Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы аясында көктемде Молдовамен болатын матчқа дейін Түркияда оқу-жаттығу жиыны мен бір жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Футбол федерациясының таратқан мәліметі бойынша Талғат Байсуфинов баптайтын Қазақстан ұлттық құрамасы 12 ақпан күні Түркияның Анталья қаласында жиналады. Ал 13 ақпан күні Қазақстан клубтарының легионерлерінен жасақталған командамен жолдастық кездесу өткізеді. Легионерлер құрамасын Андрей Карпович пен Самат Смақов жаттықтырады деп шешілді.
«Бұл мерзімде ФИФА-ның ресми датасы болмағандықтан, ұлттық құраманы ұзақ уақыт жаттығусыз және ойынсыз ұстап отыруға болмайды. Қазақстан құрамасының жанкүйерлері бұл матчты тікелей эфирден көре алады. Матчтың көрсетілімі қай платформадан таратылатынын және уақытын кейінірек хабарлаймыз», делінген федерацияның ресми мәлімдемесінде.