• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қаңтар, 2022

Өмірде өнегелі ізі қалған

1381 рет
көрсетілді

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ардақты ақын, халқымыздың болмысы бөлек бірегей тұлғаларының бірі Кәкімбек Салықовтың туғанына тоқсан жыл толды. Осыдан он жылдай бұрын дүниеден озған айтулы азаматтың өзі жоқ болса да, өмірдегі ізі, сабырлы мінезі, ел дегенде елеңдеп тұратын елгезек қасиеті, жақынға жанашырлығы жадымнан өшкен емес. Қайта, жыл өткен сайын ол кісіні сағынып есіме жиі аламын.

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында дүниеге келген асыл ағамыздың балалық шағы Айыртау өңіріндегі Ақан сері елінде өтті. Шоқанның әжесі Айғаным ханымның қыстауы болған Сырымбет орта мектебінде, көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері Бәйкен Әшімовтен тә­лім алса, білім ордасында Еркін Әуелбеков, Аманолла Рамазанов, Шота Уәлиханов секілді танымал қайраткерлермен бірге оқыды.

Сырымбет – Саумалкөл, Шал­қар, Құмдыкөл, Жекекөл, Ақ­бал­шық, Тораңғыл, Қоскөл секіл­ді сұлу көлдер орап жатқан, Сары­ар­қаның ғажайып сыр тұн­ған өлкесі. Осындай табиғаты көркем өңірде өскен адамның ақын болмауы мүмкін емес. Ол бала күнінен өлеңге ғашық болып, алдымен жұртшылыққа ақын ретінде танылды. Алғашқы «Сыр» атты жыр жинағынан бастап, көзі жұмылғанға дейін бір­неше поэзиялық кітаптары жарық көрді. «Дала», «Қырандар», «Гәкку», «Жезкиік», «Тәттімбет», «Дом­быра», «Қарақалпақ», «Ке­не­сарының соңғы сөзі» және «Қаныш Сәтбаев», «Ебіней Бөке­тов», «Бәйкен Әшімов» туралы тамаша поэмалар жазды. Шетел қаламгерлерінің шығармаларын ана тілімізге мөлдіретіп аударды. Халқымыз ақынды «Қазақтың жез қанатты жезкиігі» деп қадір тұтты. Мен мақаламда ол кісінің қай­раткерлік қырына тоқталсам дей­мін.

Кәкімбек ағамыз Мәскеудің түсті металлургия және алтын инсти­тутын бітіргесін шетелге бер­ген жол­дамадан бас тартып, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың бас­­­тамасымен сол кезде ашылған Жез­қазған кенішіне сұранып келіп, алды­мен кен шебері болып еңбек жолын бастады. Одан соң учаске жетекшісі, кен бас инженері және алты жыл шахта басшысы болды. Қысқасы, шахтада он жыл қызмет істеп, өндірістің қыр-сырын толық меңгеріп, мықты маман, білікті басшы ретінде қалыптасты. Өзі үнемі: «Адал басшы болсаң, қан­дай қиыншылықтардан да аман шығасың» деп айтып отыратын еді. Меніңше, ағамыздың осы ұста­нымы оны өмірде кездескен түрлі кедергілерден аман алып шығып, жетістікке жетуіне қанат байлады. Жезқазған кенішінде іскерлік қабілетімен көзге түсіп, өндіріс­ке жаңаша тәсілдерді енгізді. Жұ­­­мыс­­шылармен жақын араласып, олардың әлеуметтік мәселе­ле­рін дер кезінде шешіп, шын мәнінде кеншілердің лидеріне айналды. «Осындай шақта маған Қаныш ағамыздың кемеңгерлігі мен ғибрат мінезі үлгі болды» деу­ші еді.

Білікті маманның білімділігі мен ұйымдастырушылығын оң баға­лаған басшылық оны Жез­қаз­ған тау-кен комбинаты партия ұйы­мының хатшысы етіп сайлады. Мұнда да қызметкерлерге жақсы қырымен танылды. Содан кейін Жезқазған қалалық партия комите­ті­нің бірінші хатшылығына көте­ріл­ді. Осы жылдары кенді өлкеде мыс зауыты іске қосылып, өндіріс көлемі күшейді. Жезқазған облысы ашылғанда, облыстық партия ко­митетінің екінші хатшылығына сайланды. Бұл – өте жауапты кезең еді, жаңадан ашылған облысқа жан-жақтан жауапты ма­мандар көшіп келді. Қаншама меке­мелер ашылды. Солардың бәрі­нің аяғынан тұруына жан аямай еңбек етіп, оның тапсырмаларын өндіріс басшылары екі етпей орындады.

Осындай нәтижелі еңбегімен, іскерлігімен көзге түскен азамат 1975 жылы КОКП Орталық Ко­ми­теті аппаратының инспек­то­р­лығына шақырылды. Негізі, аппарат инспекторы хатшыларға ғана бағынады. Кәкімбек ағамыз бұл қызметінде одақ көлеміндегі өндіріс және транспорт мәселелері бойынша түсетін өтініштер мен ұсыныстарды қадағалады. Осы қызметінде жүріп, экономикалық реформаларды жүргізуге қатыс­ты екі ұсынысын жеткізеді. Сол уақытта қара топырақты аймақ­тар­ды игеру туралы ұсыныстар бас­талған кез екен, ол кісі осы­ған қарсы шығып, оның орнына мал шаруашылығын әрі қа­рай дамытуды айтса, екінші, өн­ді­­ріс­тегі кәсіпорындарға тең құ­қық беріп, оларға жағдай жасау­ды көтерген. Бұған КСРО Министр­­лер кеңесінің төрағасы Косы­гин қарсы болмағанымен, Орта­лық Комитеттен қолдау болма­ды. Инспекторлық ол кісіні адалдық пен туралыққа үйретті. Бұл қызметтің бір бағытына – жергілікті басқару органдарындағы заңсыздық пен үлкен қылмыстарды тексеру жүк­тел­ген. Осы жауапты жұмыста әділ­дікті берік ұстанып, мамандар­ды жазықсыз қаралаудан аулақ болды.

Он жылға жуық КСРО Орталық коми­тетінде жемісті жұмыс істеп, 1984 жылы Қарақалпақстанның пар­тия комитетінің бірінші хатшы­лығына сайланды. Бұл жоға­ры лауазымға ол кісі оңай бара қал­ды деп ойламаймын. Кеңес өкі­­метінің кадр іріктеудегі тәртібі өте қатал. Ол сыннан мүдірмей өту үшін барлық біліктілігіңіз бен білімділігіңіз сынға түседі. Міне, осы сыннан мүдірмей өте біл­­ген тәжірибелі маман алдымен Қара­қалпақ халқының тұрмыс-тір­шілігімен танысып, ауыз су тап­­шылығы, электр жүйесі мен жер­гілікті тұрғындарды газбен қам­тамасыз ету төмен деңгейде екендігін байқайды. Теңіз тартыл­ған­нан кейін жұмыссыз қалған балықшылардың жай-күйін біле­ді. Сондай-ақ білім беру, ден­сау­лық сақтау салаларында да қор­даланып қалған проблемалар жет­кілікті екендігін көреді. Осы өзекті мәсе­лелерді шешуге жаңа басшы білек сыбанып кіріседі. Алдымен проб­ле­маларды жан-жақты талдап, оның шешілу жолдарын анық­тай­ды. Кеңес өкіметі кезінде кез-келген мәселе қаулы арқылы жүзеге асады. Сондықтан ол кісі КОКП Орталық комитеті мен Кеңес Одағы Министрлер кеңесін Қарақалпақ елінің әлеу­мет­тік және экономикалық дамуын же­дел іске асыру үшін ұсы­ныс әзір­леп, соның есебінен қаулы қа­был­дануына бар күш-жігерін жұм­сады. Нәтижесінде, өнеркәсіп оның ішінде құрылыс материалдары өндірісі дамып, ауыл шар­уа­шылығы ілгері басты. Халықтың тұрмысы көтеріліп, елді мекендерді электрлендіру - 90 па­йызға, газбен қамтамасыз ету 16 па­йыздан 85 пайызға өсті. Соны­мен қатар тұрғын үй, жол салу мәселелері де шешімін тапты.

Кәкімбек Салықов Қарақал­пақ­станды басқарған жылдары Арал проблемасымен жан-жақты айналысты. Өйткені жер бетінен өшіп бара жатқан теңіздің зардабы алдымен іргелес жатқан екі елдің экологиясына қатты әсер етті. Сондықтан ол Арал мәселесін те­рең түсінді. Теңіздің ауыр жағ­да­йына байланысты үкіметтік комис­сиялар құрылды. Сол уақыт­та­ғы экология мәселелеріне жауапты Госгидрометтің басшысы Ю.Израэль мен КСРО Ғылым ака­демиясының вице-президенті В.Коптюг басқарған үлкен комиссия Нөкісте жұмыс істеді. Соның нәтижесінде Коммунистік пар­тия­ның Орталық комитеті мен КСРО Министрлер кабинетінің Арал туралы, оның ішінде Қара­қал­пақстанның жағдайы жөнінде қаулы қабылданып, теңіздің тартылуына байланысты халыққа әлеуметтік төлемақы төленді.

Кәкімбек ағаның сырт елдегі бе­де­­лі­не байланысты бір мысал ай­та­йын. Қазақстан үкіметі бас­­­шысының орынбасары болып жүргенде Арал проблемасымен мен де шұғылдандым. Бірде қыр­ғыз, өзбек, тәжік, тү­рік­мен ағайын­дар­мен ресми түр­де кездесіп, теңіз мәселесін тал­қы­­ладық. Жиынға Өзбекстан Премьер-министрінің орын­басары Исмаил Жорабеков қа­тысты. Беделді, білімді азамат. Ол комиссия отырысында кейде қы­зы­нып сөйлеп кетеді. Ондай кезде оны сабырға шақырып: «Исмаил-ака, бұл жағдайды Кәкімбек аға «былай айтқан» десем, сөзге тоқ­тап, қос қолын көте­ріп, қолдап шыға келеді. Сонда Салықовтың Өзбек­стан­дағы беделі мен Арал теңізінің проб­­­ле­масын жетік білген білікті маман екеніне көзім жетті. Ағамды одан әрі жақсы көріп кеттім.Ол кісінің осы еңбегін қарақалпақ аға­йындар ұмытқан жоқ, ағамыз қай­­тыс болғанда сол елден арнайы өкілдер келіп, асыл азамат туралы есті естеліктер айтып, жылы лебіз­де­рін білдірді.

Жалпы экология − ешқашан күн тәрті­бінен түспейтін тақы­рып. Кәкімбек Салықов Қарақал­­­­­­пақ­­­стан­нан кейін Мәскеуге жоға­ры­лап, Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің Экология комитетінің төрағасы, Жо­ғарғы Кеңестің Пре­зи­диум мү­шесі секілді ла­уазым­ды қыз­мет­­ті атқарды. Шын мәнінде, қазақ ара­сынан бұрын-соңды мұн­дай қыз­метке тағайын­дал­ған қандас­та­рымыз сирек. Осы биік деңгейде жүріп, одақтас рес­пуб­ликалардағы экология проб­ле­масын жан-жақты қозғап, дабыл қақты. Оның ішінде, әсіресе Қа­зақ­станның экологиялық проб­лемасын жоғарыға жеткізіп, соның шешілу жолдарын іздеді. Қомақты қаржы бөлуге септігін тигізді. Арал теңізін экологиялық аймақ деп танып, оның өзекті мәселесін әлемге естіртуге күш сал­ды. Американың атақты эко­лог­тарының бірі, кейін вице-президент болған Альберт Гор алыс­­тан ат терлетіп келіп, Аралдың жағдайын көзбен көріп, проб­ле­масымен танысты. Соның нәти­же­сінде АҚШ үкіметі Аралға көмек қолын созды. Чернобыль атом электр стансасында болған апат­ты жою және осы апатта зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік жағынан көмек жасау туралы қау­лы шығаруға мұрындық болды.

Тұғырлы тұлғаның тағы бір қасиеті – елжандылығы еді. Ол кісі туған халқын ерекше жақсы көрді. Еліміз егемендік алғанда балаша қуанып, азаттық туралы қаншама жыр жазды. Еліміздің бас ордасы Ақмолаға көшкенде, осы идеяны жан-тәнімен қолдап, зиялы азаматтардың қатарында елордаға алғашқы болып қоныс аударды. Астана туралы тамаша өлеңдер жазып, бірнеше жыр жинағын шығарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне үш мәрте депутат болды. Халықаралық Қаныш Сәтбаев қорының президенті болған кезде ұлы ғалымның еңбектерін жа­рық­қа шығару мен насихаттауға үлес қосты.

Ардақты ағамен өмірінің соң­ғы жылдарында жиі араласып, оны жақыннан тани түстім. 1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болған, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, немере ағам Фазыл Кәріб­жановтың өмірі мен адами қасиеті жайында «Заман сыры» деген поэма жаз­ды. Осы шығарманы жазып жүр­генде ол кісі: «Қайраткердің туған жерін көзіммен көрсем» деген ойын айтты. Сөйтіп, екеуміз жеңіл көлікпен Омбыға сапарға шықтық. Он сегізінші ғасырда Әжімбет би бабамыз бастаған Бу­рабай мен Айыртаудан жаңа жерлерді игеруге қоныс аударған ұлы көштің жолымен жүріп отырдық. Жол бойы әңгіме тиегі де ағытылды. Ағамыз бұл өңірде туған тұлғалар мен тарихты өте жақсы біледі. Көрнекті қайраткер Смағұл Сәдуақасовтың ауылы тұсынан өтіп бара жатқанда, қысқа ғұмырында тоталитарлық жүйеге қарсы тұрған ерен ер жайында құнды деректер айтты. Енді бір бүйірдегі әйгілі опера әншісі Ермек Серкебаевтың аталарының ауылынан өткенде «Кеңес Одағындағы үздік Фигаро» атанған тарлан тұлға туралы кеңірек әңгімеледі. Қа­зақстанды қиын-қыстау жыл­дары басқарған Жұмабай Шаях­ме­товтің туған жеріне тоқтағанда Ұлы Отан соғысынан кейін ел экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқа­тын жақсартуға зор үлес қос­қан қай­раткердің өмір жолынан тағы­лым­ды естелік өрбітті.

Омбыға жеткеннен кейін алдымен Шоқан Уәлиханов оқыған кадет корпусына бардық. Бізді аталған оқу ордасының басшысы, полковник, Кеңес Одағының Батыры Н.Кравченко жылы қар­сы алып, ілтипат көрсетті. Кадет корпусының музейіне алып барды. Онда қазақтың ұлы ғалы­мы­ның портреті тұр екен. Сурет­тің астында сарғайған қағаздарды көріп, Кәкімбек аға оған: «Ғалым­ның еңбектері осы ғана ма?» деп сұрады. Ол: «Иә» деп жауап берді. Содан ақын сол жер­де­гі тұр­­ғандарға Шоқанның та­рих­шы, шы­ғыстанушы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы секілді сан қырын кеңінен әңгімеледі.Қыруар сан шығармалары барын айтты. Олар аузының суы құрып тыңдады. Енді бір бұрыштан генерал Л.Кор­ниловтың суретін көріп қалған аға­­мыз оның да тарихынан сыр тартып, анасы қазақ болғанын баяндады. Кейін тағы Омбыға жолым түскенде арнайы кадет корпусының басшысына Шоқан Уәлихановтың 35 жыл бұрын орыс тілінде жарық көрген шығармалар жинағының бес томдығын апарып бердім.      Бұдан кейін Омбының аграрлық университетіне бас сұқтық. Бұрын бұл оқу ордасын ауылшаруашылық институты аталған кезде тәмамдаған едім. Кезінде мұнда қазақтың көптеген зиялы азаматтары білім алды. Бізді осындағы жол бастаушылар университет тарихынан сыр шертетін мұражайға ертіп барды. Кәкімбек аға музей экспозициямен толық танысып, оның басшысына: «Осы университеттің түлегі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Фазыл Кәрібжанов туралы кең экспозиция жоқ екен. Неге арнайы орын бермедіңіздер», деп кейістік танытты. Музей бас­шысы: «Біз бұл жерге Кеңес Ода­ғының қайраткерлерін кең кө­лемде кіргізген жоқпыз. Тек атақты ғалымдарға ғана арнайы орын бердік», деп ақталды. Ол кісі тағы да: «Егер ғалымдар болатын болса, осы оқу ордасынан білім алған көрнекті энергетик, мыс, қорғасын, мырыш құру және дамыту жаңа технологиясының авторы, академик Шапық Шөкин, минералды тыңайтқыштар мен минерал тұздарды өңдеудің технологиясына тың жаңалық енгізген академик Әбікен Бектұров, жазушы - академик, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов туралы неге ешқандай дерек жоқ» деп сұрады. Кәкімбек ағамыздың энциклопедиялық біліміне таң қалған мұражай директоры ләм деп үн қата алмады. Осы сапарда ақын біздің ауылға барып, Фазыл ағаны көзі көрген үлкендермен әңгімелесті. Аталарымыздың ескі жұртын аралады. Қайраткердің анасының басына барып, құран оқыды. Бейіт басында өсіп тұрған ақ қайыңды көріп, толқыған сезім­нен «Асыл ана зиратында ақ қа­йың» деген жыр жазды. Кейін Фа­зыл ағаның жүз жылдығын мем­­­ле­­кеттік деңгейде атап өтуге атса­­лысты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәкімбек Салықов көзі тірісінде бірқатар мемлекеттік орден-медальдармен марапатталып, Солтүстік Қазақстан және бұрынғы Жезқазған, Көкшетау облыстарының құрметті азаматы атанды. Біртуар тұлғаның өмір­­ден озғанына біраз жылдар өтсе де ол кісіні ел есінде сақ­тайтын республика деңгейінде іс-шаралар ұйымдастырылған жоқ, соның уақыты енді келді деп ойлаймын. Өмірде қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстап, өзінің мәңгілік сара жолын салған абыз ағамыздың өнегелі ізі ешқашан өшпейді.

 

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері