22 қаңтардан бастап апта сайын Алматы қаласының 5 ауданында (Алмалы, Медеу, Бостандық, Алатау, Әуезов) сенбі-жексенбі күндері азық-түлік жәрмеңкелері өтеді. Бұл туралы брифинг барысында қала әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қала бойынша азық-түлік тауарларының тапшылығы байқалмайды.
«Ертеңнен бастап апта сайын Алматы қаласының 5 ауданында (Алмалы, Медеу, Бостандық, Алатау, Әуезов) демалыс күнгі азық-түлік жәрмеңкелері қайта басталады. Оған Алматы облысының жақын аудандарынан ауылшаруашылық тауарын өндірушілер, сондай-ақ Алматы қаласының азық-түлік кәсіпорындары қатысады», дейді Мақсат Қиқымов.
Мақсат Қиқымовтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны ұстап тұру бойынша шаралар қабылдау қала әкімдігі жұмысының басым бағыттарының бірі.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік (ӘМАТ) тауарларының бағасын ұстап тұру үшін бірқатар жүйелі және жедел шаралар қабылданады. Қаланың сауда нүктелеріне төмендетілген бағамен тікелей жеткізу үшін ӘМАТ өндірушілерімен 19 меморандум жасалды», деді ол.