• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2014

Мәслихат мұраты

304 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының сая­си көзқарасындағы жаңа толқынды танытқан жергілікті өкілетті билік органдары – мәслихаттарға алғашқы сайлау өткізілгелі 20 жыл толды. Бұл сайлау еліміздегі бәсекеге қабілетті алғаш­­­қы сайлау болып танылуымен қатар, өркениетке ұмтылған қазақ­­стан­дық қоғамды демократияландыру үдерісін жеделдетті. Мәслихаттар заң шеңберінде жергілікті халықтың еркін­дігі мен ерікті іс-әрекет етуін қамтыды. 1994 жылдың 7 наурызында об­лыстық мәслихат депутаттарын сайлау үшін округтер құрылып, Жетісу жерінде 44 депутат сайланған еді. Шыны керек, сол депутаттардың әрқайсысы өңір экономикасын өркендетуге, жалпы, өмір қажеттілігін өтейтін барлық саланы дамытып, ел рухын көтеруге өзіндік үлестерін қоса білді. Сөйтіп, сайлаушылары алдындағы төл міндеттерін адал атқарып, сол елдің алдына әрдайым ұялмай жарқын жүзбен шыққаны да ақиқат. Мұны бүгінгі тарихқа айналған кешегі өмір белестері дегеніміз де жөн. Алматы облыстық мәслихатының I ша­қырылым депутаттары жұмыс істе­­ген уақыт еліміз егемендігін жария­лаға­нымен, алғашқы қадамын апыл-тапыл басқан қиын да ауыр кезең болатын. Об­лыстық мәслихаттың сол кездегі басты міндеті жергілікті бюджеттегі шектеу­лі қаржының мейлінше тиімді және мақсат­ты пайдаланылуын қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік жағдайының одан әрі төмендеуіне жол бермеу, елді мекендерде орын алып отырған проблемаларды дер кезінде шешу және алдын алу болды. 1997 жылғы 22 сәуірде Елбасының «Қазақстан Республикасының әкiм­шiлiк-аумақтық құрылысын оңтайлы ету жөнiндегi шаралар туралы» №3466 Жарлығымен Алматы облысының шекаралары оның құрамына Талды­қорған облысының аумағын қосу арқы­лы өзгертіліп, нәтижесінде Қазақ­стан Республикасының 1997 жылғы 19 маусымдағы «Қазақстан Респуб­ликасының әкiмшiлiк-аумақ­тық құры­лысындағы өзгерiстер жағда­йын­дағы жергiлiктi өкiлдi органдар жүйесi туралы» №130 Конституциялық заң­ға сәйкес бұрынғы Талдықорған облыс­тық мәслихатының депутаттары өз өкілеттіктерін сақтап, Алматы облыстық мәслихат депутаттары корпусының құрамына енгізілді. Елбасының Жарлығын газеттерден қиып алып төс қалталарына сақтап, жүрген жерлерінде шадыман шаттықтарын ірікпегені де рас. Тағы бір баса айтар жайт – осыдан 20 жыл бұрын Елбасы алдымен – экономика, сосын саясат деп шегелеп тұрып айтатын. Бұл ұлағатты өз басым 1995-2004 жылдар аралығында екі мәрте Парламент Мәжілісінің І және ІІ шақырылымдарының депутаты болған кезімде көкейіме түйген едім. Енді ше, жұмыс бабымен халықтың арасына барғанда ел-жұрт Астанаңызда не жаңалық, мемлекетіміздің ұстанған бағыты ше? деген секілді тосын сұрақтар қойғанда еш кідіріссіз Елбасының әуелгі кезек экономиканы дамыту керек деген сөзін түсіндіре айтып беретінбіз. Сондықтан Мемлекет басшысының көрегендігін кешегі күнмен байланыстыра айтқан жөн. 1999 жылдың 10 қазанында ІІ ша­қырылған Алматы облыстық мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы өткізілді. 44 депутаттық мандатқа 80-нен астам кандидат тіркелді. Осынау маңызды шараның «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес өтуін 3,5 мың байқаушы жіті бақылап отырды. ІІ шақырылымдағы депутаттық корпус жергілікті атқарушы органдар ұсынымы бойынша салық салу және бағдарламалық құжаттарды бекіту мәселелеріне біртіндеп ауыса бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2001 жылғы 14 сәуірдегі «Алматы облы­сы­ның облыс орталығын көшіру туралы» №585 Жарлығына сәйкес, Талдықорған қаласы облыс орталығы мәртебесіне ие болып, осы жағдай облыстың одан әрі қарқынды дамуына үлкен серпін берді. Өтпелі кезең қиындықтарынан ығыр болған елдің сол кездегі қуанышын айта білу де бір ға­нибет. Мемлекеттік саясатқа сай өңір­ді дамытқан үстіне дамыта т­ү­­суге өз кезектерінде облыстық мәс­­ли­хат депутаттары білек сыбана кірісті. Талдықорған өңіріндегі тоқы­рап тұрған өндіріс орындарының тың қарқынмен әрі уақыт талабына сай жұмыс істеуіне, Талдықорған қаласы инфрақұрылымдарының жаңар­тылуына, инвестиция тартуға, жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлердің салынуына баса көңіл бөлінді. Ел газеті «Егемен Қазақстан» басы­лымының мүмкіндігін пайдалана отырып, V шақырылған облыстық мәс­лихат депутаттарымен тұрақты қайы­­рымдылық қызмет атқарған, яғни әрқайсысы 5 миллион теңгеден қайы­рымдылық жасаған Ерғали Мира­зовтың, Усеин Қасановтың, Сер­гей Калининнің және Әбдіжапар Қыс­таубаевтың, сондай-ақ, 3,7 миллион теңгеден қайырымдылық жасаған Серік Донбаевтың, 180 орындық балабақша салдырған Еркін Белгібаевтың, 2 мектеп оқушысының «Ғұмыр Дария» ха­лықаралық байқауына бару шығын­дарын төлеп берген Валерий Сапо­ж­ни­ковтің есімдерін құрметпен атап өтке­німіз орынды. Облыстық мәслихатта былайғы жұрт назар аудара бермейтін басты жұмыстың бірі ретінде экономикалық-әлеуметтік және тағы басқа бағдарламалардың уақытымен қаржыландырылуын қамта­масыз ету мақсатында облыс әкімі­нің ұсынымы бойынша облыс бюдже­тін бекіту және оған өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу мәселелері қаралады. Бұл ретте өңір басшысын қолдап және ретіне қарай халық өтініштеріне орай өзекті мәселелерді қолдай білетін об­лыстық мәслихат депутаттарының белсенділігіне де мың алғыс. Жалпы айтқанда, Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары мәслихаттар жергілікті өзін өзі басқаруда және барлық сайлау нау­қандарында негізгі рөлге ие болғанын сеніммен айтуға болады. Осы жылдары еліміздің саяси және экономикалық бағыттарында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл табыстарда жергілікті өкілетті органдар өкілдерінің де сүбелі үлесі бар. Жергілікті өкілді органдарға сайланып, депутаттық қызметін атқарған әрбір халық қалаулысы Қазақстанның дамуына өзіндік үлесін қосты. Рухани деңгейі жоғары елі бар мерейлі мем­­­ле­кетте тұратын жас ұрпақтың бүгін­гі буын, оның ішінде, мәслихат депу­тат­та­рының атқарған қызметін лайықты бағалайтындығы еш күмән туғызбайды. Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы. Алматы облысы.