Екінші орта салмақ дәрежесіндегі әлемнің абсолютті чемпионы Сауль «Канело» Альварес қазақстандық Геннадий Головкинмен үшінші рет шаршы алаңда кездесуді жоспарлап жүр, деп хабарлайды Egemen.kz sports.kz-ке сілтеме жасап.
Fight Hub-қа берген сұхбатында Сауль Альварестің бапкері Эдди Рейносо бұл шайқастың ендігәрі орта салмақ дәрежесінде өтпейтінін, тек қана екінші орта салмақта ұйымдастырылуы тиіс екенін жеткізді. Ол мексикалық боксшының орта салмаққа мүлде оралмайтынын да тіліне тиек етті.
«Мамыр және қыркүйек айларында қандай жағдай орын алатынын уақыт көрсетеді. Бір анығы, жақында Головкиннің өзі «Канелоға» қарсы үшінші рет рингке көтерілгісі келетінін жеткізді. Сондықтан трилогияны өткізуге біз де қарсы емеспіз. Алайда шайқас тек екінші орта салмақта ұйымдастырылады. Сауль енді орта салмаққа оралмайды. Біз өзімізге керекті шайқастарды ұйымдастыра алатын промоутерлермен ғана жұмыс істейміз», дейді ол.