпты өсуі. Бұндай істің шарапаты курорттық аймақтың кар­та­сынан табылатын, біздің аудан­ға да тиіп жатыр. Қазіргі күні Щучье қаласындағы Заречный шағын ауданынан көп қабатты үйлердің жөн-жобасы белгіленсе, заманауи талапқа сай мектеп те салынбақшы. Бұл біздің өңір­дің тың серпіліспен дамып жат­қандығын айғақтап беріп тұр. Өткен 2013 жылы қараша айында, Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының он алтыншы сессиясына қатысып кел­дім. Бұл жиын мен үшін ерек­ше әсер қалдырды. Ұлт пен ұлыстың бүгінгі қазақ еліне деген риясыз сүйіспеншіліктері, еліміздің дамуына атсалысатын белсенділіктері мені ерекше қуантты. Бір байрақтың астында 44 этномәдениеттің бірлесіп жұмыс істеуі, шығармашылықпен айналысқан, өзге ұлт жастарының мемлекеттік тілді насихаттап, қазақ тілінде еркін көсіліп сөйлеуі, бірлік бар жерде, тірлігінің жан­да­натындығын айғақтап тұрғандай болды. Осы Ассамблеяға қатысушы әрі мүшесі болғаным және де қазақ елінің еркіндікте екпінді дамып келе жатқандығы Елбасымыздың арқасы екендігін сезіндім. .Біз ХХІ ғасырда арман көк­жиегіне құлаш ұрған шат-шадыман заманда өмір сүріп жатырмыз. Еркіндікте еңсесі нық елдің баласымыз. Арманымыз асқақ, көңіліміз көлдей, мұқым әлем­ге қазақ деген ұлттың бар екенін, бұл халық біреуді көкі­ректен итеріп, дінің мен тілің бөлек, нәсілің бөлек деп айтпайтын ел екендігін, түстігін ға­на тоқтыққа санамайтын, жүз жыл­дығын болжап тастайтын ел болып жер-жаһанға атымыз танылуда. Мұны Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елінің қамын ой­лаған қажырлы еңбегінің жемісі деп ұққанымыз абзал. Міне, тағы да Қазақстан халқына ар­наған Елбасының дәстүрлі Жолдауы Қазақ еліне жол тартты. Бұл Жол­даудан ел игілігін көретін айқын бағыттың жолын табамыз. Жеңіс ОСПАНОВ, Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.