Коронавирус пандемиясы аяқталмаса да, Еуропалық одақта саяхаттау оңайырақ болады.
Вакцина салдырған немесе жақын арада вирустан емделіп шыққан азаматтар Одақтағы бір елден екінші елге еркін бара алады. Брюссельде өткен Еуропалық істер бойынша министрлер кездесуінде 2022 жылдың 1 ақпанынан бастап жолаушыларға қатысты карантин мен қосымша тестілеуді алып тастау шешімі қабылданды.
«Біз эпидемиялық жағдайды емес, жолаушылардың вакцина салдырған-салдырмағанын ескереміз, – деді Франция министрі Клемент Бон. – Бірақ вакцина салдырмаған адамдар үшін шектеулер сақталады».
Бірнеше апта бойы Еуропа картасының көп бөлігі өте қауіпті қара-қызыл түске боялған-ды. Билік әлі күнге дейін аса қажеттілік туындамаса, саяхаттамауға кеңес береді. Бірақ соңғы «омикрон» штамы ауруханаға жатқызу деңгейін көтермеді. Бұл үкіметтерге экономиканың өсуіне кедергі келтіретін әлеуметтік шектеулерді біртіндеп жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Әр үкімет шектеулерді, соның ішінде локдаундарды, аурудың күрт өршуі немесе коронавирустың жаңа штамы пайда болған жағдайда шекара жабу құқығын өзіне қалдырады. Сонымен қатар Еуропалық комиссия вакциналау деңгейі төмен елдердегі санитарлық-эпидемиялық жағдайды бақылауды күшейтеді.