Назарбаев Университеті құрылған сәтінен бастап ғылым, білім мен инновацияларды біріктіретін және халықаралық практикаларға негізделген, ТМД-дағы зерттеу университетінің жаңа бағдары мен моделіне айналды. Университет қызметінің негізгі қағидаттары – меритократия және академиялық адалдық. Университет Қазақстанда әлемдік деңгейдегі білім беруді, мысалы, «Болашақ» бағдарламасымен салыстырғанда арзанырақ бағамен ұсынады, сондай-ақ жаңа білімді институционалдық деңгейде сырттан импорттамай, ел ішінде қалыптастырады.
Бүгінгі таңда университетте Қазақстанның барлық өңірінен келген және әртүрлі әлеуметтік топтардан құралған 6500-ден астам студент білім алуда. Олардың басым бөлігі – STEMM (ғылым, технологиялар, инженерия, математика және медицина) бағыты бойынша, ал екіншісі әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бойынша оқып жатыр. Студенттердің 97 пайызы тегін оқиды.
Білім алу мен дағдыларды және ағылшын тілін жетік меңгеру ЖОО түлектеріне қазақстандық және халықаралық нарықта табысты бәсекелесуге мүмкіндік береді. Жыл сайын олардың 60 пайызға жуығы «үлкен төрттік», BI Group компанияларына, ірі банктерге, ЖОО-лар мен мектептерге жұмысқа шақыру алады. Нарықта университеттің және оның инновациялық кластерінің түлектері құрған жаңа компаниялар пайда болуда. Айталық, роботтар мен ғылымды қажетсінетін күрделі АТ-өнімдерін жасау бойынша Cleverest Technologies, ауыл оқушыларына ағылшын тілін үйрету бойынша Hello all, мүмкіндіктері шектеулі адамдар жұмыс істейтін Kunde әлеуметтік дәмханасын мысалға келтіруге болады. Соңғы 5 жыл ішінде НУ стартаптарын қолдау бағдарламалары 160-тан астам жобаны ұсынды және 1 млн доллардан астам инвестиция тартты. НУ түлектерінің 35 пайызы жыл сайын Кембридж, Гарвард сияқты жоғары оқу орындарында магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуын жалғастыруда, олардың көпшілігі стипендия алады.
Жоғары сапалы академиялық бағдарламалардан бөлек НУ-дың тағы бір басымдығы – ғылыми зерттеулер жүргізу. Университет студенттері мен профессорлары жарияланымдарының саны 5600-ден асты. Ғылыми зерттеулердің сапасы (дәйексөз индексі) бойынша НУ Ломоносов атындағы ММУ-дан асып түсіп, Токио университетімен теңесті, ТМД-дағы үздік ондыққа кірді. Бүгінгі таңда НУ оқытушыларының жалпы санының 30 пайызға жуығы – қазақстандықтар. Стэнфорд университетінің соңғы зерттеулеріне сәйкес НУ-дың 8 профессоры әлемнің ықпалды ғалымдарының 2 пайызын құрайды. НУ қызметкерлері мен Жоғары білім беру мектебінің түлектері жоғары білім беру жүйесін реформалауға көмектесу мақсатында жетекші қазақстандық жоғары оқу орындарына басшы лауазымдарға тағайындалды.
НУ-дың зерттеу жүргізетін басым бағыттары – жасанды интеллект, роботтехника және биомедицина. Университет ғалымдары әлемге медициналық экзоқаңқа, адам сүйектерінің прототипі, литий-иондық батареялар, Қазақстан үшін COVID-19 таралуының стохастикалық симуляторы және т.б. жобалар ұсынды. Мұндай ғылыми жаңалықтар мен аталған бағыттарды зерттеу қомақты қаржылық инвестицияны қажет етеді. Бұл құрал-жабдықтарды сатып алуды, зертханаларды жабдықтауды, бірлескен халықаралық зерттеулерді қамтиды. Әдетте, әлемде ең табысты университеттер мен мектептерді қаржыландыру үшін эндаумент (ағылшын тілінен endowment – қайырмалдық) қорлары құрылады. Эндаумент капиталы жинақталып, инвестициялануы керек, ал инвестициялық кіріс өз кезегінде университеттер мен мектептердің қажеттіліктеріне үздіксіз қаржылық қолдау көрсетуге тиіс. Мысалы, Гарвард, Стэнфорд, Йель сияқты америкалық университеттердің бюджеті 24-40 пайызға эндаумент түсімдері есебінен қалыптасады. Әлемдік университеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, 2010 жылы Назарбаев қоры (НҚ) құрылды. Бұл мемлекеттік қаржыландыру қысқарған жағдайда НУ мен НЗМ-нің қызметіне демеушілік көмек көрсетеді.
Жақында бірқатар БАҚ аталған қор оқу орындарына тиесілі емес деген ақпарат таратты. Осыған байланысты қор төрағасы, НУ Атқарушы кеңесінің экс-төрағасы Аслан Сәрінжіпов Жарғыға сәйкес бұл қордың Назарбаев Университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерін ғана қаржыландыратынын хабарлады. Қор жыл сайын осы оқу орындарының ғылыми-зерттеу қызметін қолдау үшін кемінде 10 млн доллар бөледі. «Басқа жеке тұлғалар ешқандай кіріс ала алмайды және бұл коммерциялық емес ұйым ретіндегі қордың Жарғысында жазылған, ал НҚ есептілігін жыл сайын «үлкен төрттікке» кіретін халықаралық аудиторлық компанияларының бірі тексереді», дейді А.Сәрінжіпов. Қор мемлекеттік ресурстарды неғұрлым өзекті мәселелерге бағыттай отырып, жоғары білімді және креативті кәсіпқойларды одан әрі даярлау үшін НУ-ды қаржыландыруды ұлғайтуға дайын екенін білдірді.
Қазір НУ Times Higher Education университеттерінің әлемдік рейтингіне қатысуға дайындалуда. THE алдын ала мәліметтеріне сәйкес бүгінде университет әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының 35 пайызы санатына кіреді. Ал басқа үш қазақстандық ЖОО қалған 75 пайызына және одан төмен рейтингке енген.