• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2014

Қала астындағы қазына

381 рет
көрсетілді

«Ежелгі Тараз шаһары» шақыратын күн жақын Жұмыр жердегі жұмыр басты халықтың бәрінде тарих бар. Қазақ тарихының тамыры да тереңде жатыр. Оның жұтылған жұмбағын тауып, шертілмеген сырын тыңдау – уақыт еншісі. Уақыт еншісіндегі сол бақыт, міне, арада көп жылдар салып ел мақтан етер елеулі мұрамыздың бірі – ежелгі Тараз шаһарына бұйырғалы тұрған сияқты. Олай дейтініміз, облыста көне шаһардың орнына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, сол дәуірдің кескін-келбетін көзбен көріп, қолмен ұстап көруге болатындай архитектуралық жоба жасалып, алыс-жақыннан келген туристер таңдана қарайтындай игілікті іс қолға алынып отыр. Біз осы үлкен жоба жайлы алдымен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың өзінен сұрағанды жөн көрген едік. – Кәрім Нәсбекұлы, тарихы терең­нен бастау алатын ежелгі Тараз шаһа­рын еліміздегі туристер көп шоғыр­ланатын қалалардың біріне айналдыруды көздеп, үлкен жобалар жасап, үл­кен жұмыстарға нартәуекел деп кірі­сіп кеттіңіз. Атқарылып жатқан осы жұ­мыс­тардың алғашқы ауқымы жайлы оқыр­мандарға өзіңіз арқылы жеткізсек деп едік? – Бүгінгі жаңарған Жамбыл облысы­ның орталығының астында тарихта Тараз деген атпен белгілі ортағасырлық шаһардың орны жатыр. Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған, әлемдік өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан «Ұлы Жібек жолының» бойындағы ортағасырлық қалалардың ішіндегі Тараздың орны ерекше болғаны тарихтан белгілі. Өкінішке қарай, кеңес заманында көне шаһардың тарихы көлеңкеде қалып қойды. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың атымен аталып келген облыс орталығына оның ежелгі тарихи Тараз атын қайта беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл тарихи оқиға Тараз қаласының тура ортасында тұрған Қарахан баба кесенесі алдында жаһанға жария етілді. Бұл, барша қазақ халқының, оның ішінде өңір жұртшылығының есінде тарихи мәні зор рухани оқиға ретінде қалды. Ал Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2012-2013 жылдары көне шаһардың орнына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіле бастады. –Археологиялық қазба жұ­мыс­тары­ның нәтижесі көңіл қуан­тарлықтай ма? – Екі жылғы жоспарлы археологиялық қазба жұмыстарының барысында осы аумақтан VIII-XII ғасырларға тән ор­тағасырлық архитектуралық ғимарат­тардың орындары, 33 мыңнан астам артефакт табылып отыр. Олардың арасында VІІ-ХІ ғасырларға тән қытай, түргеш және қарахандықтар әулеттерінің теңгелері мен қыштан жасалған құмыра сияқты көптеген тұрмыстық заттар бар. Осы археологиялық жұмыстардың басы-қасында жүрген маман-тарихшылардың сөзіне сенсек, алдағы уақытта олардың қатары аса құнды жәдігерлермен әлі де толыға түсетін сияқ­ты. Оның үстіне, облысымызға жұмыс сапары барысында Елбасымыздың «Ежелгі Тараз шаһарын» жаңғырту жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмысты арнайы көруі, атқарылған істерге оң баға беруі облыс жұртшылығын жігерлендіре түсті. Ең бастысы, Елбасы қазба жұмыстарын міндетті түрде жалғас­тыру қажеттігіне тоқталып, тиісті тапсырмалар берді. – Қазір қандай нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр? – Қаланың өткен жылы қабылданған бас жоспарына сәйкес, көне қаланың ор­нын­дағы жердің «үш шеңберлі» дамыту сызбасы бекітіліп, оған 200 гектар­дан астам жер бөлінді. Қазір ежелгі шаһар­дың ортағасырлық шекарасы белгі­ленді. Алдағы жылдары «Ежелгі Тараз шаһары» деген атпен сол кездің сәулетін туристердің көз алдына әкелетін қалашық салынады. Оның жобасымен танысып, өзімнің кейбір ой-пікірімді де айттым. –  Еліміздің абыройы мен беделі үшін «Ежелгі Тараз шаһары» сияқты аса құнды тарихи және мәдени ескерткіш орнының ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілгені дұрыс болар еді-ау... – Бүгінгі таңда біз үшін ежелгі Тараз қаласының орнын тарихи жәдігер ретінде ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізімі қатарына қосудың маңызы зор болып отыр. Мысалы, 2013 жылға дейін осы тізімге Қожа Ахмет Ясауи, Тамғалы пет­ро­глиф-археологиялық ландшафы, Солтүстік Қа­зақ­стан көлдері мен Сарыарқа даласы сияқ­ты үш атақты тарихи орындар ғана енген екен. Ол енді, өз кезегінде, әлем ғалымдары мен туристердің айрықша қызығушылығын тудыратын болады. Сондықтан біздің мақсатымыздың бірі – «Ежелгі Тараз шаһары» деп аталатын жоба арқылы көне қаланы ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізімі қатарына қосу болып отыр. Яғни, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. – Астана қаласында 2017 жылы өт­келі отырған ЭКСПО-2017 халықара­лық көрмесінің экономикалық әлеуе­тімізді ғана емес, сонымен бірге, ел мен жеріміздің тарихын таныту тұрғы­сындағы ықпалы да зор болмақ. Осы көрмеге келген сан мыңдаған туристің бір парасы «Ежелгі Тараз шаһарын» көреміз деп арнайы атбасын бұрып жатса, нұр үстіне нұр емес пе? – ЭКСПО-2017 көрмесіне 5-6 миллионға жуық шетелдік қонақ келеді деп күтілуде. Бұл көрме еліміздің эконо­микалық жетістіктерін әлем назарына ұсынумен қатар, отандық туристік кластерді қалыптастыруға үлкен жол ашпақ. Сондықтан, біз әлемдік маңызы бар осындай шара қарсаңында «Ежелгі Тараз шаһары» жобасын көрме қонақтарына көрсетудің жолдарын бүгіннен бастап ойластырып отырмыз. Ол үшін бүгінде археолог ғалымдармен бірлесе отырып «Ежелгі Тараз шаһары» жобасы төңірегінде туристік инфрақұрылым нысандарын дамыту тұжырымдамасы әзірленуде. Яғни, келешекте «Ежелгі Тараз шаһары» жобасын әртараптандыру мақсатында бұл аймақта халықаралық талаптарға сай заманауи қонақүйлер, ұлттық асханалар мен мейрамханалар, дүкендер, қолөнер шеберханалары, ішінде бірнеше кинотеатры бар ойын-сауық орталығы, спорттық-туристік кешендер, тұрмыстық және қызмет көрсету орындары, ақпараттық қызмет орталығы бой көтеретін болады. Бір сөзбен айтқанда, отандық және шетелдік туристер үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалмақ. Сондықтан жобамыз тарихшылар мен археолог ғалымдардың ғана емес, қарапайым туристердің де қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Мәдени, тарихи және рухани маңызы зор мұндай мәселеден еліміздің Мәдениет министрлігі де сырт қалмайды және жамбылдықтарға үлкен қолдау көрсетеді деп сенемін. –Жоба жүзеге асқан жағдайда, бұ­рын­нан да тап-тұйнақтай болып тұра­тын Тараз қаласын мүлде танымай қалатын сияқтымыз ғой. – Иә, ежелгі қала орнынан Мамыр саябағы арқылы Тектұрмас баба кешеніне дейінгі аралықта жаяу жүргіншілерге арнап туристік жол салынады. Сонымен қатар, «Ежелгі Тараз шаһары» жобасының кешені орналасқан Төле би даңғылын облыс орталығының «Арбатына» айналдырсақ деген ойдамыз. Өйткені, негізгі тарихи, мәдени мұралар, ескерткіштер, саябақ­тар қаланың күретамыры сияқты осы орталық көшенің бойына орналасқан. Олардың қатары «Ежелгі Тараз шаһары» аймағында тұрған жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткішінен басталып, Қарахан баба кесенесі, халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлы, кемеңгер Бәйдібек баба, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков, ұлт бірлігінің ұйытқысы болған Төле би, елі мен жерінің тағдыры үшін ат үстінен түспеген Қойгелді және Көшек батырлардың ескерткіштерімен жалғасып жатыр. Хибатулла ат Тарази атындағы Орталық мешіт, ғұлама Жүсіп Баласағұн атындағы орталық концерт залы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағы да осы Төле би даңғылының бойында орналасқан. Мақсатымыз – Тараз қаласын жаһан турис­тері арнайы келіп тамашалайтын ғажайып орындардың біріне айналдыру. Ой-пікірдің артықтығы жоқ, биыл отандық және шетелдік ғалымдарды арнайы шақырып, үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуді де жоспарлап отырмыз. – Жобаға жер мен әуе жолы да қызмет етеді. Сондықтан назардан олар да тыс қалмаған шығар. – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің іске қосылуының жобаға айтарлықтай ықпалы болатыны сөзсіз. Содан кейін құрылыс жұмысы таяу арада аяқталатын облыс орталығындағы халықаралық «Әулиеата» әуежайы мен төрт тарапты бұрыннан түйістіріп жатқан теміржол байланысы да өз септігін тигізетін болады. Әсіресе, жаңарған жол мен жаңарған әуежай арқылы көптеген шетелдермен туристік байланысқа тікелей шығатын боламыз. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».  Жамбыл облысы.  Суретте: Жамбыл облысының әкімі Кәрім КӨКІРЕКБАЕВ.