• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Қаңтар, 2022

Көмек көрсетіледі

176 рет
көрсетілді

Алматының қанша тұрғыны зардап шеккені безбенделіп, бизнес шығыны түгенделіп жатыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында зардап шеккен дәрігерлерге, қауіпсіздік қызметкерлеріне және өрт сөндірушілерге өтемақы төленеді.

«Осы күрделі әрі қиын күндері қоғам зардап шеккендер өтемақы алатынына және қолдау көрсетілетініне сенімді болуы керек. Мәселен, зардап шеккен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, дәрігерлер мен өрт сөндірушілерге жалпы сомасы 220,5 млн теңге, ал ауыр жарақат алғандарға – 2 млн, орташа жарақат алғандарға – 1 млн, жеңіл жарақат алғандарға 500 мың теңгеден өтемақы беріледі», деді шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімі төтенше жағдай кезінде осы іске жұмылдырылған құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен медицина қызметкерлеріне материалдық көмек көрсетілетінін атап өтті. Осы мақсатта 10 012 адамға, оның ішінде полиция департаментінің – 3 880, төтенше жағдайлар департаментінің – 1 207, құтқару қызметінің – 93, медицина саласының 4 832 қызметкеріне 1,6 млрд теңге бөлінеді.

Қала әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте полиция өкілдерінен тіркеу талонын алған, бірақ растайтын құжаттары жоқ кәсіпкерлерге келтірілген залалдың мөлшерін бағалайтын аудандық комис­сияға жүгіну қажет екенін атап өтті.

«Залалды бағалауды құра­мы­на тәуелсіз бағалаушылар, ауди­торлық компаниялар, «Ата­мекен» кәсіпкерлер палата­сы мен басқа да құзырлы мекемелер кіретін аудандық жұмыс комиссиялары жүргізеді. Өтінішті қарау және шешім қабылдауды өңірлік комиссия бес күн ішінде жүзеге асырады. Осыдан кейін өтеу үшін шешім жобасы әзір­ленеді және қаражат үш күн ішінде өтініш берушінің ағым­дағы немесе жинақ шотына аударылады», деді ол.

І.Өсеров көлік, экспеди­циялық және осыған ұқсас қызметтерді көрсететін компаниялар автокөлік ұрланған немесе бүлінген жағдайда аумақтық полиция бөлімшесіне жүгінуі керек екенін жеткізді.