Қарыз азаймай қал жақсармайды. Өкінішке қарай, ел тұрғындары қарыз үстіне қарыз жамап жатыр.
Несиеден құтылу үшін несие алудың соңы триллиондаған қарызға әкеп тіреген сыңайлы. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанның бөлшек несие портфелі 10,76 трлн теңгені құраған. Бұл былтырмен салыстырғанда 42,9 пайызға жоғары. Бірінші несие бюросы осындай ақпарат таратты.
Бөлшек қарыз портфелінің басым бөлігін кепілсіз несиелер (5,28 трлн теңге) құраса, ипотекалық несие үлесі – 3,39 трлн теңге, автонесиелеу – 1,09 трлн теңге, несие карталары – 348,3 млрд теңге және кепілді тұтынушылық несиелер 498,3 млрд теңге екен. Бұл ретте Бірінші несие бюросы тек екінші деңгейлі банктердің ғана емес, одан басқа да қаржы ұйымдарының көрсеткішін есепке алған. Айта кеткен абзал, бөлшек несиенің 90,3 пайызын екінші деңгейлі банктер ұсынған.
2021 жылы жалпы 8,9 трлн теңге бөлшек несие берілген. 2020 жылмен салыстырғанда 83,6 пайызға немесе 4,1 трлн теңгеге көп. 25,67 млн келісімшарт жасалса, қарыз алушылар саны 6,16 млн адамға жеткен. Осы ретте зейнетақы қорындағы артық ақшаны пайдалану мүмкіндігі несие көлемінің көбеюіне мультипликативті әсер берген. Бұл ипотекалық несиенің өсуіне де (1,92 трлн теңгеге жеткен) ықпал еткен.
Ал бюро былтыр берген кепілсіз несие көлемі 5,45 трлн теңге деген дерек келтіреді. 2020 жылға қарағанда кепілсіз несие 86,1 пайызға, несие карталары 95,2 пайызға (401,5 млрд теңге) өскен. Автокөлік алу мақсатындағы қарыздарға 592,2 млрд теңге бөлінген. Өңірлер бөлінісінде займдардың көбі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына және Алматы мен Түркістан облыстарына тиесілі. Елдегі бүкіл қарыздың 44 пайызы осы төрт аймақтың еншісінде екен.
2021 жылы БЖЗҚ-дан тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 2,5 трлн теңге алынған. Үй сатып алуға – осы қаражаттың 68,5 пайызы, ипотеканы өтеуге – 15,3 пайызы, басқа мақсаттарға 16,2 пайызы жұмсалған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, тұрғын үймен жасалған келісім саны 606 мыңнан асқан. Бұл ретте автотранспортты тіркеу бойынша келісімдер біршама төмендеген.
«2021 жылдың 11 айында автотранспортты тіркеу саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға төмендеп, 710,4 мың бірлікті құрады. Мұндай төмендеу екінші нарық есебінен болып отыр. Ал жаңа автомобильдердің сатылымы 25,9 пайызға өсіп, 117 мың бірлікке жетті. Сонымен қатар автокөлік алу мақсатымен рәсімделген несиенің жалпы сомасы 57,5 пайызға ұлғайып, 592,2 млрд теңгені құрады», деп мәлімдеді Бірінші несие бюросы.
2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша былтыр несие жүйесі 333 мың қарыз алушымен толыққан. Осыншама адам 2021 жылы алғаш рет несиеге жүгінген және бұрын-соңды несие тарихы болмаған. Олар жалпы сомасы 118,5 млрд теңге көлемінде алғашқы несие рәсімдеген.