• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 01 Ақпан, 2022

Ауыл шаруашылығына жаңа көзқарас қажет

304 рет
көрсетілді

Солтүстікқазақстандық диқандар былтырғы қуаңшылыққа қарамай 3,5 млн тонна астық жинады. Бұл нәтижеге олар минералдық тыңайтқыштарды уақтылы сеуіп, сапасы жоғары тұқымды пайдалану және жоғары технология­ны қолдану арқылы қол жеткізді.

«СК Агро-2050» ЖШС бас директо­ры А.Рафальскийдің айтуына қа­рағанда, оның шаруашылығы «минералды тыңайт­қыштардың толық кешенін пайдалана оты­рып, бидайдың жоғары сұрыпты тұқы­мын егу арқылы әр гектардан 20-25 цент­нерден өнім алған. Облыста осындай та­бысқа жеткен басқа шаруашылықтар да бар. Мәселен, Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Тұқым» ЖШС – 24, Мамлют ауданын-

дағы «Мереке Агро» ЖШС 22 центнерден өнім алды. Мұндай нәтиже ауа райы барынша қолайлы болған жылдарда да үлкен жетістік саналады.

Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдау солтүстік өңірде 2,5 есе артты. Соның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 53,8 млрд теңге субсидия алды. Салаға инвестиция тарту бойынша да Солтүстік Қазақстан республика бойынша алдыңғы орында келеді. Нәтижесінде, өнім көлемі 1,8 есе артып отыр.

Ауыл шаруашылығында астық өнді­ру­ден кейінгі екінші маңызды сала – ет өнімдерін дайындау. Солтүстік Қазақстан облысы шаруалары былтыр 105 мың тонна ет өндірді. Бұдан басқа 635 мың тонна сүт, 552 млн дана жұмыртқа дайындалды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 895 млрд теңгені құрады. Ал биыл оның көлемін 933 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр.

Өңірде өндірілетін ауыл шаруашы­лығының айрықша өнімі – биоэтанол. Bio Operations зауыты былтыр 2 808 тонна биоэтанол алды. Ал биыл кәсіп­орын өнімділікті екі есе ұлғайтып, оның кө­лемін 16 мың тоннаға жеткізбек. Одан басқа 14 мың тонна ақуыз, 28 мың тонна крахмал және 35 мың тонна мал азығын алу көзделген. Қазір облыс дәнді дақылдарды ғана емес май­лы дақылдар көлемін де арттырып ке­леді. Былтыр оның егіс алқабы 957 мың гек­­тарға жеткізіліп, 645 мың тонна өнім алын­ды. Биыл майлы дақылдардың осы алқап көлемі сақталады. Барлық дақыл­дың жоғары өнімділігі минералды ты­ңайт­қыштарды уақтылы себуге байла­нысты. Былтыр егіс алқаптарына облыс бо­йынша 160 мың тонна минералды тыңайт­қыш жеткізілді. Бұл 2020 жылмен са­лыстырғанда 25 мың тоннаға ар­тық. Бірақ көптеген шаруашылық тыңайт­қыш­тың маңызына көңіл аудармайды. Осы күнге дейін өңірде тіркелген барлық 4 062 шаруашылықтың 513 немесе 12,6 пайызы ғана жерді тыңайтуға көңіл бөліп отыр.

«Былтыр агроқұрылымдар 67,5 млрд теңгеге 2 424 бірлік жетілдірілген жа­ңа техникалар сатып алды. Жоғары өнім­діліктің бір кепілі озық техника екен­дігін диқандар жақсы біледі. Сондықтан да жаңа техника алу жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2020 жылы 2 085 дана техника алынған, ал былтырғы қуаң­шылыққа қарамай оның саны 16 пайызға артып отыр», дейді облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.

2021 жылы Петропавл қаласында неміс­­тің жоғары сапалы СLAАS комбайнын құрастыру басталды. Былтыр оның 92-сі шығарылып, 67-сі диқандарға сатылды. Ал биыл 253 бірлік комбайн құрастыру көзделуде. Құрамдас бөлшек­тердің негізгі бөлігі Германияда жасалады, құрастыруды да біздің маман­дар­дың қа­тысуымен солардың шеберлері жүр­гізуде.

Мал шаруашылығында да өңір жақсы табыстарға жетті. Былтыр 215 млрд тең­ге мал шаруашылығының өнімі алынды. Бұл салаға жыл бойы 150 млрд теңгенің инвес­тициясы тартылды, бұл 2020 жылғыдан 20 пайызға артық.

Облыстың жіті қолға алынған шаруа­ларының бірі – тауарлы-сүт фермаларын ашу. Былтыр 4 440 бас ірі қараға арналған 10 кешен ашылды. Бұл жобалар облыстың Президент бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспарының нәтижесінде жүзеге асып отыр. Сол арқылы 675 мың тонна сүт өндірілді және шаруаларға 4 900 тұяқ симментал, герефорд, ангус сияқты асыл тұқымды ірі қара шетелдерден және Қазақстанның басқа өңірлерінен жеткізілді. Сонымен бірге былтыр жақын және алыс шетелдерден, еліміздің басқа өңірлерінен 13 мың қой жеткізілді. Онымен «Екпін 2003», «Қаратомар», «Шұғыла» ЖШС-лері айна­­лысуда. Бірақ мал басын көбейтуге жайы­лымдардың азаюы қолбайлау. Ауыл шаруашылығы жерлерінің қолданылу мақсаттарын бұзып, кейбір астық өсіру компаниялары мал жайылымдарын жыртқызып тастаған. Тіпті ауылдар мен орман алқаптарының түбіне дейін рұқ­сатсыз жыртылған жерлер бар. Бұл елді мекендердің, жайылымдардың және орман қорының жері болса да жергілікті билік тарапынан бақылау болмаған соң астық компаниялары ондай жерлерді иемденіп кеткен. Облыс әкімдігі осы мәселені қолға алып, ауыл шаруашылығы жерлерінің қолданылу мақсаттарын бұзған компанияларды анықтағаны жөн.

Былтыр қараша айында Екібастұз қаласындағы сөзінде Президент Қ.Тоқаев: «Соңғы бес жылда 2 трлн тең­ге субси­дияға бөлінді. Нәтижесі қан­дай? Бюд­жет қаражаты құмға сіңген су­­дай жоғалады, оның қалай қолда­ныл­­ғанын ешкім бақыламайды» деп сынға алған еді. Осыған орай Ауыл шаруа­шылығы министрлігінде субси­дияландырудың жаңа әдістері жасалды. Соның нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысының шаруаларына биыл 44,5 млрд теңге қарастырылған. Ал былтыр 53,9 млрд теңге субсидия бө­лінген еді. Енді субсидиялар тек ара­лық технологиялық процестерге емес, соңғы нәтижеге бағытталған. Саны да 47-ден 24-ке түсірілді. Сонымен қатар барлық негізгі процедуралық шаралар цифр­лы форматқа ауыстырылып, адам факторының араласуына жол бермейді.

«Ауыл шаруашылығы бизнесі жердің бар байлығын қалтасына пайдалануды ғана көздемей, оған жанашырлық танытып, мемлекетпен бірге жер иеленуші – ауыл адамдарының әлеуметтік-эконо­микалық дамуына үлес қосуы керек», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысының айтуынша, соңғы төрт жылда облыста ауылдық елді мекендерге 199 мектеп, 51 мәдениет үйі, 46 денсаулық сақтау нысаны салынып, 2 мың шақырымдай жол жөнделген және 165 елді мекенге ауыз су тартылған. Міне, осындай жұмыстарға ауыл бизнесімен айналысатын азаматтар да тартылып, қол ұшын беруі керек. Бұл өзекті мәселе. Яғни басқа қалада немесе басқа облыста құрылған астық өсіру компаниялары ауыл инфрақұрылымын пайдаланса да оны дамытуға еш үлес қоспайды. Ауыл адамдарының жерлерін жалға алғаны үшін беретін пайлары да жарытпайды. Бұған наразы болған ауылдықтар жергілікті әкімдікке барғанымен олар «екіжақты келісімшартты өздерің жаса­ған­сыңдар, бұл іске билік араласа алмайды, сотқа жү­гініңдер» деп шығарып салады. Ал сот келісімшарт нақты жасалмаған соң немесе таластың шешу жолдары көрсетілмеген соң қайран қыла алмайды. Сөйтіп, ауыл тұрғындары мен астық егуші компаниялар арасында тартыс жиі болып жатады. Қазір тіпті мал өсіруші ком­паниялар мен ауыл тұрғындары ара­сында да тартыс туа бас­тады. Бұл Абай айтқандай «Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ, Аңдыстырған екеуін құдайым-ай» дегеннің кері. Өзіне пайдасы бол­маған соң ауылдықтар ерегеспен малын егіннің үстіне қоя беретін оқиғалар да жиі болуда.

Осындай келеңсіздіктерді тоқтататын кез жетті. Жуырда кәсіпкерлермен кездескенде Президент Қ.Тоқаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жаңа эконо­микалық саясаттың негізгі қағидасы болатынын атап айтты. Тәртіп орнап, ауыл тұрғындары мен жерді пайдаланушылар арасындағы келісімшарттар жергілікті биліктің араласуымен үшжақты жасалса, ырық бермес кәсіпкерлер аяғын тартар еді. Өздерінің қалтасын ғана ойламай, нәсіп тапқан жерін де байытуға үлес қосар еді деп ойлаймыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы