Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин елімізде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін нақты іс-шаралар қабылданғанын мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, Бас прокуратура мен жергілікті прокурорлар еліміздің әр өңірінде болған митингілер мен жаппай тәртіпсіздіктің алғашқы күннен бастап жиналғандарға заңнама талаптарын орындау қажеттілігі туралы бірнеше рет түсіндірген. «Біз алаңға жиналған халықты заңсыз әрекеттерден сақтандырдық. Себебі заң бұзушылық болған жағдайда құқық қорғау органдары кінәлілерді қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін шаралар қабылдауға міндетті», деді ол.
Мемлекет басшысы да халыққа үндеу жасап, парасаттылық танытуға және арандатушылыққа ермеуге шақырды. Өкінішке қарай, кей азаматтар ортақ талап пен тәртіпке мойынсұнған жоқ. «Бастапқыда бейбіт жиналыстар өткізудің заңмен белгіленген тәртібі бұзылды. Осыған қарамастан, наразылық акциялары бейбіт сипатта болғандықтан бұзушыларға шаралар қолданылған жоқ. Қарақшылар жағдайды пайдаланып, қылмыс жасай бастады: күш пен қару қолданды, бұған басқаларды шақырды, ғимараттар мен көліктерді басып алып, өртеді, адамдарды өлтірді. Осыдан кейін қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстың жолын кесу мақсатында тәртіп бұзушылар ұсталып, полицияға жеткізілді. Іс-әрекеттерінің сипаты мен салдарына қарай олар әкімшілік жауаптылыққа немесе қылмыстық жазаға тартылуда», деп мәлімдеді А.Сарғазин.
Бас прокуратура өкілі бұл ретте әрбір құқық бұзушының іс-әрекеті объективті және мұқият тексеріліп, жауаптылық шаралары жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен кінәлінің жеке басы ескеріле отырып қабылданатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Бас прокуратураға осы күндері әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін ұсталған адамдардың кінә дәрежесін анықтап, ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда жазаны жеңілдетуді тапсырды. Осыған орай елдегі жаппай тәртіпсіздік пен лаңкестік оқиғаның статистикасы мен сипатына тоқталған А.Сарғазин соттардың қазіргі таңда 8 354 әкімшілік іс қарағанын да айтып өтті.
«3 337 құқық бұзушыға қамаққа алу немесе айыппұл түрінде жаза қолданылмай, ескерту ғана жасалды. Ал 1 653 іс бойынша сот айыппұл салды. Қазіргі таңда мыңнан астам адам қамақта. Олардың әкімшілік жазасын жеңілдету мақсатында прокурорлар апелляциялық сотқа 1 758 өтініш хат енгізді. Қазіргі таңда прокурорлардың өтініш хаттары бойынша 676 адам қамақтан босатылып, 344 адамның айыппұлы ескертуге ауыстырылды. Прокурорлардың жазаны жеңілдетуге және айыппұлды ескертуге ауыстыруға бағытталған 738 өтініш хат қаралу үстінде. Бұдан бөлек тағы 358 әкімшілік іс материалдарды сотқа жіберілмей тоқтатылды. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 695 сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. Оның ішінде: 44-і – терроризм актісі, 15-і – кісі өлтіру, 6 іс насихаттау фактілері және билікті басып алуға шақыру бойынша. Күдікті ретінде 780 адам ұсталып, оның 695-ін сот қамаққа алды», деді Бас прокуратура өкілі.
Азамат Серғазин барлық іс бойынша прокурорлар азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететінін атап өтті. Қылмыстық істердің айыпталушыларына, оның ішінде ұсталғандарға уақтылы заң көмегі көрсетілуде. Сөзінің соңында ол азаматтарды арандатушылыққа ұрынып қалмай, ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және құқықтық тәртіпті сақтауға шақырды.