• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2010

АЗАТТЫҚ АҢСАҒАН АЗАМАТ

2737 рет
көрсетілді

Менсінбеуші едім наданды Ақылсыз деп қор тұтып. Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып. Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов 1930 жылдың 12 мамырында бұрынғы Талды­қорған облысы, Үйгентас ауданындағы Қарлығаш ауылында дүниеге келді. Шеше­ден ерте айрылды, дауысы бұлбұл­дай құй­қыл­жыған әнші анасы Меңсұлу егіз баладан қайтыс болды, көп ұзамай Лепсі станса­сында пошта бастығы болып істеген әкесі Тұрлыбек “үштіктің” үкімі­мен Сібірге айдал­ған “халық жауының” телеграммасын Ленин­градқа соғып жібер­гені үшін итжек­кенге кетті. Жас бала нағашы әжесі Жәкіш­тің қолында қалды, кейінірек Ек­пінді ауы­лындағы интернатта тәрбие­ленді. Оның балалық шағы екінші дүние­жүзілік соғыс­пен тұспа-тұс келді. Сондықтан ауыл бала­ларының барлығы­ның пешенесіне сол жылдары не жазыл­ды, соның бәрін көрді. Ерте бастан ауыр еңбекке араласты: соқамен жер жыртты, Лепсі стансасындағы астық қабылдау пунктіне бидай тасыды, ауылдағы май айыру зауытына күнбе-күн сүт тасымал­дады. Осылайша болашақ журналист, публицист, көрнекті жазушы қаршадайы­нан өмірді, реалистік суреттерді көзбен көріп, көкі­регіне түйіп өсті. Балғын кезінде сара­йын­да жатталған деректер мен естеліктер кейін “Вечные корни” (1960) атты очерктер мен әңгімелер жинағында көрініс тапты. Оның шығармашылық саласында тео­рия­лық білімін шыңдауға С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік универси­теті­нің журналистика факультетінің ұстаздары, атап айтқанда, М.Әуезов, Х.Бекхожин көп көңіл бөлді. Студент Ә.Әлімжановтың сол дәуір­дегі ұлы ерлігі – данышпан тәлімгері Мұх­тар Әуезовті НКВД-ның қанды шеңгелінен құтқарып, Мәскеу қаласына жасырын аттандырып салуы. Бұл тарихи оқиға туралы Қазақ­стан­ның халық жазушысы Ә.Әбішев, белгілі қаламгер Ғ.Қабышев, филология ғылымдарының докторы Т.Жұртбай Мұхтар Әуезовтің өз сөзіне, дәлелді фак­ті­лерге сүйе­не отырып, арнайы мақалалар жазғаны бел­гі­лі. Одан соңырақ, кейінгі кезде мәлім болғандай, бір топ студент, оның ішінде Әнуар Әлімжанов, Сәкен Жүнісов бар, про­фес­сор М.Әуезовті уни­верситетке, оқы­ту­­шы­лық жұмысқа қайта­дан шақыру туралы СОКП Орталық Ко­митетіне хат жолдапты. Қаламы жүрдек шәкірттің түрлі-түрлі тақы­рыптағы, әр түрлі жанрдағы мате­риалдары универси­теттің көп тиражды газетінде студенттік жылдары жиі-жиі жарияланады. Идеоло­гиялық тенденциясы басым кеңестік жоғары мектеп аудитория­сында осындай-осындай мәнді істерге араласқан ол 1954 жылы журналистика мамандығы бойынша диплом алып шығады. Қаламгер өзінің кәсіби қызметін об­лыс­тық “Алма-Атинская правда” газеті­нен бастайды. Басылым тілшісі шеберлік мек­тебінен өтеді, үйренеді, проблемалық мақа­ла­лар, портреттік очерктерді лек-легімен жариялайды. Негізінен орыс тілінде жаза­тын қаламгер алпысыншы жылдары “Ле­нин­шіл жас” газетінің очерк­тер бәйгесіне қатысып, жүлделі орын­­ға ие болады. Облыс­тық басылым­нан алған қаламгерлік тәжіри­бесі кейін­нен кеңестік журналистика­да үлкен құбы­лыс ретінде қабылданған “Диқан туралы аңыз” атты көркем-публицис­тика­лық шы­ғарманың желісін ширатуға едәуір әсерін тигізеді. Атақты күрішші Ыбырай Жақаев туралы очерктегі қақтығысты Әнуар Әлімжанов индивидтер арасындағы текетірес деңгейінде қалдырмайды, оны дүниетаным­дар арасындағы күреске дейін көтереді. Ауданнан келген әпербақан өкіл мен жер қасиетін бес саусағындай білетін диқаншы­ның образдары ақ қағаз бетіне естен кетпес­тей таңбаланады. Тақырыпты жеріне жеткізе зерттеген журналист кәнігі ғалым-агроном­дай, натуралист-зерттеуші­дей сөйлейді. Ол қоғамдық үдеріс бары­сын, табиғат эволю­циясын, жанды пей­заждық бояуларды контраст әдісімен құл­пыртады, оқырман жұртшылықты тірші­лік коллизиясына араластыра түседі. Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті­нің органы “Ленинская смена” газеті ре­дак­торының алғашқы қазақ орын­басары болған да Әнуар Әлімжанов еді. Сол жыл­дары ол ел аралады, шетелдік сапар­лар­ға шықты, жастар фестивальдарына қа­тыс­ты. “Белый друг, желтый друг, черный друг” (1958), “Когда встречаются друзья” (1959), “Вечные корни” (1960), “Пять­десят тысяч миль по воде и суше” (1962), “Ка­ра­ван идет к солнцу” (1963) атты кі­тап­тар сол бір роман­тикалық дүние­пайым­ның жемісі дегі­міз келеді. “Мен қазақтың ұлымын” толғауында ол: “Әрі қарапайым, әрі мәңгі­лік ақиқат бар: адам қайда жүрмесін, таби­ғаттың қандай әсем көрінісі алдынан шық­пасын, ол әрда­йым өзі туған жерінің мүйісі мен пұшпағын, алғаш құлағына жеткен ана дауысы мен өз халқының әндерін, танауды жарған түтін иісін, желпіп өткен самалын, зеңгір аспан тұң­ғиығын сезініп, өзін қобал­жытқан бола­шаққа қарай аяқ басқанын перзенттік сезім­мен емірене еске алады”, – деп жазады. Күріштің арқасында күрмек су ішеді. Кейіпкерің туралы сөз сөйлей отырып, амалсыздан өзіңді де кірістіріп жібер­ге­нің­ді байқамай да қаласың. Кейде қалың­дау, кейде жұқалау жағылып кетеді. Оның несі айып? Расында, объекті хақында көкірекке түйгеніңді, көрген білгеніңді өз қатысыңсыз қалай айта аласың. Сондық­тан оқырманнан кешірім өтіне отырып, әңгімеге Әнуар Тұр­лы­­бекұлына және өзіме қатысты бір-екі жайтты кірістіре кетейін. 1966 жылы Ал­матыдағы №9 қазақ орта мектеп-интерна­тын бітіргеннен кейін журналистика фа­культетіне оқуға түссем бе деген ниетім жүзеге аспай қалды. Жасығаным жоқ. Ести­тінмін, Әнекең де бірнеше жылдан ке­йін оқуға кірді деп. Келесі жылы да сол кепті кидім. Екі жолы да бір ғана балл жет­пей қалды. Жанашыр нағашым Шаһза­да Жұма­ділұлы бұл жолы қатты ойланды. Бұл енді болмас, Әнуарға алып барайын, бір көмек жасаса, сол жасар дегенді айтты. Әйтеуір үміт қой. Орта мектепті үздік бітір­генмін, баспасөзге қатысып жүрмін. Одан артық не керек. Өз ойым осылай дейді. Өткен ғасыр. Алпыс жеті. Қазан айы­ның бел ортасы. Сол кездегі Интернацио­нальная көшесіндегі Әнуар Әлімжановтың пәтеріне ат басын тіредік. Бала кезінен көр­ші тұрып, бірге асық ойнап өскен нағашымды Әнуар Тұрлыбекұлы құшақ жая қарсы алды, сені де көретін күн бар екен-ау деп құшақтап жатыр. Үлкен кісілер (екеуі ол кезде әлі қырыққа да ілікпеген) әңгіме қызығына берілсе, мен “Литературная газетаның” тілшісі каби­нетінде емін-еркін жұмсақ креслода шай­қа­ламын. Қабырғада дүниежүзінің карта­сы, сөрелерде кітаптар, өмірі мен көрме­ген шет ел фотоаппараты мен сырт жұрт­тық транзисторлы радиоқабылдағыш. Екеуінің жарасқан, емен-жарқын әңгіме­лері құлағыма еміс-еміс жетеді. Әнекең ауыл жайын, өзі білетін адамдарын сұрас­тырып отырған сыңайлы. Ақшолақов Кәрім, Қапсалямов Шыңқожа ақсақал­дар­дың, Ақшал, Әжібек аталарымыздың, Алшораз, Үмітжан апаларымыздың, Жарқынай тәтеміздің, Бауберік, Есейбек, Шыңғыс ағаларымыздың аттары аталды-ау деймін. Дина деген біздің ауылда жоқ есімді де сонда құлағым шалып қалды. Екеуінің сөзі таусылар емес. Тек наға­шым, мынау менің туған жиенім, баяғы өзің білетін жылқышы Қамзаның жал­ғызы дегенде, жазушы елең еткендей мен жаққа бұрылып қарады. – Удивительно, удивительно. А, скажи, вылитый отец. Как же, как же... Разве я могу забыть его отца и его пегого коня. На нем он меня не раз катал. Я и не знал, что у него есть наследник. Ты читал мой роман “Синие горы”? А ведь его папаша прототип моего табунщика Хамзы, – деді орысшалап. Нағашым басын изеп күліп жатыр. Барлық мән-жайға қанғаннан кейін, Әнекең маған көзінің астымен сынай қарап алды да, орыс тілін қай шамада біле­тінімді сұрады, орыс әдебиетінен, батыс әдебиетінен кімдерді оқығанымды тәптіштей бастады. – Қазақ әдебиеті жайында сауал қойып әурелемеймін. Оны білуге тиіссің. Міндет­тісің. Қазір орыс классигі шығар­масынан үзінді оқимын, соны тапсаң – сенің шаруаңа кірісуге уәде берейін, – дегені қуақылана. Ертеректе Ғабит Мү­сіреповтің Мартыновтың ұрпағымен сөз­­сайыста Ираклий Андронниковке жү­гін­геніндей, іштей өз ұстазым, орыс әде­биетінің мұғалімі Тұралық Дөненбаев­қа сыйындым. Әнекең күбірлей бастап кетті, жатқа соғып отыр. Нағашым тастай қатып қалған, мұндай оқыстықты ол да күтпесе керек. “ – Извините. Довольно людей кор­мили сластями; у них от этого испортился желудок: нужны горькие лекарства, едкие истины. Но не думайте, однако, после этого, чтоб автор этой книги имел когда-нибудь гордую мечту сделаться испра­вителем людских пороков”, – деп қалам­гер ағамыз бір тыныстағанда, мен: “ – Боже его избави от такого неве­жества! Ему просто было весело рисовать современного человека каким он его по­ни­­мает и, к его и вашему несчастью, слиш­ком часто встречал. Будет и того, что бо­лезнь указана, а как ее излечить – это уж бог знает!” – деп жалғастырып әкет­тім. Абырой болғанда, оқыған “билетім” келді. М.Лермонтовтың “Біздің заманның каһар­маны”. Кіріспесі. Сөйтіп, Әнекеңнің сыны­нан сүрінбей өттім десем де болады. Әнекең нағашым да көңілденіп сала берді. Талант­ты публицист, дарынды қаламгер­мен менің жақын таныстығым осылайша басталды. Құдай берген дарын ешқашан қалып­қа сыймайды. Сөз зергерінің киесі одан бетер. Одан оң заряд та, теріс заряд та та­ралуы заңды құбылыс. Жаратушының пәр­­мені солай. Биылғы жылы 12 мамыр­да, көзі тірі болғанда, сексен жасқа келер Әнуар(бек) Тұрлыбекұлы Әлім­жанов туралы айтар ой да осы тезистер төңі­регі­нен шықса керек-ті. Ең алдымен, оның орны көзі тірісінде де бөлек, оқшау еді. Қазір тіпті ойсырап тұр. Мына сылдыры көп заманда Әнуардың көсемсөзін елі-жұрты іздеуде, бітімі бөлек үнін сағына еске алуда. Ә.Әлімжановтың прозасын, жол-сапар очерктерін, эсселерін, сөйлеген сөздерін оқып отырғанда, сол заман қан тамы­рының бүлкілін, замана ағысын байқаған­дай бола­­сың. Сонымен қатар оның шы­ғар­малары келешекті де меңзеген, күнге де бет алған. Ол бір шығармасында, алпы­сыншы жыл­дар­дың басында “Литератур­ная газета­ның” тілшісі ретінде М.Әуезов­пен сапарлас бо­лып, сол кезегі Сталина­бадқа (Душан­бе­ге) Ташкент арқылы ұшқандарын баяндай­ды. Ұшақтары өзбек ағайындардың бас қала­сы­на кешігіп келіп, тәжік астана­сына аттанар көліктің ұзап кеткенінің куәсі бола­ды. Мұхаң сол жерде қабағына кірбің ұя­лап, қырсық дүниеге наразылы­ғын, бойын­дағы ауру-сырқауын тізе бастайды. Әнуар ағамыз жалма-жан өзбек әріптестеріне хабарласа қояды, екі өкпелерін қолдарына алып Камил Яшен, Ғафур Ғұлам бастаған өзбек жазушылары құрақ ұшып жетеді. Бірер минуттан соң республика басшы­лары­ның бірі – Шараф Рашидов те әуежай басы­нан табылады. Әуежай залы енді көңілді отырысқа ұласады. Өзбек үкіметі Қазақ­стан делега­ция­сына арнайы ұшақ бөліп, бұлар Сталинабадтағы жазушылар­дың халықара­лық жиынына бабымен, базарлы аттанады. Осы жерде айтпай кетпеске болмайтын тағы бір факті бар. Кейін Ленин­дік сый­лыққа ұсынылған шы­ғар­малардың қата­рында Шараф Раши­дов­тың революция тақы­рыбына арналған романы да болған, сондықтан саяси қайраткер Мұхаңды көп жағаласа керек. Бірақ дана­гөй қазақтың бүйрегі Шыңғыс Айтматов­қа бұрып, жас прозаиктің кандидатурасы өтіп кетіпті. Қазақстандағы әдеби ортаға сіңісу Әнуар сынды тұлғаларға да оңайға соқпа­ған. Жазушылар одағы ол кезде Пролетар көшесінде. Одақ басқар­масының төрағасы – Ғабиден Мұстафин, жауапты хатшысы – Сейітжан Омаров. Өзінің айтуынша, кезекті бір жиында “Литературная газета­ның” тілшісі болатындай бұл кім өзі, бұның әлеует­ті қолдаушысы бар, үлкен жерде тіреушісі бар шығар деген көңілге келерлік сөз айтылады. Ол сөйлеушіні Сәбит Мұқа­нов, Мұхтар Әуезов қолдаған­дай сыңай танытады... Осы жағдайдан кейін жас әдебиетші басқа республикаға кетуге мәжбүр болады. Екі айдай Украи­нада “Литгазета­ның” тілшісі міндетін атқарады. Жасы кіші қызметкерлерімен үнемі “сынок” деп сөйле­сетін тамаша ғалым, әдебиет сыншысы, газеттің бас редакторы, байырғы орыс зиялысы Б.Рюриков бірде телефон соғып: – Ұлым, сені “Москва” қонақүйінде Әуезов күтіп отыр. Киевтен Мәскеуге жылдам жет, – дейді. “Мен мейманханаға келіп, нөмірдің есігін қақсам, Мұхаң бөлмесінде екен Бір­сыпыра әңгімелестік, өзінің бұрынғы сту­денті екенімді, фольклордан бізден зачет алғанымды айтып бердім. М.Әуезов оты­рып: “Сен, шырағым, елге орал”, – деді. Ел­ге қайттым. “Литературная газета­ның” Қазақстан және Орта Азия бойынша тіл­шісі жұмысына кірісіп кеттім. Газет ол уақыт­­та Ташкентте басылып шығатын, енді Алматыда да басыла бастады. Өзбек аға­йындар: “Орта Азияның орталығы Таш­кент шаһары, сондықтан газет тілшісі біз­дің қала­да тұруы керек, осында келсін”, – де­ген тілек айта бастады. Тіпті пәтер кілтін қолыма ұстатқан кездері де болды”, – деп еске алады жазушы сол кезде бастан өткен оқиғаларын. Айтқандайын, “Литера­турная газетаның” тілшілігіне Әнекеңнен бұрын Мәскеуге Т.Жароков, Қ.Сатыбал­дин, Х.Ер­ғалиев, Д.Снегин, Л.Криво­щеков, Т.Әлім­құлов шақыртылып, сынақ­тан өтіп көріпті. М.Әуезов Әнуар Әлімжановтың “Күнге бет алған керуен” повесіне жазған алғы­сөзінде қос тілді және орыс тілді қаламгер­лер шығармашылығына қысқаша шолу жасап кеткені белгілі. Бауыржан Момыш­ұлы, Сейдбейли, Шыңғыс Айтматов сынды екі тілде бірдей қалам тербейтін әдебиет­шілерге бұрын күдікпен қараушы едім, енді ол пікірімнен қайттым дей келе, тек қана орыс тілінде жазатын Әнуар Әлімжановтың, Олжас Сүлейменовтің есімдерін атап өтеді. Ана тілін мүлтіксіз білсе де, оқырман қауым­ға тек орыс тілінде шығып жүрген жас Әнуардың шығармашылығына қолдау көрсетеді. Елдік, ұлттық игіліктерді одақтық аренаға шығару, әлемдік кеңістікке жедел жеткізу үшін осындай жолға түскен дегенді емеуірінімен танытады. Шындығын айту керек, “Литературная газетада” қызмет атқарып жүрген кезде ол досым көп деп ойлады, жатым жоқ деген қағидат ұстанды. Халықаралық жиын­дарда бір кісінің балаларындай бірін-бірі қолтықтай, бір-біріне жылыұшырай қарап түскен қазақ қаламгерлерінің суреттерін көргенде, нағыз идиллияны, сүттей ұйы­ған тіршілікті көз алдыңа елестетесіз... Кейін талайлардың тайқып кеткенін, тасада тұрып оқ атқанын көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Не керек, бәріне уақыт сыншы. Әнуар аға­мызды да сүттен ақ, судан таза дей алмас­пыз. Онда да пенде­шілік болған шығар. Кейін “Қазақ әде­биеті” басылы­мының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы­ның бірінші хатшысы қызметін атқарып жүрген жылдары ол бұрынғы ұстанымы мен ұғымына тіршілік ұсынған өзгеріс енгізгені байқалады. Күресетіндермен күресті, тіресетіндермен тіресті. Әсіресе Орталық комитеттегі ірі функционермен шайқасы ұзаққа созылды. Осы арпалыста Әнуар Тұрлыбекұлы тактикалық жеңіліс тапты. Сол заманның реализмі мен образы жазушы Б.Тілегеновтің “Тұйық өмірдің құпия­сы” атты беллетристикалық туынды­сында жан-жақты баяндалған. Кейінірек Әнекең ұлы ұстаз М.Әуезовпен кездесуін, өзіне сонау 1961 жылдың көктемінде айтқан ақыл-кеңесін бармағын тістей талай еске алған да шығар: “– Сені осы жаңа повесть жазып бітірді дей ме. Әкеп тастарсың. Екі күннен кейін телефон соғып, шақырып алды. Қақпаның алдында күтіп тұр екен. Кабинетіне алып кірді. Күлімдей тұрып мәшіңкеге басылған бірнеше парақты қолыма ұстатты. – Мынау сенің повесіңе арналған алғысөздің екінші данасы. Бірінші дана­сын баспаға беріп жібердім. Аяқ алысың жаман емес. Повесің шымыр. Жамағатқа керек, – деді ол. Қатты толқыдым, тілім таңдайыма жабысып қалғандай. Парақтарды алып есікке беттедім. – Қайда барасың? Жақ ашпадың ғой? – деді ол. Рахметтің орнына мен: “қара бақыр да жоқ еді, аяқ астынан алтынға жолықтым”, – сияқты бірдеңе деген болуым керек. Ол күліп жіберді де, қолын иығыма артып шарбаққа дейін шығарып салды. Сәл-пәл аялдады. Қызуы мол, жалпақ алақанымен арқамнан аялай қақты. – Іркілме, бетіңнен жарылқасын, алдың ашық болсын! Әдебиет тек білім мен еңбек қана емес, сонымен қабат күрес. Достарың да көп болар, жауларың да аз болмас”. Ол қолына тиген билікті қара басы­ның қамы үшін емес, жазушылардың игіл­ігіне, халық санасын кемелдендіруге сарқа жұм­сады. Кезінде Ә. Әлімжанов: “қазақ қоғамы үшін ағарту дәуірі әлі аяқталған жоқ”, – деген тезисті ауызша да, жазбаша да жиі қайталайтын. “Ағарту” сөзінің мағынасы орысшадағы “про­свеще­ние­ден” анағұрлым кең, анағұрлым мағыналы деп ақсия күле­тін. Әттең, орыс тілінде жазғанда “ағар­туды” пайдалана алмаймын, әйтпесе сана­ны да, жүректі де тазар­татын кез келді емес пе? Осы пікірлердің футурологияға да қаты­сы барлығын жазушы сезген де болар-ау. Ә.Әлімжанов қазақты жүзге, руға бөліп көрген емес. Ол классикалық үлгіге айнал­ған қаламгерлерге де әділ бағасын беретін, ешқашан бірінің алдына бірін салуды, біреуінің айдынын екіншісінен ерекше асыруды көздеген емес. Көңілінде кірбің болса, ол “Олар қатарласа қадам басқан” мақаласында: “С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтердің еңбегі тар жол, тайғақ кешуде біздің зиялылардың көшін бастап, тарихтың қатерлі өткелдерінен өткізуінен көрінеді”, – деп жазар ма еді. Бір ойды бір ой түртпектейді. “Пара­сат” журналының бас редакторы, белгілі жазушы Б.Нұржекеұлының тапсырмасы­мен мен Әнуар Әлімжановтан осыдан дәл жиырма жыл бұрын сұхбат алғаным бар. Сол әңгі­менің кей тұсын осы жерде қаз-қал­пында келтіре кетуді жөн көріп отырмын: “К. Қ.: Аға, осыдан кейін Қазақстан­дағы желтоқсан оқиғалары неге еске түспесін. Сіздің “Литературная газета­дағы”, “Дружба народов” журналындағы мақалаларыңыз неге ойға оралмасын! Ә. Ә.: Сол желтоқсан оқиғалары күн­дері маған Мәскеуден бір жолда­сым хабарласып: “Сен не қарап отырсың? Еліміздің басты газетінде “Разгул на­ционализма в Казахстане” деген көлемді мақала дайындалып жатыр”, – деді. Шындығын айтсам, соның алдын алу керек сияқты көрінді. Түнімен отырып материалды дайындап шықтым да, телетайп арқылы “Литературная газетаға” жібердім. Мақала қаңтардың 1-і күні жарық көрді. Оның әрбір жолы Мәскеу­дегі ең жоғарғы орындарда мұқият қара­лып, сонан кейін теруге жіберілгенін айта кетейін. Міне осы мысалдан-ақ саяси басшылықтың сол кездегі жұмыс стилінің сиқын анық аңғаруға болады. Материал жарияланысымен қазақ жігіттері де, орыс жігіттері де телефон ар­қылы талай қоқан-лоққы жасады. Қойшы оны, мәселе онда емес. Француз, араб ел­дері, Марокконың газеттері жария­ла­нымды жоғары бағалап, империялық жуан жұдырықты айыптап­ты. Яғни халықаралық резонансқа осылайша жол ашылды деген сөз... Енді мына бір фактіге көңіл аудара кетейін. Алматыдағы оқиғаны тексеруге мәскеудегілер, осында жұмыс істеп жүр­ген кезінде моральға жат қылығы үшін жұмыстан қуылған, кейінірек саяси бюро­ның мүшесі, СОКП Орталық Комитеті жанындағы Партиялық бақылау комитеті­нің төрағасына дейін өскен М.Соло­менцевті жіберген” Өз туған ауылының көзі дей ме, әлде ертеде дүние салған әкемнің шапағаты ма, әйтеуір, Әнекең де, Флюра жеңгеміз де мені жылы жүзбен қарсы алатын. Күндердің күні үйіне және ат ізін салғанымда, студенттік шағындағы бір суретті көрсетті. Он бес шақты жастың отырғаны бар, тұрғаны бар. Көңілді, шат-шадыман топ. Екінші қатардағы Әнуар аға бірінші қатарда отырған шикіл сарының басына аяғын іліп қойыпты. “Сталиндік стипендиат”, – деді маған қарап. Осындайлардың кесірі талайға тигенін де біразға дейін баяндады. Сөзден сөз шыға келе, Қазақ университетін іркес-тіркес бітірген Анатолий Иванов, Николай Кузьминдердің аттары аталды. Оларға өкпесі қара қазандай екенін жасырмады. Екеуі де Қазақстанда туып, қазақ жерінің нанын жеп жетілсе де, біздің халық, біздің ел туралы жұмған ауыздарын ашпайды, ашса да – сол баяғы шовинистік пиғыл, им­перия­лық өркөкіректік. Түркі мәдениеті, қазақ өркениеті туралы бір мысқал түсінігі болмаса да, астамси, адамси, мардымси ма­териал жазады деп ашына сөйледі. Байқа­саңыз, А. Иванов басқарып отырған “Моло­дая гвардия” журналының 1989 жылы 7- 8 сандарында шыққан “От войны до войны” жазбаларын шолып шыққаныңызда, Әнекең сөзінің растығына көзіңіз әбден жетеді. Сондай солақай сындарға қайыспай төтеп берген, “Комсомольская правда” басылы­­мын­да жедел жауап қайтарып, әлгілердің бетін қайтарып, оңдырмай тойтарып тастаған Ә.Әлімжановтарды қазақтың бағына берген-ау деген ой түйесің. “Литературная газета”, “Правда” газет­терінің тілшісі болып жүрген кезде қазақ жұмысшы табының ролі, олардың үлес салмағын көбейту мәселесіне арнап Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитеті­нің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтан Ә.Әлім­жанов бірнеше рет сұхбат алды. Ол кезде Димекең саяси бюроға кандидат та, мүше де емес еді. Шетелдік журналистикадан хабары мол қаламгер республика экономикасы, әлеуметтік жағдайы, әдебиеті мен мәде­ниетінің одақтық басылымдарда имиджін қалыптастырды. “Правда” газетінде ұлттық жұмысшы табын орнықтыру және кемел­дендіру туралы сол кездегі ел басшысының мақаласын дайындап берді. Жазушы Қазақстан әлеуеті, қазақ мәде­ниеті үшін Үндістан бағытының аса маңыз­ды екенін ерте ұқты, осы ретте ол М.Әуезов дәстүрін бірден-бір ілгерілете дамытқан, ой-парасат желісін жалғас­тырған дарынды шәкірт бола білді. Бірде Үндістан сапары туралы қызықты әңгіме­лерін бастамас бұрын маған кішкентай қалайы құтыдағы сары дәріні көрсетті. Үндістанда қатты ауырғанымда осы дәрі жанымды алып қалды. Ағылшындардың дәрмегі деп маған искетіп те көрсетті. Иісі ашыған айрандай ашқылтым еді. Аяқталмаған “Таным” рома­нын оқып отырғанда, Бабыр шығармашы­лығын зерттегенімде осы эпизод менің есіме қайта-қайта түсе берді. Ол мықты стратег еді. Өркениет бета­лы­сы, қоғам қадамы туралы болжамдық сарын­дағы талдамалық, зерттеушілік мақа­ла­лары мен сөйлеген сөздерінен ұлт болашағына деген жанашырлықты, аса бір алаңдаушылықты аңғаруға болар еді. Ол әл-Фараби үшін жанын шүберекке түйіп арпалысты, көрші ағайындармен тайталас өршіп тұрған кезде одақтық “Литературная газетада” Отырардан шыққан данышпан туралы оқиғаның алдын алар мақала жариялады. Ол өз ойын Өзбекстанда шығатын “Правда Востока” газетіне дейін бастырды. Бұл шаруаға тәжік достарын – атақты ғалым Б. Ғафуровты, Лениндік сыйлықтың лауреаты Мирзо Тұрсынзадені, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мумин Каноатты да араластырды. Қазақ­стан басшылығына жаңа ғимаратқа көшкен орталық кітапханаға әл-Фарабидің атын берейік деп ұсыныс айтқан да Ә.Әлімжанов болатын. Жүрегі қазағым, шығыс мәдениеті деп соққан қаламгердің ұлы бабамыз Әбунасыр әл-Фарабиді қазақ топырағына алып келуге осылайша нақты үлес қосқан­дардың алдыңғы легінде жүр­генін қазіргі жұрт, неге екенін білмей­мін, ұмыта баста­ды. Ол Мұрат Әуезов, Болатхан Тай­жан секілді дарынды жастарға әл-Фараби дүниетанымы туралы соны пікірлі еңбек жаздыруға мұрындық та болды. Амал не, әне-міне оқырмандар қолына тиейін деп тұрған бұл туынды коммунистік цензура­ның пышағына ілініп кетті. Осы арада Кеңес одағы кезінде алынған әлгінде аталған сұхбаттан және бір үзінді келтіре кетейін: “К. Қ.: Жат жұрттан топырақ бұйыр­ған қазақтың басы да, аяғы да Әбунасыр әл-Фараби емес шығар. Ертеректе Сіз жаз­ған “Ата мекенсіз адам” әңгімесінің кейіпкері дүниеде бар жандай көрінеді маған. Ә.Ә.: Ол кезде басқаша атау да, жазу да мүмкін емес. 1959 жылы Венада Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалі өтті. Делегациямыздың құрамында Алексей Аджубей, Роберт Рождественский, Дмитрий Павлычко, Сүйінбай Эралиев, Мұрад Қажлаев бар болатын. Әңгімеге кейіпкер болған адам маған сол Венада жолығып, әңгімелескен-ді. Ол соғыста тұтқынға түсіп, содан жат елде қалып қойған талантты қазақ ақыны Мәжит Айтбаев еді. Фес­тивальге Мюнхеннен арнайы келген екен. Абылай хан туралы тамаша поэмасы бар оның. Қайран ақын осы күні дүние салып­ты. Түркияның қазақтары оның әдеби мұрасын жинастырып бастырғалы жатыр деген жақсы хабар естимін. Сол Венадағы фестивальде Иоганн Штраустың немересі басқарған симфо­ниялық оркестрдің концертінде бірінші скрипкада Түрікоглы деген адам ойнады. Ол бүркеншік аттың иесі де қазақ екенін маған Мәжит Айтбаев айтқан. Асқан қазақ виртуозы да бұл дүниеден өтіпті қиялданып”. ­Осы сұхбаттан кейін мен де қырық ой­ла­нып, қырық толғандым. Биыл 110-жыл­дығын атап өтіп отырған ұлы тұлға Сәбит ағамыз да тегін адам болмаған-ау, сірә. Ол кісінің “Ботагөзіндегі”, “Мөлдір ма­хаб­­батындағы”, Ғ.­Мұстафиннің “Дауылдан кейін” романындағы Алаш ардақтылары­ның “жағымсыз” образдары ең болмаса сол райда тарихта сақталып қалсын, ертең есті ұрпақ есік қағар, арыстарын аршып алар деген арғыны көздеген текті ойдан туындаған шығар деген тоқтамға келдім. Деректі дерек түгендейді. Жоғарыда аты аталған арғы тегі поляк, дарынды орыс ақыны Роберт Рождественский мен Александр Блоктардың беделі ойда-жоқта алдымнан кес-кестерін қайдан білейін. Жазушылар одағының барынан мені бір-екі рет көріп қалған Әнекең кабинетіне шақырып алып: – Саған Азия-Африка жазушылары­ның V форумына қатыссын деп билет жаздырып қойдым. Тәлім-тәрбие ал, сырттан да дос көбейткен, өріс кеңейткен жақсы. Сенің осындағы достарың көп сияқты. Көп болғаны жақсы ғой. Ал, сен тектілер поэзиясының соңғы тұяғы Блоктың “Друзьям” деген өлеңін оқыдың ба? Онда мынадай жолдар бар, ұғып ал: Друг другу мы тайно враждебны, Завистливы, глухи, чужды, А как бы жить и работать, Не зная извечной вражды. Что делать! Ведь каждый старался Свой собственный дом отравить, Все стены пропитаны ядом, И негде главы преклонить, – деп әрі қарай жалғастырып әкетті. – Өзің білесің, менің Роберт Рождественский деген досым бар. Сол екеуміз ертеректе Прагада іссапарда болдық. Ондағы кейбір мейманханаларда балкон деген атымен болмайды, терезелері балконның есігіндей далиып жатыр. Бірде Робик темекі тартамын деп, Мәскеудегі әдетімен есіктен шыға берді. Екінші қабат­тан жерге құлап түсті, аяғы сынды. Қызулық та бар. Әйтеуір, Құдай сақтады, әйтпесе дарынды ақыннан айрылып қалар едік. Өзіміздің Мұқағали Мақатаевты елдің бәрі біледі. Музасы құдыретті, қайталанбас дарын. Бірақ шегесі бостау. Тайлақтай тай­раңдап, көрінгенге ілесіп кете береді. Мен оны керемет жақсы көремін, мына ұйықтан құтқару үшін шалғайға, Мәскеуге, әдебиет институтына оқуға жібердім. Не пайда? Қайтып келді, – деді мұңын шақ­қан­дай. – Мәскеуде іссапарда жүргенім­де осындағы әпербақандар Мұқали мен Тоқашты, бір-екі орыс ақынын Жазушылар одағынан шығарып жіберіпті. Үш айдан кейін барлығын қайтадан қалпына келтірдім. Өнер адамының алай-пұлайын кешіре салудан дәнеңең кетпейді. Осы күні осы туралы әртүрлі алып­қаш­па, сыпсың әңгімелер қаптап кетті. Оның бәрі отбасы, ошақ қасының өсек-аяңы. “Парасат” журналының әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі қыз­метін атқарып жүрген кезімде тағы да бас редакторымыз Бексұлтан Нұржекеұлының тапсыруымен осы мәселені архивке барып тексергенім бар. Көшірмелері Бекеңнің де, менің де қолымда. Жазушылар одағы басқармасының сол отырысына Ә.Әлім­жанов қатыспаған, оның қолы да жоқ. Қаулыға қол қойған сол кездегі қатардағы хатшылардың бірі. Ә.Әлімжанов Қазақстан Жазушылар одағы басшылығынан кеткеннен кейін де Мұқағалиды көзінен таса қылған емес. Оның өлеңдері Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған кезде “Казах­станская правда” газетіне “Ақын арманы” деген көлемді мақала жазды, оның қай­таланбас дарын екенін орыс жұртшылы­ғына, орыс тілді қазақтарға жариялады, Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық тұлға деп білді. Бірақ, бірақ... Амал не, сол жолы Мұқағали Мақатаев шығармашы­лығы лайықты бағаланбай қалды. Кеңес одағы әдебиетшілерінің бас басылымы “Литературная газетаның”, сол кездегі елдің идеологиялық бас дауысы сана­латын “Правда” газетінің Қазақстан бойын­ша меншікті тілшісі қызметін атқара жүріп, ол әлемнің көптеген мем­лекетін аралады, алпысыншы жыл­дар­дың елең-алаңында Африка құрлығында басталған жаппай отарсыздану үдерісін көзімен көрді, батыс елдері­нің материал­дық және рухани қысым­шылығына қарсы бас көтерген халықтың көсемдерімен жақын танысты. Қазақтың халықаралық журналистикасы­ның шынайы бастаушы­сы болған Әнуар Тұрлы­бекұлы Кения халқының көшбас­шысы Джома Кениата (Уильям Дюбуа) туралы “Алау­лаған Найза” деген деректі повесть жазды. Оқи­ға­ның дәп өзіндей жалын атқан туын­дының осы күнге дейінгі көкейтесті­лігіне (іргедегі елдегі екі дүрбе­лең­нен кейін) таңқалмасқа лажың жоқ. Публицист заман ағымына қарай былай толғанады: “Ол көсем. Көсемдер өз еркімен өрі­сін тастап кеткен емес. Оны өмір дәлелдеп берді. Оларды ауыстырады. Орнынан тайдырады. Көсемнің кез келген мүлтігі, кез келген қателігі халқы үшін де, өзі үшін де қатерлі”. Қарлығаш атты кішкентай қазақ ауылында туып-өскен Ә.Әлімжановтың әдеби кейіпкерлері қаншама эрудит, азуын айға білеген дөй қайраткер болса да, жеті жұрттың өркениетін өрімдеп шықса да туған жеріне, қарлығаштай ұясына қайтып оралып отырады. Оның шығармаларының концепциясы да, композициясы да туған ауылының, қазақ топырағының кіндігіне байланған. Осы ретте “Синие горы” (1964); “Сувенир из Отрара” (1966), “Мост Карасункара” (1966) сияқты повестерін есімізге түсірсек те жеткілікті. Ол 1969 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторлығына тағайындал­ды. 1970 жылдан 1979-ға дейін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірін­ші хатшысы қыз­метін абыроймен атқар­ды. Осы тұста қазақ жазушылары­ның шет елдермен байла­нысы жолға қойылды. Сол жылдардың тәт­ті­сі мен тауқыметі туралы жазушы Беке­жан Тілегенов “Тұйық өмір­дің құпиясы” ро­ман-эссесінде тар­тымды баяндап берген-ді. Қазақстан Жазушылар одағы, КСРО Жазушылар одағындағы қат-қабат ұйым­дас­тыру жұмыстарымен жүрген қалам­гер шығармашылықтан да қол үзген емес. “Стрела Махамбета” (1969), “Гонец” (1974), “Возвращение учителя” (1979) тарихи романдары бірінен соң бірі дүниеге келіп жатты. Рухани, идеоло­гиялық қыспақтың дәртесінде жүріп-ақ ол ақ алмас ақын Махам­бет өлімі туралы: “ – Барлығыңды әбілет бассын, барлығыңа нағылет жау­сын... Оны мерт қылған кәпір­лер емес, сен­дерсіңдер, өздеріңсің­дер”, – дей алды. 1991 жылы ол ұлы қазақтың бірі – Мұс­тафа Шоқайды ақтап алу үшін Мәскеудегі “Друж­ба народов” журналына көлемді мақала жариялады. Айтыс-тартысқа тағы да білек сыбана кірісіп кетті. 1989 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаевтар­мен бірге Жаңаөзендегі толқуларға ара ағайын­дық жасап, басу айтып қайтты. Сол жыл­дың 17-19 шіл­десінде Семейде өткен “Се­мей қаласы және Семей облысының эколо­гиялық ахуалы және халқының денсаулы­ғы” атты халықаралық конферен­цияға қатысып, бет бақтырмай, шаптығып тұрған по­лигон басшысы генерал-лейтенант А.Ильен­ко­ға: “Маршалдың бұйрығы бір басқа, халықтың талап-тілегінің жөні бір басқа. Сіз қазір халықтың алдында тұрсыз”, – деп отты сөзбен осып-осып жібер­ген де Әнуар Әлімжанов еді. Кейінірек Ұлы­британияның Қауымдар палатасына осы мәселеге бай­ланысты нақты дерек түсіріп, бірінші дауыс көтерген, халықаралық дүмпу туғызған да қазақ азаматы Әнуар Әлім­жанов болатын. Әнуар Тұрлыбекұлы өнегелі сөзімен де, нақты ісімен де туған халқына аянбай қыз­мет етті. Өзінің бар күш-жігерін, беделін жұмсап 1973 жылы Алматыға әкеліп өткізген Азия-Африка жазушы­лары­ның V конференциясы түйсігі бар қазақ ойшыл­дарына үлкен ғибрат қалдыр­ды, отаршыл­дықтан құтылған елдер тыны­сы, азат пікірлі қаламгерлер шығармалары қазақ әдеби кеңістігіне кеңінен тарады. Ел ояна бастады. Шына­йы азаттықты аңсаған, ұзағынан ойлап-толғанатын арлы азамат жазушының басты идеясы да сол еді. Қаламгерлік еңбегі үшін Ә.Әлімжанов Қазақстан комсомолы сыйлығына, Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына, Джавахарлал Неру атындағы халықаралық сыйлыққа, халықаралық “Лотос” сыйлығына, Агостиньо Нето атын­дағы халықаралық сыйлыққа ие болды. 1991 жылы 26 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Республикалар палатасы­ның төрағасы, кешегі “халық жауының” ұлы Әнуар Тұрлыбекұлы КСРО-ның ха­лы­қара­лық субъект ретінде құқығы жойыл­­ғандығы туралы декларацияға қол қойды. Ұлы адам да – пенде, жаза басады, мүлт кетеді, мүдіріп те қалады. Расы, тіршілік иесі, адам баласы қалай құбылса да уақыт атты тажалға тәуелді. Сондықтан Әнуар ағамыз өз шығармасында сөгіле де егіле жазғандай: “О, Время, Время – священный судья! Скажи, что ждет нас Завтра?” – дейміз де... Кәкен ҚАМЗИН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті.