«Мемлекет экономикаға араласпауы керек» деген ұстаным Қазақстанда бірте-бірте орындала бастады. 2020 жылға дейін де мемлекеттік бағдарламалар экономикада елеулі рөлге ие болып келген еді. Екі жыл бұрын басталған COVID-19 пандемиясы нарыққа ауыр тиді де, мемлекет экономикаға тіпті белсенді араласуға мәжбүр болды. Бизнес пен азаматтардың экономикалық белсенділігі құлдырап, бірнеше кәсіпорын уақытша жабылды, ал біразы жұмысын біржола тоқтатты.
Ranking порталының жазуына қарағанда, пандемия салдарынан туындаған дағдарыс салдарын жойып, қалыпты өмірге қайта оралу үшін 6,3 трлн теңге бөлінген. Бұл ретте бас қаржылық қадағалаушы – Ұлттық банктің өзі 2,3 трлн теңге берген. Отандық кәсіпкерлерге 977,2 млрд теңге көлемінде 3 362 жеңілдетілген займ ұсынылды. Соның нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар өндірістік әлеуетін сақтап қала алды.
«1,5 мың кәсіпкер қолдау арқылы іскерлік белсенділіктерін сақтап, 95 мыңнан астам азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті. Қадағалаушы бөлген қаржының нәтижесінде 11,5 мыңнан астам жоба 1,1 трлн теңге көлемінде қаржыландырылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық банк жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға қатысты: бағдарлама бойынша бөлінген 1,1 трлн теңгенің 800 млрд теңгесі осы бағдарлама аясында жұмсалды», делінеді Ranking зерттеуінде.
Осындай белсенді қолдаудың нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша 6,5 мың инфрақұрылымдық жоба жүзеге асып, әсіресе ауылдық жерлерде 238 мыңнан астам уақытша және 6,6 мың тұрақты жұмыс орны құрылып, біршама жұмыс орны сақталып қалған.
Соңғы жылдары мемлекеттің экономикаға араласпауы туралы жиі сөз қозғала бастады. Рас, мемлекеттің экономикаға несие беруді азайтуы ұсыныс пен сұранысқа негізделген таза нарық ұстанымымен жұмыс істейтін экономика қалыптастырады. Қай елдегі болсын, қаржы секторының табысты дамуы бәсекелі ортаның қалыптасуымен тікелей байланысты. Ақша ресурсының құнын нарық өзі анықтаған кезде бәсекелі, табысты экономикалық орта құрылатыны белгілі. Бұл кәсіпкерлік еркіндікке, табысқа және сапаға жол ашады.
Ал Ұлттық банктің ұдайы несиелеу бағдарламаларына қатысуы ырыққа көнбейтін инфляция өсімін үдетіп, валюта нарығын тұрақсыздыққа ұрындырып, соңында экономикалық өсім ұзақ мерзім бойы құлдырауға ұшырамақ. Осы орайда, Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы бағдарламалардан 2025 жылға дейін шығуды жоспарлап отырғанын айтайық. Ұлттық банктің экс-төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, қадағалаушы бөлген 2,3 трлн теңге арқылы Қазақстан экономикасы пандемияға дейінгі деңгейге оралып, өсім 3,5 пайызды құрады. Бірақ Ұлттық банк «Қарапайым заттар экономикасы» мен «7-20-25» бағдарламаларын биыл да жалғастырады.
«Экономиканы әртараптандыру және импортқа тәуелділікті төмендету мақсатына жеткеннен кейін Ұлттық банк инфляциялық қысымды түсіру және ақша-несие саясатының тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау кезеңіне өтуді маңызды деп санайды. Нарық мөлшерлемелеріне негізделмеген жеңілдетілген қаржыландыру экономикадағы ақша құнын және қаржы мен бизнес секторындағы бәсекені өзгертеді. Үкімет бұл факторларды мойындайды және мемлекеттік қолдаудың нарықтық емес құралдарынан бас тартудың 5 жылдық жол картасын ойластыруда», деді Е.Досаев.