Қазақстандық жеке тұлғалар 2021 жылы ақша аударымдарының жүйесі көмегімен шет мемлекеттерге қаржы аударған. Қаңтар-қараша аралығында сыртқа жіберілген қаржы көлемі – 921,3 млрд теңге. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,2 пайызға көп.
Ал шетелдерден келген ақша қаражатының көлемі – 256,2 млрд теңге. 2020 жылдың қаңтар-қарашасы аралығында келген ақша көлемінен 0,8 пайызға төмен. Сонда шетке шыққан ақша сырттан келген ақша көлемінен 4 есе көп екенін байқауға болады. Қазақстаннан аударылған ақшаның ең көп үлесі Өзбекстанға (278,5 млрд теңге) тиесілі. Мұндай деректі Ranking мәлімдейді. Одан кейінгі орындарда Түркия (189,2 млрд теңге), Ресей (162,1 млрд теңге) елдері. Ал Қазақстанға жіберілген ақша көлемі тұрғысынан Ресей (48,7 млрд теңге) көш бастайды. Одан кейін Өзбекстан (44,5 млрд теңге) мен Оңтүстік Корея (36,2 млрд теңге) орналасқан.
Ақшаның сыртқа үлкен қарқынмен шығуы аса жақсы құбылыс емес. Қазірдің өзінде тек жеке тұлғалардың шекара асқан қаражатының көлемі 1 трлн теңге межесіне таяп қалған. Дәл осы мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып, капитал ағынын тежеуге тапсырма берген еді.
«Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты жекелеген қаржылық және өнеркәсіптік топтардың капиталын шетелге, оның ішінде жалған мәмілелер жасау арқылы шығару қаупі жоғары. Біз қазірдің өзінде жекелеген тұлғалардың шоттарындағы қозғалыстарды анықтадық. Ұлттық банкке Қаржы нарығын қадағалау және мониторингтеу агенттіктерімен бірлесе отырып елден қаражатты негізсіз шығарып жатқан тұлғалар мен барлық транзакцияларға нақты тексеріс пен бақылау жасауды тапсырамын», деген еді Президент Мәжіліс отырысында.
Былтыр шетке жіберілген қаражаттың 80 пайызы «Золотая Корона» төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылыпты: 736,1 млрд теңге. Одан кейін Contact (86,7 млрд тг), Western Union (55,6 млрд тг), «Юнистрим» (28,8 млрд тг) және MoneyGram (10,2 млрд тг) жүйелері орналасқан.
Осы мәселеге орай Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қатаң қадағалау енгізілетінін жариялады.
«Нақты ереже бұзушылық байқалған жағдайда мұндай мәндегі операциялар жедел түрде тоқтатылады. Қабылданған шаралар ақшаны шығаруға қарсы күрестің үздік әлемдік тәжірибесіне негізделген және KYC (know your client) қағидаттарын толығымен жүзеге асырады. Бұл трансшекаралық капитал ағынының ашықтығын қамтамасыз етеді. Сыртқы экономикалық қызметке адал қатысушылардың, оның ішінде резиденттер мен резидент еместердің құқықтары бұзылмайтынын және халықаралық мәмілелерді жүзеге асыруда шектелмейтінін растағым келеді», деді Ерболат Досаев.