Кеше Астанада абайсызда Есілдегі мұздың астына түсіп кеткен екі бала құтқарылды. Ағайынды Алдаберген және Құдайберген Бектановтар сағат 11:00 шамасында «Алатау» спорт кешенінде өткен дзюдо жаттығуынан шыққан екен.
Екі бала ойнап келе жатып Есіл өзеніне сырғанай жөнеледі. Сол бойы ойылған мұздың астына күмп береді. Олардың көмекке шақырып үлгерген дауыстарын естіп қалған екі жас жігіт бірден өзен арнасына қарай құстай ұшады. Олар суға батып бара жатқан балаларды сыртқа тартып алады. Ал ағайынды балақайларды ажалдың тырнағынан аман алып қалған Мақсат Бейісов пен Досхан Мұса-Намаз Ішкі істер министрлігі Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің қызметкерлері болып шықты.
Суға кетіп қала жаздаған балаларға сосын «Алатау» кешенінде алғашқы көмек көрсетілген. «Дәрігерлер бізге де көмектесті. Екі баланың жағдайы қазір жақсы. Әке-шешесі келді. Бәрі ойдағыдай», деді құтқарушылар.
Балалардың әкесі Толқын Бектановтың айтуынша, жұмыста жүргенінде жаттықтырушылар хабарласып, балалардың суға түсіп кеткенін жеткізген. Оқиға орнына бірден жеткен ол балаларын құтқарып алған жігіттерге алғысын жаудырды.
Руслан ИГІЛІК.