• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 21 Қаңтар, 2022

Ірі аграрлық компаниялар ауылды дамытуға атсалысуға тиіс

1109 рет
көрсетілді

Кеше Сенат отырысында Премьер-Минис­трге сауал жолдаған сенатор Ақылбек Күрішбаев ауыл тұрғындарын алаңдатқан проблемаларға назар аударды.

Палата депутаттары ауыл мәселесін тұрақты түрде көтеріп жүргенімен, оларды шешу үшін Үкімет тарапынан тиісті шаралар қолға алынбай келеді. Ал ауыл тұрғындары қазір әлеуметтік ең нашар жағдайда қалып отыр. Оның үстіне, олардың көпшілігі статистиканың салыс­тырмалы түрде жақсы көрсеткіштеріне қарамастан «шын мәнінде тіршілік етуге» мәжбүр. «Статистика деректері бойынша ауылдағы жұмыссыздар саны 181 мың адам немесе 4,7 пайыз. Бірақ іс жүзінде жұмыссыздық халықтың бағын ашпас соры болды. Біз еліміздің барлық ауданында ауыл тұрғындары арасында арнайы әлеуметтік сауалдама жүргіздік. Олардың басым көпшілігі жұмыстың жоқтығын «бас­ты мәселе» деп атады. Осы сауалдамада көрсеткендей, ауыл тұрғындарының нақты табысы айына 35 мың теңгені құрайды. Мұндай ақшаға қалай күн көруге болады?», деп сұрады Ақылбек Күрішбаев.

Сенатор жұмыссыздық салдары тағы бір проблеманы туғызып отырғанын айтып, бүгінде ауыл халқының қалаларға кету дина­ми­касының артып отырғанын айтады. «Біз жүргізген әлеуметтік сауалдама нәтижелері көрсеткендей, еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдардан қалаға көшуді қалайды. Әрине, урбандалудың әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны басқару керек қой. Жақын маңдағы ауылдардан бір сәтте халықтың жаппай көші-қоны басталса, қалаларымызда не болмақ? Егер ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін ешкім қалмаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Шекаралас аудандар қалай қорғалмақ?», деді сенатор.

Депутат бұл мәселе еліміз үшін тек экономикалық қана емес, сонымен қатар саяси және стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Сондықтан А.Күрішбаев Үкіметтің ауылдарды дамытуға неге тиісті көңіл бөлмегеніне және сенаторлардың парламенттік тыңдауда берген ұсыныс­тарының негізгі тармақтарын әлі де орындамағанына назар аударды. Депутат ауылды дамытуға ірі ауыл шаруашылығы компаниялары белсенді үлес қосуға тиіс екенін айтты.