Алматыны қалпына келтіру жұмыстары аясында 203 кәсіпкерлік нысан тексеріліп, оның ішінде үш шағын және орта бизнес (ШОБ) нысанын күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі анықталды.
Бүлінген нысандар түгенделді
Қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда қалпына келтіруді қажет ететін 243 нысан анықталды. Оның 27-сі – мемлекеттік мекемелердің ғимараттары, 216-сы – ШОБ нысандары. Кәсіпкерлерге тиесілі 216 нысанның 206-сы тексерілсе, оның ішінде үш нысанға, яғни Жетісу ауданындағы «Мерей» СҮ қойма ғимараты, Бостандық ауданындағы «Мир 24» ТРК, Әуезов ауданындағы Das Auto Service ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу қажет. Бұл нысандардың құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны анықталады. Бұдан бөлек есік-терезелері қираған 203 нысан ағымдағы жөндеуді қажет етеді, оның 8-і меншік иелерінің өз қаражаты есебінен қалпына келтірілді. 127 нысан бойынша алдын ала шығын сомасы 56 млн теңгені құрайды.
«Аккредиттелген ұйымдар техникалық тексеру, ақаулы актілер мен сметалық есептерді дайындау жұмыстарын жүргізіп отыр. 10 нысанда тексеру жүргізіп, рұқсат алу үшін меншік иелері іздестіріліп жатыр», деді қала әкімнің орынбасары.
Бұдан бөлек энергия тиімділігін басқаруға қатысты Медеу ауданындағы иесіз желілерді реконструк-
циялау, «Тұздыбастау», «Каскад», «Алмагүл» қосалқы стансаларының құрылысы, ЮРК қазандығын реконструкциялау, «Қарғалы» су қабылдағышының құрылысы, «Премьера» ТК қазандығын кеңейту мен Ақжар шағын ауданындағы желілерді салуда құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны қайта жасалды. 19 нысан қысқы кезеңге тоқтатылды. Сондай-ақ жеке құрылыс салушылардың барлық 143 нысанында құрылыс-монтаждау жұмыстары қайта жанданды.
Азық-түлік тапшылығы жоқ
Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында мегаполисті азық-түлікпен қамтамасыз етудің жай-жапсарын жеткізді.
«Бүгінде Алматының барлық азық-түлік кәсіпорындарының қызметі қалпына келтірілді, өнімдерді жеткізу барлық ірі және орта супермаркеттерге, «үй жанындағы» дүкендерге, сондай-ақ базарларға штаттық режімде жүргізілуде. Қалада 144 ірі және орта супермаркет, 3,5 мыңнан астам «үй жанында» дүкені, 26 азық-түлік базары жұмыс істейді. Жалпы, қалада қалалық және өңірлік өндірушілерден азық-түлік өнімдерін жеткізу және сату жолға қойылған, бірінші кезекте қажетті өнім тапшылығы байқалмайды», деді Е.Оразалин.
Әлеуметтік нан қажеттілігін қаланың нан пісіру кәсіпорындары – «Ақсай нан» НТК» ЖШС, «Баширов» ЖК, «Рузи Нан» ЖШС, «Алматынан ХБК» ЖШС және «ДариНан» ЖШС толық қамтамасыз етеді. Сүт өнімдерінің жалпы қажеттілігінің 20,5%-ын «Агропродукт» компаниялар тобы мен «Маслодел» ЖШС жабады. Қалған 79,5%-ын Алматы облысының өндірушілері жеткізеді. Қаланың күнбағыс майына деген қажеттілігінің жартысын жергілікті май зауыттары – «Евразиан Фудс Корпорэйшн» АҚ, «Масло-Дел» ЖШС және «ЭФКО Алматы» ЖШС қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы, Ресей өндірушілерінің өнімдері бар (5%). Көкөністер Алматыға Павлодар, Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан жеткізіледі. Қаланы ет өнімдерімен және жұмыртқалармен Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарының кәсіпорындары қамтамасыз етеді. Ұн, жарма, қант, тұз сияқты бакалея тауарлары Қостанай, Алматы, Жамбыл, Ақмола, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарынан келіп жатыр.
АЛМАТЫ