Батыс Қазақстан облысындағы эпидемиялық жағдай күрделі. Қаңтар айының ішінде ғана 5 722 адам коронавирус жұқтырған. Соңғы аптада облыс стационарларындағы төсек саны көбейтілген.
Өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары коронавирус инфекциясының таралуына байланысты ахуалды жария етті. Мәселен, 21-27 қаңтар аралығында алдыңғы аптамен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі 27%-ға, 2 188-ден 2 997-ге дейін өсті.
Облыс эпидемиялық ахуал бойынша 14 қаңтардан бері «қызыл» аймақта. Жалпы, эпидемия басталғалы 45 792 адам осы ауруды жұқтырса, 859 адам COVID-19-дан көз жұмған.
«Аурушаңдық деңгейі көтеріліп, стационарлардың толымдылық пайызы артқан соң төсек санын 619-дан 751-ге дейін ұлғайттық. Осылайша, Бәйтерек аудандық ауруханасында – 30 төсек, КВИ оң нәтижелі босанатын әйелдер үшін облыстық перинаталдық орталықта – 20 төсек және облыстық инфекциялық ауруханада балаларға арналған төсектік орындар ашылды», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асхат Балықов.
Дәл қазір облыс бойынша 13 инфекциялық стационар істеп тұр. Мұнда 310 науқас ем алуда. 76 реанимациялық төсектік-орында 18 науқас емделуде.
Өңірде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін алған адам саны 265 637-ге жеткен. Бұл жалпы жоспардың 64,1%-ын құрайды. Оның ішінде «Спутник V» вакцинасын 190 116 адам, «QazVac» вакцинасын 20 545 адам, «Hayat-Vax» вакцинасын 25 010 адам, «Corona-Vac» вакцинасын 7 729 адам, «Vero Cell» вакцинасын 22 237 адам алған. Вакцинаның ІІ компонентімен барлығы 248 727адам егіліпті.
«Қазіргі таңда Pfizer компаниясының «Комирнати» вакцинасын 8 385 адам алды, оның ішінде 4 330-ы – жасөспірім, 294-і – жүкті және 3 761-і бала емізетін әйелдер», деп хабарлады Асхат Жәрдемғалиұлы.
Бүгінде облыстың 40 453 тұрғыны ревакциналаудан өткен. 25 қаңтарда облысқа «Спутник Lite» вакцинасының 3 мың дозасы жеткізілді.
Өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, инфекция, әсіресе кәмелетке толмағандар арасында кең тарап барады. Мәселен, жыл басынан бері 14 жасқа дейінгі – 505, 15-17 жас аралығындағы 156 жасөспірім вирус жұқтырған. Олардың арасында – 431 оқушы, балабақшаға баратын – 42, бармайтын 153 бала бар екен. Covid-19 диагнозы, сондай-ақ 178 мұғалімге, 156 дәрігерге де қойылған. Арнаулы орта оқу орындарының 24 студенті, ЖОО-лардың 20 студенті де вирус жұқтырып, есепке алынған.
2022 жылғы 27 қаңтарда Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің міндетін атқарушының қолданыстағы шектеулерді жеңілдетуді көздейтін жаңа №7 қаулысы қабылданған болатын. Соған сәйкес, Ashyq жобасына қатысатын нысандар үшін жұмыс және демалыс күндері уақыт бойынша жұмыс режімін шектеу алынып тасталды.
Сондай-ақ эпидемиялық тәуекел аймағына қарамастан, салтанатты кештерді, еске алу, ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелер мен конференциялар, форумдар өткізу, спорт кешендерінің, сауықтыру және діни нысандардың, ойын-сауық кешендерінің, сауда желілері мен бассейндер қызметінде қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіз «жасыл» мәртебесі бойынша жұмыс істейтін объектілер үшін шектеу алынып тасталды.
Батыс Қазақстан облысы