Қостанайда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қымбаттауына жол бермеу мақсатында қала әкімдігі мен наубайханалар бірінші сұрыпты нанның бағасын 90 теңгеден асырмау туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Осылайша, өткен аптадан бастап облыс орталығындағы нан зауыттарына тұрақтандыру қорынан арзан ұн бөліне бастады.
Бүгінде өңірдің тұрақтандыру қорында азық-түліктің 14 түрі бойынша 9,9 мың тонна ауылшаруашылық өнімдері сақтаулы тұр. Мұның сыртында, облыс тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтамасыз етуге жауапты «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы азық-түліктің 8 түрі бойынша нарықтағы баға айырмашылығын реттеумен айналысуда.
Аталған корпорацияның мәліметінше, облыс көлемінде тұрақтандыру қорындағы азық-түлік өнімдерін арзан бағамен сататын 200-ге жуық сауда орны бар. Оның 30-дан астамы – Қостанайда. Мысалы, бұл дүкендерде макарон өнімдерінің килосы 188 теңгеден әріге бармайды. Әлеуметтік сауда сөрелерінен бір кило сиыр етін – 1 700, ұнды – 120, тауық етін – 800, күрішті – 230, сары майды 1 800 теңгеден сатып алуға болады. Сондай-ақ сұйық майдың литрі 710 теңге болса, жұмыртқа 39 теңгеге табылады.
Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, бөлшек саудадағы бағаның өсуіне жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, тауар бағасын негізсіз көтеріп жіберген «Rauzet Сауда», «Солнечный», «Астықжан Қостанай», «Меркурий», «Низкоцен», «Особа» сияқты супермаркеттер ескерту түріндегі әкімшілік жазаға тартылды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі облыс департаментінің қызметкерлері ОптТорг Company Plus, Solar Chickens және «Алта XXI век» сияқты көтерме сауда орындарында тауық еті кем дегенде 15%-ға негізсіз қымбаттағанын анықтап отыр. Аталған сауда орындарының бәріне қатаң әкімшілік ескерту берілді.
Бағаны тұрақтандырудың ең тиімді жолдарының бірі – жергілікті кәсіпорындарда өндірілген азық-түлік тауарларының сауда орындарына ешбір делдалсыз тікелей жетуін қамтамасыз ету. Осы орайда, облыстағы тауар өндірушілер мен ірілі-ұсақты дүкендердің арасында нан, сұйық май, жұмыртқа, картоп, қант және көкөніс тауарларын бөлшек сауда сөресіне тікелей жеткізу жөнінде 953 меморандум, 783 шарт жасалғанын айта кеткен жөн.
Қостанай облысы