Облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің мамандары өңірде жыл басынан бері 586 адамнан COVID-19 анықталып, соңғы тәулік ішінде тұрғындардың індет жұқтыру көрсеткіші 1,23%-ға өскенін мәлімдеді. Әсіресе, Қостанай мен Рудный қалаларында қауіпті індеттің тырнағына ілініп, аурухана төсегіне таңылып жатқандар көп.
Өңірде түрлі инфекциялық ауруларға шалдыққан науқастарға арналған 1 350 төсектік орын бар. Ал емдеу мекемелерінде жұқпалы аурумен келіп түскен 300-ден аса адам жатыр. Облыста коронавирус жұқтырған науқастар жататын 300 карантиндік төсектік орын жеке жабдықталған. Оқшаудағы емдеу орындарында ПТР-тест қорытындысын күтіп жатқан 42 адам бар.
Облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлім Досымованың айтуынша, COVID-19-ға қоса соңғы кездері өңірде тез жұғатын түрлі жұқпалы аурулар да белең алып барады.
– Қостанай облысында биыл ЖРВИ-мен ауырғандардың саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Мәселен, соңғы аптаның ішінде мұндай 5 мыңнан аса науқас тіркеліп отыр. Олардың 60-70 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Суық тигізіп алған науқастардың бәріне тұмауды таңа беруге болмайды. Алдымен науқастың дене қызуын өлшеп, жөтелінің қандай екенін, тамағының ісіну ерекшелігін зерттеп, тұмау белгілерін анықтап алу керек. Тұмау жұқтырған адамдарға қазіргі науқастар сияқты әрі-бері жүруге болмайды. Міндетті түрде жатып емделу керек. Сондықтан қазір аурулардың әрқайсысын жіті зерттеп, талдап, сосын барып нақты ем шараларын қабылдау маңызды, – деді Г.Досымова.
Дәрігер-мамандар тұрғындарға індетті тежеудің жалғыз жолы вакцина қабылдау екенін қайталап түсіндіруде. Осыған орай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанова арнайы баспасөз жиынын өткізіп, қайталап екпе алудың аса маңызды екенін тағы айтты.
– Аймақта «Спутник V» бірінші компонентінің шамамен 292 мың дозасы және екіншісінің осынша мөлшері сақтаулы тұр. Соныман қатар 5 мыңға жуық «Спутник-Лайт» дозасы әкелінді. Бұған қоса 400 мың доза QazVac, 65 мың доза Hayat, 28 мың доза CoronaVac және 230 мың Vero Cell вакцинасы бар. Pfizer Comirnaty вакцинасының 112 мың дозасы жеткізілді. Бүгінге дейін облыста 353 065 адам бірінші компонентпен, ал 334 мыңнан аса адам екінші компонентпен вакцина алды. Бұл халықтың шамамен 70%-ына жуықтайды. Сондай-ақ 70 803 адам қайта вакцина қабылдады, – деді А.Бексұлтанова.
Аймақта эпидемиялық ахуалдың күрделене түсуіне қарамастан, өңірде шағын және орта бизнес өкілдеріне, Ashyq жобасына қатысатын өзге де мекемелерге карантиндік шектеу талаптарының біршама жеңілдетілгенін де айта кеткен жөн. Мәселен, «көк» мәртебесі бар тұрғындар бұған дейін ірі сауда орындарына демалыс және мереке күндері кіре алмайтын. Енді мұндай сауда нысандарына «көк» те, «жасыл» да жіберілетін болды.
Жалпы, әлемді құрсап тастаған қауіпті індет басталған екі жылға жуық уақыт ішінде облыста COVID-19 жұқтырған 48 мыңға жуық адам анықталып, оның 42 мыңнан астамы емделіп шыққан.
Қостанай облысы