Солтүстік Қазақстан облысында індет кіргелі 35 517 адам науқастанып, соның 33 246-сы жазылып шықты. Бүгінгі таңда 221 адам емделіп жатыр, ал 861 адам амбулаториялық бақылауда.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, қарашаның ортасынан желтоқсанның аяғына дейін індетке шалдыққан адамдар саны біршама азайған. Инфекциялық ауруханадағы төсектік орынның 17%-ы ғана қамтылды. Алайда мамандар 10 қаңтардан бастап сырқаттанушылар санының күрт өскенін байқап отыр. Өткен аптада ауруханаға түсушілер саны 160-тан 221-ге көбейген. Соның ішінде 11 адамның халі өте ауыр.
Кейінгі аптада науқас жандардың саны алдыңғы аптадан 2 есе, яғни 167-ден 341-ге артқан. Аудандар арасында Айыртау ауданындағы ахуал тіпті күрделі, осы кезеңде онда ауру жұқтырғандар саны 7 есе артты. Облыстағы науқастардың жас шамаларына қарасақ, ауырғандардың арасында 60 жастан асқандар – 20%, 50-59 жас аралығындағылар – 17%, 40-49 жас аралығындағылар – 15% және 19-29 жас аралығындағылар 18%-ды құрап отыр.
Қаңтар айында індет жұқтырған аяғы ауыр әйелдер саны да артқан. Күн сайын орта есеппен осындай 8 әйелдің бойынан КВИ анықталып жатыр. Облыста сырқаттанған жүкті әйелдердің жалпы саны 684 болған еді, соның 661-і емделіп шыққан.
Қаңтардың басында балалар арасында сырқаттанғандар саны 40%-ға дейін азайған еді. 18 қаңтардан бері олардың саны күрт көтеріліп, қазір 135-ке жетіп отыр. Бүгінде тәулігіне 28 балаға дейін індетке ұшырауда.
Өкінішке қарай, осы күнге дейін облыста 456 адам індеттен көз жұмды. Соның 5%-ы вакцинаның толық компонентін алған. Қазір облыста індеттің «Дельта» мен «Омикрон» штамдары қатар жүріп жатыр.
Облыстағы эпидемиялық жағдайды маусымдық тұмау да қоздырып тұр. Осы қыста 17 814 адам тұмауратты. Бұл – әрбір 100 мың адамға 3 105 адамнан келеді деген сөз. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл 34%-ға жоғары.
Індетке қарсы негізгі қару – вакцина. Бүгінге дейін облыс халқының 76,22%-ы немесе 282 576 адам вакцина алды. Соның ішінде 260 788 адам вакцинаның екінші компонентін де салдырды. Бұл тұрғыдан облыс республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда 8-орында тұр. Дегенмен облыстың барлық ауданында вакцина салу қарқыны төмен жағдайда деп айтуға болады. Мысалы, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, Тайынша аудандарында бұл көрсеткіш 12-16 пайыздан аспайды. Халық вакцинаның пайдасын әлі толық мойындамай отыр.
Қазір облысқа Comirnati (Pfizer) вакцинасының 72 540 дозасы жеткізілген. Оның бірінші компоненті 7 836 адамға салынды. Соның ішінде 6 016 балаға, 242 аяғы ауыр әйелге және 1 578 босанған әйелге салынды. Ал екі компонентін де салдырғандар саны – 5 195 адам. Соның ішінде 4 057-сі – балалар.
Облыстың Уәлиханов, Ғ.Мүсірепов және Қызылжар аудандары «қызыл аймақта» тұр. Сондай-ақ №3 емхана, жекеменшік «Денсаулық» емдеу орны – «қызыл аймақта». Ал бұрын «қызыл аймақта» болған Тайынша, Айыртау аудандарында вакцина салу қарқыны артып, шектеу шаралары да жеңілдеді. Қазір Шал ақын, М.Жұмабаев және Тайынша аудандарында халықты вакцинамен қамту жоғары қарқынмен артып келеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Аймановтың айтуынша, вакцина салдыру ауқымы төмен аудандарда ауруханаға түсу коэффициенті де жоғары.
Облыстағы індетпен күресіп жатқан дәрігерлер саны – 131, медбикелер – 337, төменгі санаттағы жұмыскерлер саны – 305 адам. Инфекциялық стационарлар бүгінгі таңда екі айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етілген.
Солтүстік Қазақстан облысы