• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қаңтар, 2022

Назарда – батыс өңірлер

458 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай және еліміздің батыс өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарлары қаралды.

Бизнестің жұмысына бөгет жасамау керек

Бірінші мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі санитарлық-эпидемиялық ахуалдың нашарлағаны туралы баяндады. Оның айтуынша, вакциналауға жататын ересек тұрғындардың 80,2%-ы екпе алды.

Коронавирус инфекциясының «Оми­к­рон» нұсқасының айналымы мен тара­луынан туындаған аурудың өсуі әлем­нің барлық елінде байқалады. ДДҰ Еуро­палық өңірінің деректері бойынша соңғы екі аптада 54 елдің 43-інде ауру өршуде.

Жыл басынан бері республикада 178 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясымен ауырды. «Пандемияның бүкіл кезеңімен салыстырғанда алғаш рет вирус жұқтыру жағдайларының тәуліктік тіркелуі 16 мыңнан асты, бұл «Омикрон» нұсқасының өте жоғары жұқпалығына және таралу жылдамдығына байланыс­ты. Бүгінгі таңда Түркістан облысын қоспағанда, бүкіл ел «қызыл аймақта» орналасқан», деді А.Ғиният.

Әзірге өңірлерде коронавирус инфекциясы әлі де өршіп тұр. «Сары аймақта» орналасқан Түркістан облысынан басқа барлық өңір «қызыл аймақта». Вирустың ең көп таралуы Ақмола, Қарағанды, Пав­лодар облыстарында және елордада тір­келіп отыр.

Премьер-Министр елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайды әрі қарай бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының алға қой­ған міндетіне сәйкес, карантиндік шек­теулерді бизнес үшін жеңілдете отырып, қайта қарау тапсырылды. «Бизнестің жұмысына бөгет жасамай, туындаған проблемаларды бірлесіп шешуіміз керек», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге вакциналау және ревакциналау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Батыс өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы – назарда

Үкімет отырысында батыс өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарлары қаралды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өткен жылы қабылданған Маңғыстау және Атырау облыстарының кешенді жоспарлары өзектендірілді, сондай-ақ Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына арналған жоспарлар әзірленді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Батыс өңірлерді дамытудың кешенді жоспарлары 175 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 4 кешенді жоспарды қаржыландырудың жалпы көлемі 15,3 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 1,7 трлн теңге. Министрлік орталық мемлекеттік ор­ган­дармен, әкімдіктермен бірлесіп, өңір­лердің әлеуметтік-экономикалық дамуы­на және тұрақты жұмыс орындарын құруға тікелей және жанама мульти­п­ликативтік әсерлердің жоғары әлеуеті бар жобаларды іріктеу бойынша жұмыс жүр­гізді.

«Ақтөбе облысының кешенді жоспары 92 іс-шарадан тұрады. Жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 1,7 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджет – 343,3 млрд теңге, жергілікті бюджет – 165,6 млрд теңге, жеке инвестициялар – 1,2 трлн теңге», деді Ә.Қуантыров. Кешенді жоспар шеңберінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту, цемент өндіру зауы­тын, титан-цирконий кендерін қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту ке­шенін салу және тағы басқа ірі жоба­ларды іске асыру көзделуде. Сонымен қатар шетелдік инвесторларды тарта оты­рып, ерекше индустриялық аймақ құры­лады. Көптеген кәсіпорындар экспортқа бағдарланады деп күтілуде.

«Бұхара-Орал» магистралды газ құ­бырының үшінші желісін салу және 85 ауылды газдандыру, сондай-ақ Ақ­тө­бе қаласындағы кәріз-тазарту құры­лыстарын жаңғырту және тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-ком­муникациялық желілер салу жос­пар­ланып отыр. Бұдан басқа, 1 300 шақы­рымнан астам автомобиль жолы жаң­ғыртылады. Бұл өз кезегінде Ақтөбе қаласының «өсу орталығы» және еліміздің батыс бөлігіндегі ірі көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтуге ықпал етеді. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, денсаулық сақтау және білім беру жүйелері қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қазіргі заманғы инфрақұрылым құрылады. 18 ауылда денсаулық сақтау нысандары салынады. 224 мектеп жаңғыртылып, 16 орталық салынады. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында колледж студенттері үшін екі жатақхана салу жоспарда бар.

Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай негізгі капиталға салына­тын инвестициялар өсімін 2,5 есеге қамта­масыз етеді немесе 1,5 трлн теңгені құрай­ды, өнеркәсіп көлемі 1,6 есеге 2,8 трлн теңгеге дейін артады, ауыл шаруа­шы­лығының жалпы өнім көлемі 37%-ға өсуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 4,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 100%-ды құрайды.

Батыс Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары жалпы сомасы 2,6 трлн теңгені құрайтын 116 іс-шарадан тұрады, оның ішінде республикалық бюджет – 416 млрд теңге, жергілікті бюжет – 118 млрд теңге, жеке инвестициялар – 2,1 трлн теңге. Өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында индустриялық аймақ құру, құю өндірісін, мұнайды терең өңдеу зауытын және цемент зауытын салу жоспарланған. «Ауыл шаруашылығы саласында 2 жылыжай, 25 бордақылау алаңын, 10 тауарлы сүт фермасын салу, 4 шарбақты балық өсіру шаруашылығын құру, суармалы жерлер алаңын 6,6 мың гектардан 50 мың гектарға дейін қалпына келтіру және кеңейту, Киров су қоймасын реконструкциялау көзделген», деді Ә.Қуантыров.

1 211 км сумен жабдықтау және су бұ­ру желілерін, 46 км жылумен жаб­дық­тау желілерін және 2 051 км электр желі­лерін салу және қалпына келтіру, 29,7 км «Ростоши-Тайпақ» газ құбырын реконс­трукциялау, сондай-ақ Орал қаласын­да автоматтандырылған газ тарату стан­сасын салу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, 1 842 км автожолға жөндеу және қайта жаңарту, Орал қаласының ха­лық­аралық әуежайын жаңғырту жұ­мыстары жүргізіледі. Сондай-ақ емхана, кар­диологиялық орталық, 74 мектеп, студент­терге арналған 650 орындық жатақ­хана және 150 орындық мүмкіндігі шек­теулі жандарды оңалту орталығы салынады.

Батыс Қазақстан облысының кешенді жоспарын іске асыру нәтижесінде, 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 55%-ға және ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 56%-ға өседі, су­мен жабдықтау қызметтеріне қол жет­кі­зу деңгейі 100%-ға жетеді, ал электр желі­ле­рінің тозуы 80%-дан 50%-ға дейін азаяды.

Атырау облысын дамытудың өзек­тен­дірілген кешенді жоспары жалпы сомасы 8,9 трлн теңге болатын 185 іс-шарадан тұрады, оның ішінде республикалық бюджет – 536 млрд теңге, жергілікті бюджет – 113 млрд теңге, жеке инвестициялар – 8,3 трлн теңге. Жоспар шеңберінде ауданы 400 га индустриялық аймақ құру, терефталь қышқылын өндіру зауытын және көтерме-тарату орталығын салу көзделген.

Ауыл шаруашылығын дамыту бо­йынша 6 жылыжай, 5 мал бордақылау алаңы, 3 құс фабрикасы, балық өсіруге ар­налған 7 тоған шаруашылығы, сүт өңдеу цехтары және басқалары салынады. «Ха­лықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 228 км электр желісін салу, 640 км автожолды жөндеу және қайта жа­ңарту, 13 елді мекенді газбен және сумен қамтамасыз ету, 6 ұңғыманы және «Тай­сойған-Миялы» магистралды су құ­бырын салу және тағы басқа жобалар іске асырылады», деді Ә.Қуантыров.

Денсаулық сақтау саласында 2 емха­на мен психикалық денсаулық орта­лығын, 9 алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек нысанын және оңалту орталығын салу көзделген. Үш ауысымды және апатты мектептерді жою және оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 48 мектеп салынады. Жоспарды іске асыру қорытындылары бойынша 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 35%-ға артады, халықты сумен қамту 100% қамтамасыз етіледі, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға дейін жетеді, 3,5 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру күтілуде.

Маңғыстау облысын дамытудың өзектілендірілген кешенді жоспары жалпы қаржыландыру көлемі 2,1 трлн теңгені құрайтын 226 іс-шарадан тұрады, оның ішін­де республикалық бюджет – 375,2 млрд теңге, жергілікті бюджет – 118 млрд теңге, жеке инвестициялар – 1,6 трлн теңге.

Өнеркәсіп саласында «Дунга» кен орнын игерудің үшінші фазасын іске асыру, Ақтау қаласында мұнай-химия кешенін салу (3-кезең) және басқа да іс-шаралар жоспарланған. Агроөнеркәсіптік кешені салаларында 25 инвестициялық жобаны іске асыру және балық шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту жоспарлануда. Туризм саласында 14 нысанның құрылысы көзделген. Сонымен қатар 1 060 км жергілікті маңызы бар автожол­дар­­ды, 88 км электр желілерін, 116 км жы­­­лу желілерін салу және жөндеу, сон­дай-ақ тұщыландыру зауыттары мен қон­­дыр­­ғыларының 9 жобасын салу көз­делген.

Әлеуметтік саланы дамыту шең­берінде аудандық орталық аурухана, 24 мектеп және 11 жапсарлас құрылыс салу, 5 колледжді жабдықтармен жа­рақ­тандыру және тағы басқа да жұ­мыстар қарастырылған. «Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Маңғыстау облысында өнеркәсіп көлемі 28%-ға, туристер ағыны 4,6 есеге артады, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 100%-ға жетеді және 4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі», деді Ұлттық экономика министрі. Жалпы, кешенді жоспарларды іске асыру батыс өңірлер экономикасының өсу қарқынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, жеке инвес­тициялар ағынына серпін береді және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді. Айталық, 2025 жылға қарай төрт өңір бойынша шамамен 13 трлн теңге жеке инвестициялар тарту, 175 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құру көзделген.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов атап өткендей, жалпы, Кешенді жоспардың нақтыланған жобасы ҰЭМ және барлық орталық мемлекеттік органдармен келісілді. Кешенді жоспар жобасы жалпы сомасы 8,9 трлн теңгені құрайтын 185 іс-шараны қамтып отыр. Нәтижесінде, республикалық бюджеттен 535,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 112,6 млрд теңге, басқа қаражат көздерінен 8,3 трлн теңге, мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында 14,3 млрд теңге қарастыру жоспарлануда. «185 іс-шара 15 бағытта жүзеге асырылады. Атап айтқанда, экономикалық даму бағыты бойынша: өнеркәсіп, ауыл және балық шаруашылығы, туризм, кәсіпкерлікті дамыту салаларында 8 трлн теңге көлемінде 78 іс-шараны іске асыру қолға алынады. Жалпы құны 728,8 млрд теңгені құрайтын 66 іс-шара тұрғын үй, су, газ, электрмен жабдықтау және транспорттық инфрақұрылым мен экология мәселелерін шешуге бағытталған», деді облыс әкімі.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Ора­залиннің айтуынша, Мемлекет бас­шы­­сының тапсырмасына сәйкес Ақтө­бе облысының әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуының 2022-2025 жылдарға ар­налған кешенді жоспарының жобасы өзектендірілді. Кешенді жоспар жалпы сомасы шамамен 1,7 трлн теңге болатын 6 бағыт бойынша 92 тармақты іске асыруды көздейді. «Кешенді жоспардың жаңа жобасына халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй салу, денсаулық сақ­тау нысандарының құрылысы және білім беру нысандарын жаңғырту сияқ­ты әлеуметтік маңызы бар жобалар қосыл­ды», деді О.Оразалин.

Маңғыстау облысында жоспардың қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы өңір әкімі Нұрлан Ноғаев айтып берді. «Бүгінгі таңда бар шараларды тезірек іске асыру және атқарылатын жұмыстардың нәти­жесінде өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал­дың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қолданыстағы кешенді жоспар өзектен­дірілді. Өзектендірілген кешенді жос­пар 226 іс-шараны қамтиды, оның ішінде экономиканы дамыту аясында 96, тұрғын үй және инфрақұрылым бойынша 54, әлеуметтік сала және экологияда 63 жә­не азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету­де 13 іс-шара қарастырылған. Жос­пар­лан­ған іс-шараларды жүзеге асырудың нәти­жесінде шамамен 55 мың жұмыс орны құрылады деп күтіледі», деді Н.Ноғаев.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңірді дамыту жоспары туралы баяндады. Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары 116 іс-шараны қамтиды, оларды іске асыру үшін шамамен 2,6 трлн теңге қажет. Аталған қаражаттың 80%-ға жуығын жеке бизнес есебінен және мемлекет-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы тарту көзделген. Осындай ауқымды инвестиция көлемін тарту үшін өңірді дамытудың кешенді жоспарында көрсетілген мемлекеттік қолдау қажет. «Тікелей бюджеттік инвестициялардан басқа, өңір үшін маңызды тауарлық газбен қамтамасыз ету тәрізді мәселелерді атап өткім келеді. Батыс Қазақстан облысы Қазақстанға тауарлық газдың ірі жеткізушісі болып табылғанымен, біздің көптеген әлеуетті инвестициялық жобаларымыз газбен жабдықтауға техникалық шарттарды алудан бас тартқандықтан іске асырыла бермейді» деді Ғ.Есқалиев.

Мәселені Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қорытындылады. «Жоспарлар экономиканың жекелеген салаларын дамытуға ғана емес, сондай-ақ сапалы сумен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімді болуы, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты маңызды мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс», деді ол.

Құжаттарда негізінен бюджеттен тыс қаражатты – квазимемлекеттік сектор мен жеке инвесторлардың қаражатын тартуға басымдық беріліп отыр. «Ең бастысы, өңір халқы оң өзгерістерді барынша сезінуі тиіс, болашаққа сеніммен қарап, жұмыс істеп, табыс тауып, өздерінің бизнестерін дамытып, жақсы емделіп, сапалы білім алуы қажет. Халықтың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсарту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланған жөн», деді Ә.Смайылов.