• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2010

ДОСТЫҚ ШАПАҒАТЫ

672 рет
көрсетілді

Рақымжан ТОҚАТАЕВ, Кеңес Одағының Батыры. Есік қаласында тұратын ұлдарыма келген сайын екі қатарлы қоңыр үй көзіме әрдайым жылы ұшырап, оттай басылады. Өйткені, менің қырық жыл­дан астам ұстаздық өмірім сол ыстық ұяның қабыр­ғасында өтті. Дәл осында қиын да мәрте­белі ұстаздық еңбектің қыр-сырына қанық­тым, КСРО және Қазақ КСР оқу ісінің үздігі атанып, абыройға кенелдім. Сондықтан бұған қалай қуанбассың, қалай мерейлен­бессің?! Міне, сондай бір қуаныш құшағына бөленіп, көтеріңкі көңілмен мұғалімдер бөлмесінен шыға берген едім, ту сыртымнан кешегі шәкіртім, бүгінгі әріптесім Майра Садықова: – Аға, сізді телефонға шақырады, – деді. “Кім болды екен?” деп ойла­дым да, трубканы құлағыма тостым. Ар жақтан зайыбымның: – Сабағың біткен соң үйге тезірек жет! Қонақ келді, – деген дауысын есті­дім. Сөйткенше болған жоқ, труб­кадан аңқылдаған таныс та бейтаныс үн саңқылдай жөнелді. – Аманбысың. Тоқаташа! Өзіңмен де кездесетін күн бар екен-ау! Селк ете түстім. Майдандас дос­тарым мені еркелетіп Тоқаташа дейтін. Жүрегім лүпілдеп қоя берді. Апыр-ау, бұл Федор ғой! – Федя, сенбісің?! Қайдан жүрсің, бауырым?! Қуанған мен қорыққан бірдей дейді ғой. Қапелімде аузыма түскен сөздің жөні осы болды. Бірақ оған мән беріп жатқан біз жоқ. Телефоннан бір-бірі­мізге сөз бермей, бір-бірімізді аяғына дейін тыңдауға тағат таппай, жарыса сөйлесіп жатырмыз. Әрине, әңгімеміз­дің бүгін түгесіліп бітпейтіні белгілі. Сондықтан да бір сағаттан кейін үйде болатынымды айтып, трубканы орнына қойдым. Үйге асығып келемін. Кешегі сұра­пыл соғыс жылдарында мұз төсеніп, қар жастанған майдандас досым Федормен қырық жылдан кейінгі кездесу мені жастық шағыммен қайта табыстыратындай. Көз алдымнан сонау қаһарлы жылдар бейнесі өтіп жатыр. Он сегізге аяқ басып, өмірге енді құлаш ұрған арманшыл мезгілде келіп жетті бізге бұл сұм соғыс. Он айлық мұғалімдер даярлайтын курсты бітіріп, өзім ұстаздық еткен мектептің бас­тауыш класында мұғалім едім. Ақыры менің де кезегім келіп, майдан­ға аттандым. Алғашқыда Алматыда, содан біраз уақыт өткен соң Өзбекстанда бір­не­ше ай зеңбірек атуға машықтандық. Сөй­тіп, 1943 жылдың күзінде Жоғарғы Бас қол­басшының резервіндегі танкіге қарсы ата­тын 1672-ші артиллерия полкінің құра­мын­­да Днепр үшін болған ұрыстарға қатыстым. Федормен де осы тұста таныстым. Ко­ман­дирлер оны біздің бөлімшеге жіберген екен. Ал бөлімше командирі Федорды снаряд тасушы, әрі зеңбірек оқтаушы етіп бекітті. Мен көздеушімін. Ақжарқын да кішіпейіл кіші сержант Федор Кирил­лович Керданьмен осылайша тез тіл табы­сып, шүйіркелесіп кеттік. Оның үстіне екеуміз жерлес болып шықтық. Мен 1942 жылдың август айында Алматы облы­сының Еңбекшіқазақ ауданынан әскерге шақырылған болсам, ол армияға 1943 жылдың март айында Жамбыл облы­сының Жуалы ауданынан келіпті. Достықтың алмайтын қамалы, аспай­тын бөгеті жоқ. Әр ұлттың өкілінен құрал­ған біздің бөлімше артиллеристері де жау­­мен бетпе-бет келген талай айқастарда өз­дерінің құрыштай топтасқан бірлігін, же­ңіс­ке деген құштарлығын, қайтпас-қайсар жігерін танытты. Сөйтіп, фашис­терден қалаларымыз бен селоларымызды бірінен соң бірін азат еттік. Соның ішінде біздің полк Киев түбінде дұшпанды ойсырата талқандап, кейін гитлершілдерді Винница, Станислав қалаларынан түре қуды. Ал жау күшті бекініс жасап, әлсін-әлсін қарсы шабуылды үдете түскен Карпат тауындағы ауыр ұрыстардан кейін 38-ші армияның құрамындағы біздің полкіміз Чехословакия жерін жаудан тазартуға кірісті. 1945 жылдың көктемінде Прагаға таяу орналасқан Моравска Остро­ва қаласын азат еттік. Ал қаланың маңындағы Фульнек деревнясы үшін ұрыс қиян-кескі болды, әрі ұзаққа созылды. Біздің батарея әлгі деревняны мықты бекініске айналдырған дұшпанның әлденеше шабуылын той­тар­ды. Соның ішінде В.Харитоновтың бас­қаруындағы біздің бөлімше жартылай қираған екі қабатты үйдің маңында қор­ғаныс шебін құрған еді. Жаудың кезекті шабуылының бетін қай­тар­ғаннан кейін бөлімше жауынгерлері жертөлеге кіріп, ұрыс алдында аз-кем тыныс алып жатқан болатын. Кезек-кезек ілгері көз салып, дұшпанның аңысын аң­ди­мыз. Кезекшілік маған да жетіп, пос­тыда тұр едім. Кенет сонадайда өкпе тұстан жанай өтіп, батареяға жақын маңда шоғырлана бастаған жау танкілерін байқап қалдым. Жалма-жан рация арқылы ба­тарея командирі И.Кузь­мен­ковқа көрген-білгенімді баяндадым. Ол: – Жолдас сержант, бізге қазір снаряд өте қымбат! Сондықтан оның бірде-бірі зая кетпеуге тиіс! – деді. Батарея командирі осы сөзді ғана айтып үлгерді. Айналаның астан-кестеңі шығып, дүр сілкініп кетті. Шаң мен түтін арасынан зеңбірекке жүгіріп бара жатып, “Оқтап үлгерсем екен!” деп ойлаймын. Бұдан бұрынғы қиян-кескі шайқастарда осы зеңбірекпен дұшпанның шынжыр табан “жолбарыстарының” біразын жай­рат­қан едім. “Тұра тұр, бәлем!” деп тістенемін. Қар­ша бораған оқ астынан бері қарай өте алмаған жолдастарымның маған демеу беріп, айқайлаған дауысы келеді құлағыма. Бір кезде оқтап үлгердім-ау әйтеуір зең­бі­рек­ті. Алдыңғы жақтағы бір танкіні көз­деп, атып жібердім. Танк солқ етіп тоқта­ды. Ізін­ше қою қара түтінге оранып, жана бастады. Зеңбіректі тағы оқтадым да, әлгі өртенген танкіні айналып өтіп, бері қарай ұмтылған және бір танкіні нысанаға алдым. Ол да жалын құшты. Бірақ басқа танкілер үсті-үстіне атқылап, жауынгер жолдас­тарымды менің маңыма жолатар емес. Бір кезде қайдан сап ете қалғанын білмеймін, қарсы алдымда зеңбірек оқтаушы Федор Кердань тұр. Қатты қуандым. – Федя, тез оқта! Қағылез Федор зеңбіректі жалма-жан оқтауға кірісті. Мен нысананы көздеп атып жатырмын. Байқаймын, дұшпанның ары­ны кәдімгідей басылып қалыпты. Жаудың жанған мәшинелері бір-біріне ұй­лығып, өзгелеріне өтетін жол да қалмағандай. Ұзамай бөлімшелер де келе бастады. Кезек-кезек қираған жау танкілерін санай­д­ы. Тоғыз танк, төрт броне­транс­пор­тер қираған. Жігіттер Федор екеумізді қолды-аяққа тұрғызбай көтеріп әкетті. Батарея командирі И.Кузьменков құттықтады. – Жарайсыңдар! Нағыз батыр екен­сіңдер! – деді ол екеуміздің қолымызды қысып. Майдандық “За счастье Родины” газетінде аға лейтенант И.Кузьменков, сержант М.Киселев, сержант И.Гаврилов, кіші сержант С.Артюхин қол қойған жауынгерлердің анам Ұлжалғасқа ашық хаты жарияланды. Осылай майдандас достарым менің ерлігімді алыстағы ауылыма да жеткізді. Осы шайқас үшін Ф.К.Кердань екеумізге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Арада тура бір ай өткенде Чехословакияның Оломоуц қаласында Жеңіс күнін қарсы алдық… Содан бері қырық жыл бойы хат алыса жүріп, кездесудің реті келмей-ақ койып еді. Сәті түсіп, сонау Минск қаласынан арнайы келген қандыкөйлек досым сол жолы төрімде отырды. Сол күні Федор екеуміз түні бойы сырласып, Ұлы Отан соғысының отты жылдарында ел үшін, туған жер үшін қасық қанын аямаған жауынгер жолдастарды еске түсірдік… Ертеңіне мен майдандас досымды Есік қаласындағы орта мектепке ертіп бардым. Мектеп өміріндегі игі істерді әңгімелеп, мектеп реформасына орай соңғы кезде жүзеге асырылып жатқан шаралармен таныстырдым. Бұдан кейін екеуміз Алматыны аралап, сейіл құрдық. Қайда ертіп барсам да, Федор досым шат-шадымен өмірімізге дән риза болып: “Керемет, керемет!” дей береді. Жазып алған Орынбек ЖОЛДЫБАЙ.