Терроризмге қарсы операцияны жүргізу барысында ұрланған қарудың 515-і табылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Терроризмге қарсы операцияны жүргізу барысында ұрланған қарудың 515-і табылып, тәркіленді. Оның ішінде 75 автомат, 133 пистолет, 2 пулемет, 47 ойық әрі 103 тегіс ұңғылы қару, 100-ден астам граната, 9 мыңнан астам оқ-дәрі. Қаруды ұрлағаны үшін 98 адам ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды және оларды заңсыз сақтағаны үшін 61 адам ұсталды», деді С. Әділов.
Осы орайда ол ұрланған қару халықтың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін, өйткені ол енді кез келген заңсыз әрекеттерге қолданылуы мүмкін екенін атап өтті.
«Барлық адамдардың қаруды ұрлауға қатысы болмауы мүмкін екенін ескере отырып, тауып алған азаматтарды ерікті түрде тапсыруға тағы да шақырамыз. Бүгінгі таңда 31 қару ерікті түрде тапсырылғанын атап өткім келеді. Арнайы жедел-тергеу топтары құрылды және жұмыстарын атқарып жатыр, кәсіби көмек көрсету үшін ІІМ Орталық аппаратынан тәжірибелі қызметкерлер жіберілді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, азаматтарды тағы да тыныштыққа және толық, жан-жақты әрі объективті тергеп-тексеруге бағытталған тергеу рәсімдеріне түсіністікпен қарауға шақырамын», деді Санжар Әділов.