Сәулелі сөз өнеріне құлай ғашық болған кезі есінде жоқ. Әйтеуір, балаң шағында, балғын кезінде. Сөз қадірі бөз қадірінен арзандамай тұрған, салмағы саф алтындай уақыт. Шоқ жұлдыздай шағын ауылдың үлкен-кішісі қолдарынан кітап пен газет түсірмейтін.
Көзін ашқаннан көңіліне түйгені адамдардың бұқаралық ақпарат құралдарына деген көл-көсір құрметі мен ықыласы. Әйтсе де ешкім бауыр еті баласына «журналист бол» деп бата бермейтін. Кейін осы жайды көп ойлады. Сөйтсе, қолынан келмейді деп емес, журналист болу кез келген жанға жалынан ұстата бермейтін жампоз кәсіп деп есептеген болар деп түйсінетін.
Бар ғұмыры осы салада өткен, бүгінде жетпістің асуына табан іліктіріп отырған жүйрік журналист Бақберген Түймебайұлы да төртінші, бесінші сыныптарда оқып жүргенінде, «кім боламын?» деген тақырыптағы шығармаға «журналист боламын» деп жазып көрген емес.
Сегізінші сыныптан кейін аудан орталығындағы техникумның мал дәрігерлерін дайындайтын бөліміне оқуға түсті. Бірақ іштегі алабұртқан балғын сезім, сөз өнеріне деген құштарлық бұл мамандықты құлай сүйе қойған жоқ. Ынта кем, ықылас солғын болған соң білім алудың да мәні болмады. Екі айдан соң үйге оралған. Енді техникум жаққа тракторға тіркеп тартсаң да барғысы келмейді, бүк түсіп жатып алған. Жай жатқан жоқ, балаң жүректегі балғын сезімдерді ақ қағаздың бетіне жыр қылып түсіре бастады.
Арада екі ай өткен соң тоғызыншы сыныптың партасына қайта отырды. Айыбын жуғысы келгендей, білім теңізіне тереңірек сүңгіген. Орта мектепті бітіріп шығар кезде үй ішінде абыр-сабыр басталды. Марқұм әкесі айтады: «Журналистерді республикадағы жалғыз университет оқытады екен. Ондағы алатыны елу бала ғана». Арғы жағы белгілі. Сол елудің қатарына ене аласың ба, жоқ па деген сойылдай сауал тағдыр жолына кесе-көлденең жатып алатындай. Армандай алыс Алматыға ат арытып жете ала ма? Асау арман жалынан ұстатар ма? Шілденің ортасы ауа көңілге қорқыныш кірген. Қайран да қайран әкенің де шыдамы таусылған болуы керек, бір күні ымырт үйіріле самолеттің билетін алдына лақтыра салғаны. Ертеңгі билет екен. Бұған салса қазір ұшуға дайын. Анасы таң атқанша дәу қара шабаданды мың рет тексеріп шыққан шығар. КазМУ-дің қабылдау комиссиясындағы Тұрымтай апай баласы келгендей қарсы алды.
– Заттарыңды әрі-бері сүйретпей, мына жерге қойып кет. Никольский базарының жанындағы жатақханаға жолдама беремін, емтиханға мұқият дайындал. Шығармашылық конкурсқа әкелген материалдарың бар ма? – деп сұрап қояды.
«Қазақстан пионері» мен аудандық газетке шыққан төрт материалы бар еді. Неге екенін кім білсін, жаңа ғана жүзінен мейірім нұры төгіліп тұрған апайы басын шайқады. Әлде балаң қаламмен жазылған балауса дүниелерді азырқанды ма екен? Әйтсе де, шығармашылық сынақтан өтіп кеткені. Қазір ойлап қараса, өзінің кластасы әрі үлгілі оқушы Олжабай туралы жазған «Қызыл галстукты бала» деп аталатын суреттемесі мен ауылдағы пошташы Кәмен атай туралы жазылған мақаласы көңілдерінен шықты білем деп ойлап қояды.
– Оныншы сыныптан кейін ҚазМУ-ге топ етіп түсе қалғандықтан, бейне бір он бірінші сыныпқа түскендей балаң да алаң көңілде едік, – дейді Бақберген Түймебайұлы. Журналистика факультетінің деканы Тауман Амандосов баршамызды жинағанда, әр облыстан келген үміткерлердің қатары ойсырап қалғандай көрінді. Виноградов көшесіндегі 88-үйдегі жатақханадамыз. Бір-бірімізбен енді танысып жатырмыз. Ішімізде кім жоқ дейсіз, ақын да, жазушы да осында, әртістер де бар екен. Өнер дегеніңіз жетіп артылады. Сол жылдары аттары дүркіреп тұрған Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жатқа айтады, Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев, Жақау Дәуренбековтің газет-журналдарға шыққан мақалаларын оқыған кезде аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Бірде деканаттан бізге «Лениншіл жасқа» барасыңдар деді. Сол газетте абитуриенттерге арналған рубрика ашылған екен. Үлбіреген үмітпен жазған дүниелерімізді ұсындық. Жолы болғандардың ішінде мен де бармын. Сол бір сәт қанат бітіріп, сенімімді нығайтты.
Оқуға жаңа түскен студенттердің алдында не стипендия алу, не жатақхана алу деген таңдау тұрған. Екінің бірі. Біреуін алсаң, бірі жоқ. Амалсыздан стипендия алуға келіскен. Ендігісі пәтер табу. Пәтер де табылды, пәтермен бірге жақсы жолдас та. Болат Шырынбеков екеуіне Сауытбек Абдрахмановтың жолыққаны. Үшеуі Котовский көшесіндегі 19-үйде тұрды. Ұядай ғана шағын бөлме. Сауытбектің қара шабаданы – қазына. Бәрі кітап. Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Толстой мен Пушкин де осында, Бунин мен Хемингуэй де жүр. Бақыт екеуі таң қалған. Журфакта да осыны оқыта ма? Жүректері май ішкендей кілкіді.
1975 жылы журналистика факультетін бітіргеннен кейін қияндағы Ақмоланың облыстық «Коммунизм нұры» газетіне жолдама алған. Әп еткен бетте, солтүстік өңірдің сұрқы жылы қабылдай қоймады. Қазанның қара суығы апшыны қуырып тұр. Ақмолада он күндей жүрген болар, жерсіне алмады. Әйтеуір, бір абыройы болғанда облыстық газет басшылары бізге «кадрдың қажеті жоқ» деген анықтама жазып бергені. Сол анықтама арқылы қолына дипломы тиді. Өзінің туған өлкесіндегі, яғни оңтүстіктегі Қазығұрт ауданының сол кездегі «Ленин өсиеті» деп аталатын газетінде жұмыс істеді. Аты аудандық газет болғанымен, жұмыс мұнда да қайнап жататын. 1978 жылы Қазақстан Жазушылар одағының «Жазушы» баспасына редакторлық қызметке алынды. Сөз арасында аудандық газетте мұндай мәртебелі орынға кез келген қаламгердің алына бермейтіндігін сыналай айта кетсек те артықтығы болмас.
– Жан жарым Бақыттың отбасылық жағдайына орай 1980 жылы көрікті Көкшеге қоныс аударуына тура келді. Содан бері осы аруақ қонып, нар шөккен киелі жердің бел баласына айналдым, – дейді Бақберген Түймебайұлы, – әуелі облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне орналастым. Жазғаным үзбей жарияланып, ел танып еңселенген кезде бөлім меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі, кәсіподақ ұйымының төрағасы болдым.
Газет редакторы белгілі қаламгер, марқұм Жанайдар Мусин еді. Теріскей өңірде қазақ журналистері тапшы кез. Бақбергенді ұжыммен таныстырған кезде Қазақстан Жазушылар одағының баспасы «Жазушының» аударма редакциясында қызмет атқарғандығына салмақ түсіре сөйлесе керек. Редколлегия алқасының мүшелері: «бұл бала осал болмады ғой, қызмет мектебі де мықты екен» дескен. Көкшенің күйеу баласы – Бақберген қаламгерлердің қалың ортасында болғандығын бірден байқатып, «тастай батып, судай сіңіп» жүре берген. Алғашында жүйрік журналист Маман Ементаев басқаратын ауыл шаруашылығы бөлімінде істесе, кейін белгілі ақын Төлеген Қажыбаев басшылық жасаған партия тұрмысы бөліміне ауысқан.
Қаламы шашасын шаң баспас майда жорға, енжарлығы жоқ, барынша жинақы, шымыр ойлылығы талайды көрген көптің көңілінен шықса керек. Жасыратыны жоқ, ол тұста партиялық талаптар үдесінен шығамыз деп сан журналист талай рет шамырқанып, сан рет тауы шағылып жататын сәт аз болмайтын. Редактор Жанайдар Мусин журналистердің қарым-қабілетін тереңірек білгісі келгендіктен бе екен, кез келген тақырыпты жазуға жетелеп, арнайы тапсырма беріп отыратын. Шынтуайтында бұл бір үлкен мектеп. Түпкі ой, журналист адам қасаң қалыпта қалып қоймай, әмбебап болсын деген ниет те. Міне, осындай сындарлы сынақтан сүрінбей өткен Бақберген Амалбеков 1992 жылы республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне тілшілікке ауысқанда, кез келген тақырыпты жеріне жеткізе жазатын, шеберлігі мен тәжірибесі қаптал жететін қарымды қалам иесі еді.
Ел газеті «Егеменде» ширек ғасыр еңбек етті. Тақырып та саналуан. Өңірдің жылт еткен жетістігін, жалпақ жұртты жақсы іске бағыттау, жаңа, тиімді бастамаларды насихаттау, қарапайым еңбек адамдарының тіршілігін қаузап жазу дейсіз бе, ат үстінен түскен жоқ. Қалам қайратын танытты.
Журналистің жүгін таразыға тартқымыз келіп уақыт табымен сарғайған газет тігінділерін ақтарып шықтық. Міне, жампоз журналистің қаламынан туған, көкейкесті тақырыпты қаузаған сүйекті мақала. «Дендропарк демеу күтеді». Бурабай баурайындағы ағаш тұқымын өсірумен айналысатын ұжымның қомақты мәселелері. Мақаланы оқып шыққанда өзіміз де бұл тараптағы білімімізді біраз жетілдіріп қалғандаймыз. Ағаш түрінің мыңнан асатындығын кім білген. Кәдімгі қарағайдың өзінің елуден астам түрі бар. Сан жылдар бойы орман шаруашылығы ғылымын көркейтуге септесіп келе жатқан ұжым мәселесі шашетектен екен. Автордың өзімен тілдескенімізде бұл мақала ел газеті – «Егеменде» жарияланған соң Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қаралып, шешімін тапқан екен. Міне, ел ішіндегі көзден таса, көңілден жырақ қалған, әйтсе де, өте қажетті дүниенің тынысын дөп басып, жаза білген журналистің еңбегінің жанғанын көрсететін дүние. Ендігі бір қаузаған тақырыбы елорда мен Бурабайдың арасын жалғап жатқан күре жолдың күрмеуі көп сәттері. Ел тәуелсіздігін алған кезде бұл жолдың бабы келіспей жатқандығы шындық. Міне, осы жайды «Күре жолда да күрмеуі көп мәселе бар» деп жазған екен. Жалғыз жолдың жайы ғана емес, жол бойындағы жолаушыларға көрсетілер қызмет те тәптіштеліпті.
Мына бір жайды айта кетпей болмас. Егін орағының қызып тұрған шағы. Кейіпкеріміз сол кездегі Көкшетау облысына қарасты Чистополье ауданындағы «Жаркөл» кеңшарына бара қалады. Күнімен егістік алқаптарды аралайды. Қас қарайған соң кеңшар директоры Назымбек Жағыпаров шай ішуге шақырады. Алдарына ас келіп, әңгіме-дүкен өрбіген кезде кеңшар директоры ұлының сырқаттанып жүргенін айтады. Жүрегі дімкәс екен. Ол тұста бүгінгідей жүрекке ота жасау тәжірибеге енбеген уақыт. Жаздың күні Ресейдің Новосібір қаласындағы жүрек аурулары клиникасымен хабарласқан екен. Шақырту күзде келіпті. Енді барайын десе, жауапты науқан. Бармайын десе, бауыр еті баласын емдету керек. Тығырыққа тірелген жайы бар. Қайран да қайран әкенің бір қолын екі ете алмай ет жүрегі елжіреп отырғанын көрген Бақберген аға жұлып алғандай, «мен апарып келейін» депті. Сөйтіп, төрт күн уақытын балаға арнаған. Сапар сәтімен аяқталыпты. Кейін ауруынан құлантаза жазылған жеткіншек Көкшетау қаласындағы техникалық институтқа оқуға түсіп, офицерлік шен алған. Арагідік көшеде кездесіп қалғанда жүгіріп келіп сәлем береді екен. Осы тақылеттес тағы бір оқиғаны айта кетсек, артық болмас. Бірде бұрынғы Уәлиханов ауданына барған. Шаруасын тиянақтай келе көшеге шықса, көз таныс азаматтың жолыға кеткені. Кәдімгі облыстық «Көкшетау правдасына» мәнді мақалаларын жариялап тұратын жергілікті тілші Тілеухан Мәженов. Қытайдан келген азамат. Амандық-саулық сұрасқан соң Тілеухан Бақбергенді уақытша тұрып жатқан жеріне алып келеді. Сөйтсе әлдебір мекеменің от жағатын қазандығы. Мына жайды көргенде журналистің иманы қасым болады. Мынандай жерде де тұруға, күн көруге бола ма? Іле осы жайды аудандық газеттің редакторы Айдархан Кәріпхановқа және аудан басшыларына айтып құлағдар етеді. Мәселенің байыбына барған басшылар жергілікті тілшінің жағдайын жасап берсе керек.
Баяғы балғын шақтағы өлең өлкесіне деген құмарлығы да көкірегінен бір шықпай қойды. Газет жұмысынан қолы қалт еткенде, мөлдіретіп жыр жазатын. «Керімсал» атты алғашқы жыр жинағы жарық көргенде, Көкшедегі ойлы оқырман елең еткен. Әр жолы ой астарына атан түйеге жүк болар сыр бүккен, өзіндік айтары бар өлеңдер оқыған жанның жан-дүниесін баурап, ғажайып бір әлемге сүңгітіп жібергендей. Орталарын Келес өзені ғана бөліп жатқан, қанаттас қонған екі ауылдың қарапайым тірлігін сипаттайтын «Сырлы өзен» атты өлеңін оқып қараңызшы:
Қиял құсы қайда ұшып самғады?
Бәлкім, жанын жастық
шақпен жалғады.
Қарсы алатын шарбағына сүйеніп,
Екі ауылдың ерте тұрған шалдары.
Көкірегін қоламтаның шоғындай қыздырып жататын көне суреттер. Кәдімгі қараша ауылдың қоңырқай тіршілігі. Жанына жақын ел адамдарының естен кетпес бейнесі. Әдемі емес пе?! Әрине, әдемі!
Осы жинақтағы:
Айнам болып айдын көл,
Тарақ болған саумал жел.
Немесе
Уысымда жібек жел – шашың қалды,
Үлестіріп жатқандай мөлдір аспан.
Әйтпесе,
Ұйқысынан оянатын жұлдыздар,
Шелегіңнің сыңғыр-сыңғыр үнімен,
– дейтін шумақтардан ақын Бақберген ағаның қаламынан туған қапысыз әдемі суреттерді көресіз. Көресіз де, өз жаныңызға да жақын, өзіңіз де айтқыңыз келген көріністер еске түседі. Жүрек туралы жазғаны жүрекке жететіндей.
Бармақтай ғана ардақтым,
Сындарға талай салмақпын.
Бір тұтам мына өмірге,
Барымды беріп қалмақпын.
Сенесіз. Өйткені, ақын
сендіре сөйлейді.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақберген Амалбеков «Керімсал», «Қаржы полициясының қарымы», «Әлемге әдемі қараңыз», «Қайығын қисайтпағандар қағидаты», «Сырын ұғу әлемнің – түзуімен сәлемнің» атты жинақтардың авторы. Сондай-ақ «Зеренді көктемі» жас ақындар жинағын құрастырып, ондаған талапкерлерге оң сапар тіледі.
Күйеуліктен бауырлыққа ауысқан Бақберген ақын Көкшетау өңірінен өзінің баянды бақытын тауып, Алаш жұртының игі мұратына әлі де қызмет етіп келеді. «Ақпарат саласының үздігі», Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі Бақберген Амалбеков бүгінде республикалық «Ақиқат арнасы» газетінің облыстағы меншікті тілшісі.