Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Аустралия ашық чемпионатының жұптық бәсекесінде жартылай финалға жолдама алды.
Қазақстандық теннисші Мельбурндегі додада бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге ширек финалда швециялық Ребекка Петерсон мен ресейлік Анастасия Потаповамен шеберлік байқасты. Бірінші партияда швециялық-ресейлік жұп басымдық танытты – 6:4. Екіншісінде Анна мен Беатрис есе қайтарды – 7:5. Ал үшінші – шешуші сетті қазақстандық-бразилиялық жұп жеңіспен тәмамдады – 6:3. Тартысты өткен бәсеке 2 сағаттан астам уақытқа созылды. Анна мен Беатрис финалға шығу үшін жапониялықтар Сюко Аояма мен Ена Шибахарамен күш сынасады. Олар ширек финалда хорватиялық Петра Мартич пен америкалық Шелби Роджерс жұбын 6:1, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Сондай-ақ дәл осы турнирдің жасөспірімдер арасындағы бәсекесінде өнер көрсетіп жатқан қазақстандық теннисші Аружан Сағындықова да жұптық сынның үшінші айналымына шықты. 17 жастағы Аружан ресейлік Екатерина Хайрутдиновамен бірге екінші айналымда грекиялықтар Михаэла Лаки мен Димитра Павлуды 6:3, 6:3 есебімен ұтты.