Ақшаны үйде жинағаннан гөрі банкте жинау қауіпсіз әрі ақша көлемі өсіп отырады. Содан болар, әрбіріміздің кем дегенде бір банкте салымымыз бар. Алда-жалда екінші деңгейлі банк жабыла қалар болса, салымдарымызды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) қорғайды. Десе де қор басшылары «салымымыз қорғауда» деп алаңсыз отырмай, депозит түрі мен банкті таңдар кезде мұқият болуға, әбден зерделеп барып шешім қабылдауға шақырады.
Қор бөліп-жармай бәрін қорғайды: жеке тұлғаны да, жеке кәсіпкерді де. Сондай-ақ депозиттің кез келген түріне кепілдік береді – талап етілгенге дейінгі салымдар, шартты, мерзімді және жинақ салымдары (депозиттер), ағымдағы шоттардағы және төлем карточкаларындағы ақша дегендей. Қор кепілді өтемді салымшыларға қалай төлейді? Бұл төлем қордың арнайы резерві есебінен жүргізіледі. Ал арнайы резерв қор жүйесіне қатысатын банктердің міндетті жарнасы есебінен қалыптасады. Қазір банк жарналары арқылы 847 млрд теңге жиналыпты. Арнайы резервтің көлемі заңнамамен белгіленген шектен 5 пайызға жоғары және салымшылар шоттарының 99,8 пайызын толық көлемде жаба алады.
«Егер шетелдік депозиттерді сақтандыру қорларындағы арнайы резервтің көлемін салыстыратын болсақ, онда ҚДКҚ арнайы резервінің деңгейі жоғары және әлемдік озық практикаға сәйкес келеді», дейді ҚДКҚ төрағасы Әділ Өтембаев.
Енді кепілді өтемнің ең жоғары сомасы қандай дегенге келейік. Бұл орайда кепілді өтемақының шекті сомасы кепілдік берілген депозиттің түрі мен валютасына байланысты екенін ұмытпау керек. Қазіргі кезде ұлттық валютадағы жинақ салымдары (депозиттер) бойынша кепілді өтем 20 млн теңгеден; жинақ депозиттерінен басқа ұлттық валютадағы өзге депозиттер бойынша 10 млн теңгеден; шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңгеден аспайды. Сондай-ақ депозитордың бір қатысушы банкте түрі мен валютасына қарай әртүрлі бірнеше депозиті болған жағдайда, депозиттің әрбір түрі бойынша шектерді ескере отырып, жиынтық кепілді өтем 20 млн теңгеден аспайды.
«Халықтың ұзақмерзімді жинақтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 11 қаңтардан бастап теңгедегі жинақ салымдары бойынша кепілді өтемнің ең жоғарғы сомасы 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін арттырылды. Бұл ретте салымшының бір банкте түрі және валютасы әртүрлі бірнеше депозиті болған жағдайда, жиынтық кепілді өтем де 20 млн теңгеге дейін өсті. Бұдан басқа, биыл 11 қаңтарда халықтың тұрақты жинақтарының кірістілігін арттыру мақсатында, сондай-ақ қаржылық тұрақтылықты қолдау шеңберінде ҚДКҚ жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы жинақ депозиттері бойынша сыйақының ең жоғарғы мөлшерлемелерін: 3, 6 айға – 2-тармақшаға және 12 айға 1-тармақшаға арттыру туралы шешім қабылдады», деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Ә.Өтембаевтың айтуынша, қаңтарда осындай салымдар ашқан салымшылар банк шартының бүкіл қолданылу кезеңіне жоғары кірістілікті белгілей алады. Бұл шаралар салымшылардың жинақ депозиттеріне деген қызығушылығын сақтауға ықпал етіп, азаматтарға олар үшін неғұрлым қолайлы шарттармен бір банкте көбірек қаражат ұстауға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар агенттік 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кепілді өтемді төлеудің басталу мерзімі қысқартылғанын айтады. Енді төлемдер банк барлық банк операцияларын жүргізуге лицензиясынан айырылған сәттен бастап 35 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Соңғы сақтандыру жағдайлары бойынша төлемдердің басталуы рекордтық қысқа мерзімде қамтамасыз етілді. Осылайша, AsiaCredit Bank АҚ және Capital Bank Kazakhstan АҚ бойынша салымшылар лицензиясынан айырылған күннен бастап 8 және 6 жұмыс күнінен кейін төлемге өтініш бере алды.
2021 жылдың қыркүйегінен бастап азаматтар электронды портал арқылы да өтініш беру енгізілген. Тиімді цифрландыруға қарамастан қызмет көрсетудің дәстүрлі тәсілін қалайтын салымшылар үшін, сондай-ақ үшінші тұлғалар үшін (сенімхат бойынша өкілдер, мұрагерлер және өзге құқық иеленушілер) агент банктің бөлімшелері арқылы кепілдік берілген өтемді алу мүмкіндігі де сақталған. Өтініштерді қабылдау төлем басталған күннен бастап 1 жыл ішінде, ал таратылған немесе лицензиядан айырылған банктердің салымшыларынан 2022 жылғы 1 мамырға дейін (Capital Bank Kazakhstan салымшылары үшін 2022 жылғы 3 шілдеге дейін) жүзеге асырылады.
Айтпақшы, депозит бойынша кепілді өтемнің БЖЗҚ-ға аударылатын кезі де бар: Егер өтем төлеу мерзімі өткенге дейін салымшы өтем сомасын талап етпесе, ол автоматты түрде ашылатын ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына аударылады. Ал салымшы кепілді өтемді алу үшін дәлелді себептермен өтініш бере алмаса, онда ҚДКҚ-ға растайтын құжаттары бар жазбаша өтініш беру арқылы алу құқығы сақталады.
Қазіргі уақытта қор таратылатын 9 банктің депозиторларына кепілді өтемді төлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 147 мыңнан астам салымшыға 113,1 млрд теңге сомасында кепілді өтем төленді. Бұл ретте барлық таратылатын банк бойынша кепілді өтем сомасының негізгі көлемі, әсіресе ірі сомалар сақтандыру жағдайы басталған күннен бастап бірінші айда төленді.
Банктің сенімділігіне байланысты ықтимал тәуекелдердің бір бөлігін депозиттерге кепілдік беру жүйесі өзіне алатынына қарамастан, салымшы өз жинақтарын сақтау үшін депозитті және банкті таңдауға жауапкершілікпен қарауға тиіс. Жоғары мөлшерлемені ғана бағдарға алудың қажеті жоқ, бірінші кезекте салымшы депозит ашу мақсатын анықтап алғаны жөн», деген кеңес береді Ә.Өтембаев.
Сонымен бірге, салым ашатын банктің қаржылық көрсеткіштерін зерделеп, оның кредиттік рейтингтерімен танысып, банктің беделін бағалай білу де ерекше маңызды.