«Қызыл аймақтың» құрсауында қалған Қостанай облысында кейінгі 10 күн ішінде COVID-19 жұқтырған науқастардың саны 134 есе өсті. Мәселен, қаңтардың 10-нында облыста қауіпті індет белгісі бар небәрі үш-ақ науқас тіркелгенін құлағдар еткен санэпидемиялық бақылау департаменті осы айдың 20-сы күні 400-ден аса адамнан COVID-19 анықталғанын мәлімдеді.
Облыстың бас санитарлық дәрігері Ермұханбет Дәулетбаев өңірдің эпидемиялық ахуалы күрт құбылып, санитарлық жағдайдың күн санап күрделеніп бара жатқанын айтып, карантиндік шектеу шараларын күшейту туралы қаулысын қайта өзгертті. Осылайша, аталған құжатқа осы айдың ішінде екінші рет өзгеріс енгізілді.
Ең алдымен қаладағы түрлі мекемелер мен кәсіпорындардың жұмыс кестесі өзгеруі керек. Мекеме қызметкерлері ауысымға бөлініп жұмысқа әртүрлі уақытта келіп-кетуі тиіс. Сонда қоғамдық көліктерде жолаушылар да азайып, індет жұқтыру қаупі төмендейді.
Жаңа қаулыда бұдан былай жабық ғимаратта да, ашық алаңда да форум, конференция, семинар сияқты басқосулар мен банкет, үйлену тойы, мерейтой секілді отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Сондай-ақ ұжымдық іс-шаралар өткізуге арналған ғимараттар мен жеке үйлерді жалға беруге болмайды. Тек Ashyq қосымшасы орнатылған қоғамдық тамақтану орындарында екпе қабылдаған 10 адамнан әрі аспайтын кездесулер ұйымдастыруға және жерлеу рәсімінен кейін ас беруге ғана рұқсат бар. Асқа қатысатын адамдардың саны 30-дан әрі аспауы тиіс.
Бұған қоса жабық ғимаратта орналасқан бильярд, компьютер, боулинг клубтары, балаларға арналған ойын алаңдары мен аттракциондар сияқты сауық мекемелерінің, букмекерлік кеңселердің жұмысы тоқтатылды.
Сонымен қатар Ashyq жобасына қатысушылар санатында бар-жоғына қарамастан, театрлар, мәдениет үйлері, көрмелер, түнгі клубтар мен ойын клубтары жабылды. Ashyq-пен жұмыс істейтін кинотеатрларда көрсетілім кезінде көрермендер залындағы орындықтардың 70 пайызы бос тұруы шарт.
Діни нысандар ашық болады. Бірақ жұма намазы мешітте емес, үйде оқылуы тиіс. Шіркеу, синагога, соборларға да көпшіліктің басын қосып ғибадат рәсімдерін өткізуге рұқсат жоқ.
Ал монша, аквапарк, сауна, термопарк, бассейндер мен фитнес-орталықтарға, сондай-ақ басқа да кез келген спорт нысандарына «жасылдар» ғана кіре алады.
Қостанай облысы