• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қаңтар, 2022

Сезімтал шлем: Оқушылар зағип жандарға арналған бас киім жасап шығарды

537 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары нашар көретін және зағип жандарға арналған шлем концепциясын ойлап тапты. Бұл жоба көру қабілеті бұзылған жандарға керемет мүмкіндік береді екен.

Ізденімпаз екі дос – Виктор Кохно мен Максим Сурин ойлап тапқан автономды шлемнің көмегімен қалада өздігінен және қауіпсіз қозғалуға болады. Олар бұл құрылғы осылайша зағип адамдардың күнделікті өмірін айтарлықтай жеңілдетеді деген қорытындыға келді.

– Өзіңізді қараңғылықта елестетіп көріңізші, сіздің алғашқы әрекеттеріңіз қандай? Сіз қай жерде екеніңізді түсіну үшін дыбыстарды тыңдай бастайсыз. Әрбір зағип адам сенсорға, дыбыстық сигналдарға, жеке көмекшілерге және экраннан оқу құралдарына тікелей тәуелді. Қазақстанда ғана 160 мың адамның көру қабілеті нашар болса, ал Алматы облысының «Зағиптар қоғамында» 1 500 адам тіркелген екен. Демек, біз бұл мәселені шешу үшін барымызды салуымыз керек. Мына шлем оларға айтарлықтай көмек береді, – дейді жобаны әзірлеушінің бірі Виктор Кохно.

Оқушылар ұсынған шлемнің құрылымы қарапайым екен. Бас киімде қуат түймесі, кең экранды камера, банк картасының көлеміндей бір тақталы компьютер және екі құлаққап бар. Шлем арнайы бағдарлама арқылы автомобильдерді, пойыздарды, автобустарды, бағдаршамдарды, жол белгілерін, велосипедшілерді және айналадағы адамдарды анықтауға қабілетті. Бас киімді қолданған зағип жан бағдарлама арқылы берілген дыбыстық хабарламаны түсініп, сақтанады. Сондай-ақ Виктор мен Максим шлемнің жұмысы қол­жетімді болуы үшін смартфонға орнатылған «Болашақты көр!» арнайы қосым­шасын жасап шығарыпты. Қазір бұл мобильді қолданбада геолокация, ауа райы, компас, музыка, подкасттар, аудиокітаптар сияқты функциялар жұмыс істейді екен.

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу­шылары Виктор Кохно мен Максим Суриннің аталған жобасы халықаралық Samsung байқауына қатысып, жүздеген жұмыстардың арасынан үздік ондыққа еніп отыр. Компания жас ізденім­паздарға 450 мың теңгенің сертификатын табыстады.

 

Алматы облысы