• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 02 Ақпан, 2022

Көне ескерткіштер көзден таса қалуда

779 рет
көрсетілді

Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарында көненің көзі саналатын тарихи ескерткіштер жетерлік. Әрбір нысанның өзіне тән терең мазмұны мен мағынасы бар. Облыс орталығындағы Қарахан, Тектұрмас, Дәуітбек сияқты кесенелер мен ерте ислам дәуіріндегі жерасты мешіті сынды жәдігерлер де көне замандардан жеткен құнды мұралардың бірі. Мұның барлығы да тарихи шаһардың шежіресін жасап, мазмұнын арттырып тұрған дүниелер.

Сондай-ақ Тараз қаласындағы Ха­сан Бектұрғанов, Александр Пуш­кин, Асан­бай Асқаров көшелерінің бойын­дағы ғимараттарды да тарихтан тамыр тартып, өткен шақтан сыр шертіп тұрған баға жетпес жәдігерлер қатары­на жатқызуға болады. Салынғанына ал­ды бір ғасырдан асқан нысандар көне шаһардың сол кездегі сәулеттік кел­бетін айшықтап, көркем кеңістігін көз алды­мызға әкеліп тұрғандай әсер қалдырады.

Мәселен, Пушкин көшесіндегі ең көне ғимарат 1898 жылы салынған. Бұл тарихи нысан көпес Губановтың азық-түлік дүкені болған. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қоғамдық ғимарат сипатында сақталған бірден-бір сауда орны. Бүгінде бұл ғимарат «Букинист» кітап дүкені ретінде жұмыс істеп тұр. Ал 1907 жылы академик К.И.Скрябиннің үйі ретінде салынған ғимарат та әлі бар. Аталған нысан кеңес кезінде экскурсиялық ны­сан ретінде Бүкілодақтық туристік мар­шрутқа енгізілген. Бұл нысан бүгінгі Асқаров көшесінде тұр. Сол сияқты, қазіргі Пушкин көшесінде 1910 жылы сауда ұйымы ретінде салынған дәріхана ғимараты орналасқан. Ал Әулиеата кезеңіндегі тұрғын үй сәулет өнерінің ескерткіші болып саналатын тарихи ғимарат сол кездегі «Современник» коо­перативі ретінде 1910 жылы салын­ған. Сонымен қатар бұл көшелерде 1904 жылы салынған мал дәрігерлік дәріханасының, 1910 жылы салынған №1 қалалық моншаның ғимараты және өзге де тарихи нысандар бар. Аталған ­тарихи ескерткіштер негізінен «Әулиеата» ке­зеңіне жатқызылады. Бүгінде Тараз қала­сындағы Бектұрғанов, Пушкин, Асқа­ров көшелерінде орналасқан XIX-XX ғасырдың басында салынған осын­дай 24 мәдени ескерткіш бар. Атал­ған аумақ «Көне Тараз» қалашығы аума­ғымен шектеседі. Алайда қазіргі кез­де шаһардағы бірқатар тарихи нысан­дардың тозығы жетіп тұр. Осы күнге дейін уақыттың дауылы мен жауынына төтеп берген ғимараттардың сырт­қы сылағы түсіп, іші опырылып, тіп­ті құлауға айналған. Мемлекеттің қорға­уында тұрған кейбір нысандар енді қа­зір қараусыз қалғандай күй кешіп тұр. Мәселен, бүгінгі Бектұрғанов көшесінде орна­ласқан бір кездегі көпестер үйі бол­ған ғимараттың тоз-тозы шыққан. Тіпті бұл орын қаңғыбастардың мекеніне айналып үлгерген. Нысанның қабырғасында «Әулиеата кезеңіндегі архитектуралық ескерткіші мемлекет қорғауында» деген жазу болғанымен, оның қорғалып тұрған сыңайы байқалмайды. Көңілден ұмыт, көзден таса қалған ескерткішті елеп жатқан да ешкім жоқ.

Әкімдердің өңірді дамыту туралы түр­лі жиындарында «Әулиеата» кезеңіне жататын ескерткіштер тұрған аумақты абаттандыру жайлы айтылғанымен, ол іс жүзінде орындалмай келеді. Был­тыр Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев тиісті азаматтарды жинап, осы мәселені көтеріп еді. Бірақ содан бері бір жыл өтсе де, қалпына келген нысан көрінбейді. «Бұл нысан мемлекет тарапынан қорғалып емес, қорланып тұр. Осы жайды қала әкімі Ержан Жыл­қыбаев ардагерлер өкілдерімен кез­десіп, әңгімелескенінде экс-сенатор Александр Савченко алғаш айтып еді. Одан бері арада он ай өтіпті. Өзгерген ештеңе жоқ. «Баяғы жартас, сол жартас» күйінде. Маңайынан ары-бері өтіп жүріп, бұл үйдің қаңғыбастар баспанасына айналып үлгергенін, тіпті ішкі қабырғасы толайым құлап қалғанын байқадық. Шынын айтқанда, әкімнің ақсақалдармен ақылдасуын жақсылыққа жорып, қаланы көркейту жолындағы берекелі іске білек сыбана кірісетін-ақ шығар деп күткен едік», дейді қала тұрғыны Баймаханбет Ахмет. Сол жерде келелі кеңес өткенімен, кейіннен мұның соңы саябырсып қалған. Көне шаһар төріндегі тарихи нысандардың бүгінгі жай-күйі осындай болып тұр.

Жамбыл облыстық мәдениет, архив­тер және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесінің директоры Қуаныш Дәу­ренбеков облыс орталығындағы бұл нысандардың шын мәнінде тарихи жәдігер екенін айтып, олардың өкінішке қарай, бүгінде жекенің қолына өтіп кет­кенін жеткізді. Сонымен қатар атал­ған ғимараттарды абаттандыру және инфра­құрылым жұмыстарына қала әкімдігі жауапты екен. Осы орайда Тараз қала­лық архитектура бөлімінің басшысы Алмасбек Бөбеев аталған мәселе жө­нін­дегі жұмыстарға тоқталды. «Тараз қала­сында арнайы қорғауда тұрған 119 мәде­ниет және сәулеттік ескерткіш бар. Осы­ған орай аталған аумақты қайта құру бойынша эскиздік жобасы ұсынылып отыр. Жобаның жалпы ұзындығы 800 метрді құрайды. Бектұрғанов көше­сіндегі ғимараттарды сол баяғы кездегі үлгісімен қайта жобалау және жол жие­гіндегі жаяу жүргіншілер жолдарын кеңей­тіп, веложолдар салу жоспарланып отыр. Пушкин көшесінің біржақты жол бо­луына орай жолдың бір бөлігін «Көне Тараз» кешені аумағына дейін жал­ғастыру ұсынылуда. Сонымен қа­тар жобада кіші архитектуралық фор­малар, орындықтар, тренажерлық эле­менттер қарастырылған. Алдағы уақыт­та жоба жүзеге асқан жағдайда бұл қала тұрғындарының демалыс орны­на айналады. Тараз қалалық тұрғын жай-ком­муналдық шаруашылық, жолау­­шылар тасымалы және автомобиль жол­дары бөлімінің тарапынан жоба­лық-сметалық құжаттары әзірленіп, ал­дағы уақытта құрылыс-монтаждау жұмыс­тарына жергілікті бюджеттен қара­жат қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргі­зілетін болады», дейді бөлім басшысы.

Қазіргі кезде тарихи Тараз қаласын абаттандыру жөнінде бірқатар жоба қолға алынуда. Бір сөзбен айтқанда, көне шаһардың тарихи-мәдени кеңіс­ті­гін қайта жаңғыртып, тұтас галерея­сын жасау жоспары тұр. «Әулиеата» кезеңіне жататын көне нысандардың енді өзіне де, аумағына да абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, туристік орталыққа айналдырса, Тараздың сәу­ле­ті бұдан да артып, келбеті одан әрі айшықтала түсетін еді...