Үстіміздегі жылғы наурыздың 7-нен 8-не қараған түні Куала-Лумпурдан ұшып шыққанына екі сағаттай болған кезде диспетчер радарынан жоқ болып кеткен Boeing 777-200 ұшағы экипаждың немесе жолаушылардың бірінің еркімен алған бағытынан бас тартып, басқа жаққа қарай бұрылып кеткен болуы әбден мүмкін. Бұл туралы Малайзия премьер-министрі Наджиб Разак мәлімдемесіне сілтеме жасаған ҚазТАГ хабарлады.
«Біз ұшақ бортынан жерге мәлімет беріп тұратын жүйенің (ACARS) саналы түрде ажыратылып тасталғанын өте жоғары сеніммен айта аламыз. Мұндай әрекетті борттағы әлдекімдердің алдын ала жоспарларына сай ғана жасауы мүмкін», - деді сенбі күні арнайы өткізген премьер.
Үкімет басшысы әзірге зерттеу жұмыстарының жүріп жатқанына салмақ салып, әуе кемесінің ұрланып кеткені туралы тұжырымды пікір айтқан жоқ.
Спутник және әскери радарлардың мәліметтері бойынша, 370-рейс шынында айтылған уақытта кілт бұрылып, бағытын батыс жаққа қарай түзеген. Шынында тап осындай ақпар тарағаны рас. Бірақ Малайзия билігі күні кешеге оны мойындаған жоқ еді. Енді премьер-министр ұшақты іздестіру жұмыстарының осы бағытта екі болжам бойынша жүргізілетінін айтты. Олардың біріншісі Таиландтан Қазақстанға дейінгі аралықты қамтыса, екіншісі Индонезиядан Үнді мұхитының оңтүстік бөлігіне дейін созылады.
Еске сала кетейік, Малайзия әуе компаниясының бортында 227 жолаушысы және 12 экипаж мүшесі бар Boeing 777-200 ұшағы Куала-Лумпурдан Бейжіңге ұшып шыққанына шамамен екі сағат өткенде кенеттен жоқ болып кеткен еді. Бұл кезде ол Оңтүстік Қытай теңізі үстінде, Малайзияның Кота-Бару қаласынан 120 миль жерде, Вьетнамның оңтүстік жағалауына жақын маңда ұшып бара жатқан болатын.
Мұрат Айтқожа.
Дереккөз: ҚазТАГ.
Фото: Kapital.kz/