Алматы әкімнің орынбасары Мақсат Кикимов өңірде бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы арзандағанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматыда В, С класты 3583 азық-түлік дүкені жұмыс істейді. Оның ішінде: Алатау ауданында - 500 дүкен, Алмалы ауданында - 395, Әуезов ауданында - 605, Бостандық ауданында - 488, Жетісу ауданында - 400, Медеу ауданында - 325, Наурызбай ауданында - 350, Түрксіб ауданында - 525 дүкен бар.
Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес, қала әкімдігі аудан әкімдіктері мен Nur Otan партиясының өкілдерімен бірлесіп «үй жанындағы» 1773 дүкенде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша күнделікті мониторинг жүргізеді.Мониторинг қорытындысы бойынша Түрксіб ауданынан басқа 7 ауданның 61 дүкенінде ӘМАТ бағасының негізсіз өсу фактілері анықталды.
М.Кикимовтың айтуынша, профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде азық-түлік тауарларының келесі түрлерінің бағасы төмендеді: күнбағыс майы 15%-ға (920-дан 780 тг/л); сүт өнімдері 5%-ға (айран 315-тен 300 тг/л, сүт 295-тен 280 тг/л); әлеуметтік нан 10%-ға (100-ден 90 тг/л); бірінші сұрыпты ұн 10,2%-ға (245-тен 220 тг/кг-ға); бірінші санатты жұмыртқа 6,2%-ға (490 теңгеден 460 тг/ондыққа дейін); қант 5,7%-ға (350 теңгеден 330 тг/кг-ға дейін).
Қалған 1810 дүкен бойынша жұмыстар қаңтар айының соңына дейін жүргізіледі, мониторинг бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізілетін болады.