Елордада «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлер мен әскери қызметкерлерден құралған мобильді топтар қала көшелерін аралады.
Шара басталғалы 12 мыңнан астам пәтер, сондай-ақ жалдамалы тұрғын үйлер тексерілді.
Сонымен қатар, полицейлер көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтады.
Елорда жолдарында 16 мас жүргізуші ұсталып, көліктер коммуналдық тұраққа қойылды.
Мәселен, кеше түнгі сағат 00.05-те Түркістан-Сығанақ көшелерінің қиылысында полиция полкінің мамандандырылған батальонының қызметкерлері 26 жастағы жүргізуші басқарған ВАЗ көлігін тоқтатты.
Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушіден алкоголь иісі шыққан.
Сараптама қорытындысы бойынша ер адамда жеңіл дәрежелі алкогольдік улану анықталды. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ҚК 608-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Процессуалдық шешімді сот қабылдайды. Көлік қоғамдық көлік тұрағына қойылды.
«Естеріңізге салайық, көлікті мас күйінде басқарғаны үшін тәртіп бұзушылар 15 тәулікке қамауға алынады және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады», деп хабарлады полиция қызметі.