• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 23 Қаңтар, 2022

Жыл сөзі

304 рет
көрсетілді

«Оксфорд сөздігі» дәстүр бойынша 2021 жылы ең жиі пайдаланылған сөзді анықтады. Бұл жолы, әрине, vax («вакцина», «вакциналау», «вакцина егу») «Жыл сөзі» атанды.

Былтыр бұл сөз бұрынғыға қа­рағанда 72 рет жиі қолданылған. Оның себебі барша әлемді жаулаған пандемиялық ахуалға байланысты екені белгілі. Лингвистердің айтуынша, vax сөзі алғаш рет ағылшын тілінде 1799 жылы пайда болған. Ал сөздің шығу тегі латынның vacca («сиыр») сөзімен мағыналас.

Сөздік құрастырушыларының мәліметінше, vax сөзінен бірнеше неологизм пайда болған: vaxxie (вакциналау кезінде түсірілген фото); vax-a-thon (жаппай вакцина ектіруге келгендегі жиын) және ирониялық vaxinista (әлеуметтік желіде вакцина алғандығын көрсететін белгі (статус), қоятын адам).

Айта кетейік, ағылшын тілінің «Оксфорд сөздігі» Оксфорд универ­ситетінен басылып шығады. Соңғы жинағы (2005 жылы) шамамен 301 100 мақаланы (350 млн бас­па таңбасы) құрайды.

Еске салсақ, 2020 жылы сөздік жыл сөзін таңдай алмап еді. Оксфорд лексикографтары 2020 жылдың күнтізбесіндегі оқиғаларға байланысты ең көп айтылған сөздерді іріктеп алды. Сонымен қаңтар айында Аустралия өртке оранған кезде bushfire – «жойқын дала өрті», сондай-ақ «импичмент» деген сөздер көп қолданылған. Көктемде сөздер мен сөз тіркестерінің тізіміне миллиардтаған адамның өмір салтын өзгерткен пандемияға байланысты бірнеше ұғым енгізілді. Олар: coronavirus (коронавирус), COVID-19, lockdown (локдаун), so­cial distancing (әлеуметтік арақа­шық­­тық), reopening (қайта жандану).

Ал биыл Оксфорд сөздігі әлемде, қоғамда көп айтылған һәм көп жазылған қай сөзді таңдап алар екен?..