• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 26 Қаңтар, 2022

Қорғанысқа салынған инвестиция көрсеткіші төмен

241 рет
көрсетілді

Қаңтар бүлігі кезінде армияның маңыздылығы ерекше артты. Көпшілік Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскерінің елге кіруіне қарсылық танытқанымен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ әскерінің елге аз мерзімге және тек бітімгершілік мақсатта келетінін айтып, жедел шешім қабылдаған еді. Мемлекет басшысы ел іші ала тайдай бүлінгенде Қазақстан армиясының дайын болмағанын айтып, бұл ретте Қорғаныс министрі Мұрат Бектановты қатаң сынға алып, оның орнына Руслан Жақсылықовты тағайындады. Finprom аналитикалық порталы ел армиясының дайын болмауы қаржыландыруға байланысты екені айтылған зерттеуін жариялады.

Дәл қазіргі сәтте Қазақстан қор­ғаныс саласының шығыны бо­йын­ша барлық ЕАЭО елдерінен төмен тұр. Ішкі жалпы өнімнің тек 1 па­йызы ғана ел қауіпсіздігіне бөлінеді екен. Бұл – әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Алматыда болған жаппай тәртіпсіздік пен тонау кезінде ел армиясы неліктен батыл қадамға бармады, неліктен өз­дері­мен салыстырғанда ат төбе­ліндей болар топтың ентігін баса алмады деген сауал әлі де өзекті. Айналасы бір күнге жетпес уақыт ішінде бейбіт митингтің бағытын бұрып әкеткен бұзақы топ қала инф­ра­құрылымының быт-шытын шығарып, сауда орындарын астан-кестең етті, бизнеске орасан зор шығын келтірді.

«2021 жылдың он айында 14 трлн теңге көлеміндегі мемлекет бюджетінің жалпы шығынынан тек 542,4 млрд теңге немесе 3,9 па­йы­зы ғана тиесілі болған. Егер көп жылдық динамиканы қарайтын бол­сақ, қорғаныс шығынының төмен үлесі өспеген, тек 4-5,5 пайыз дең­гейінде құбылып келеді. 2020 жылы айтарлықтай төмендеп кеткен. Сала шығынының 4 пайыздан төмендеп кеткен кездері де бар.

Жеткіліксіз қаржыландыру факті­­сін инвестиция көлемі де рас­тай­ды. 2021 жылдың 11 айында қор­­ғаныс саласына небәрі 50 млрд теңге инвестиция салынған. 2020 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда сома 21 пайызға азайған. Жалпы алғанда, 2011-2020 жылдар аралығында салаға 550,1 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл өзге салалармен салыстырғанда ең төмен көрсеткіш. Мәселен, осы он жылда өнеркәсіпке – 45,6 трлн, жылжымайтын мүлік операция­ларына – 10,3 трлн, транспорт және қаттауға – 12 трлн, ауыл ша­руа­­шы­лығына 2,8 трлн теңге бөлін­ген», деп жазады Finprom сарапшылары.

Әрине, қай саланың да күні қаржыға қарайтыны белгілі. Саяси және экономикалық тұрғыда да аса маңызды сала болып саналатын қорғаныстың назардан тыс қалуы, мемлекеттің бұл секторға аста-төк қаржының жұғынын ғана жалатып келуі – армияны қазіргі шарасыз күйге әкеп соқтырған секілді. Мұндай елдің әлемдік рейтингте де төрге озуы мүмкін емес. Қорғаныс шығыны жөнінен Қазақстан халық­аралық тізілімнің 115-орнында тұр. Тіпті экономикалық одақтағы серіктес елдердің де алдын орай алмаппыз. Мысалы, Армения ІЖӨ-нің 4,9 пайызын армияға бөледі (әлем­де 8-орын), Ресей – 4,3 пайызын (әлемде 10-орын), Қырғызстан – 1,8 пайызын (әлемде 62-орын), Бела­русь 1,3 пайызын (әлемде 100-орын) бөледі. ТМД елдері арасында Әзер­байжан (ІЖӨ-нің 5,4 пайызы), Ук­раина (4,1 пайызы) және Грузия (1,8 пайызы) елдерінің позициясы мығым.

Президент Қ.Тоқаевтың айтуынша, тез арада ел армиясының техни­калық және ұрыстық жабдықталуы жаңаруға тиіс.

«Әскерде әлі күнге қолданыл­ғанына 30-50 жыл толған кеңестік кезеңнің қарулары мен оқ-дәрілері­нің үлесі көп. Ескірген техниканың қыз­мет ету мерзімінің аяқталу қар­қынын ескере отырып, қару-жарақ паркін толықтыру бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қарулы күштер заманауи, жоғары технологиялы қарумен және әскери техникалармен жарақтануы керек. Бұл рет­те жүйелі шаралар қабылдануы қа­жет. Қару-жарақ және әскери тех­ни­­ка­ны жөндеу, қызмет көрсету бо­йын­ша отандық өндірісті дамыту аса маңызды», деді Мемлекет басшысы.

Басқа елдерде ІЖӨ-нің қорғаныс саласына бөлген шығын көрсеткіші жыл санап өссе, Қазақстанда бұл өзгеріссіз күйде, нақтырақ айтсақ 1 пайыз төңірегінен аспайды. Дәл осы мәселені мемлекет енді ескерер, қуатты армия құру үшін қыруар қаржы керек екенін түсінер деп сенеміз.