Қазақстандық спортшылардан да жақсы нәтижелер күтеміз. Дәл қазіргі кезде «Бейжіңде алауы тұтанатын XXIV Қысқы Олимпия ойындарының командалық сайысы қай мемлекеттің жеңісімен аяқталады?» деген сауал көпшіліктің көкейінде тұрғаны анық. Салиқалы сарапшылар мен майталман мамандардан бастап, қатардағы қарапайым көрерменге дейін өз ойларымен бөлісуде. Осы сауалға жауап іздеу үшін тарихқа азды-кем шолу жасау қажет. Ол үшін алысқа бармай-ақ, ХХІ ғасырда өткен соңғы бес Қысқы Олимпиаданың нәтижелеріне көз жүгіртсек, біраз нәрсеге қанық боламыз.
Дәл қазіргі кезде «Бейжіңде алауы тұтанатын XXIV Қысқы Олимпия ойындарының командалық сайысы қай мемлекеттің жеңісімен аяқталады?» деген сауал көпшіліктің көкейінде тұрғаны анық. Салиқалы сарапшылар мен майталман мамандардан бастап, қатардағы қарапайым көрерменге дейін өз ойларымен бөлісуде. Осы сауалға жауап іздеу үшін тарихқа азды-кем шолу жасау қажет. Ол үшін алысқа бармай-ақ, ХХІ ғасырда өткен соңғы бес Қысқы Олимпиаданың нәтижелеріне көз жүгіртсек, біраз нәрсеге қанық боламыз.
2002-2018 жылдар аралығында өткен бес Олимпия ойындарында небәрі сегіз мемлекеттің спортшылары ғана жалпы есепте үздік бес команданың қатарынан көрінген екен. Тарқатып айтсақ, АҚШ пен Канада – бес, Норвегия мен Германия – төрт, Ресей – үш, Нидерланд – екі және Аустрия мен Оңтүстік Корея бір-бір реттен сондай құрметке бөленді. Өзге алпауыт мемлекеттердің өрендері қанша талпынғанымен, бұл межеге жете алған жоқ. Енді осы жарыстардың әрқайсына жеке-жеке тоқталайық.
2002 жыл. Солт-Лейк-Сити (АҚШ). Юта штатының орталығында барлығы 77 елдің өрендері өнер көрсетті. Бұл тартыста медальдардың саны жағынан Германия мен АҚШ-тың алдына ешкім түсе алмады. Немістер 36 (12 алтын+16 күміс+8 қола) жүлде алса, америкалықтар 34 (10+13+11) медальды қоржынға салды. Десек те осы нәтиженің өзі командалық сайыста көш бастау үшін жеткіліксіз болды. Өйткені сапа жағынан Норвегия құрамасы қос алпауыттың алдын орады. Скандинавия түбегінен келген спортшылар 25 медальды қанағат тұтқанымен, оның 13-і алтын еді. Одан бөлек, олардың еншісінде 5 күміс пен 7 қола медаль бар. Төртінші және бесінші орындарды Канада (7+3+7) мен Ресей (5+4+4) иеленді.
Жекелеген спортшылар жайында айтсақ, бұл ойындарда даңқты Уле-Эйнар-Бьерндален жасындай жарқылдады. 28 жастағы норвегиялық биатлоншы төрт рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Сондай-ақ хорватиялық Яница Костелич (тау шаңғысы) пен германиялық Анни Фризингерді (коньки) және финляндиялық Самппа Лаюненді (шаңғы қоссайысы) ерекше атап өтуге болады. Олардың әрқайсы үш алтыннан олжалады.
2006 жыл. Турин (Италия). Апеннин түбегінде Германия құрамасының қарқыны күшті болды. 11 алтын, 12 күміс және 6 қоланы қанжығаларына байлаған немістер көш бастады. Барлығы – 29 жүлде. Екінші орында – АҚШ. Америкалықтар 25 (9+9+7) медальды иемденді. Үшінші сатыға Аустрия жайғасты. Олардың еншісінде 23 (9+7+7) жүлде. «ТОП-5» команданы Ресей (8+6+8) мен Канада (7+10+7) қорытындылады.
Италиядағы додада тау шаңғысынан сарапқа салынған 30 медальдың 14-ін Аустрия құрамасы жеңіп алып, айды аспанға шығарды. Биатлоншылар сайысында Германияның тегеурініне ешкім төтеп бере алмады. Немістер 10 алтынның бесеуін олжалады. Шорт-тректе Оңтүстік Кореяның үстемдігі айқын аңғарылса, мәнерлеп сырғанауда ресейліктерге тең келер ешкім табылмады.
Турин Олимпиадасының басты қаһармандары – Ан Хен Су мен Чин Сун Ю. Оңтүстік Кореяның қос шорт-трек шеберлерінің әрқайсы өз елдерінің әнұранын үш реттен шырқатты. Дәл сондай нәтижеге германиялық биатлоншы Михаэль Грайс та қол жеткізді.
2010 жыл. Ванкувер (Канада). Үйеңкі жапырақтары елінің өкілдері өз жерінде өткен жарыста көптен бері көздеген мақсаттарына қол жеткізіп, жалпы есепте көш бастады. Канадалықтар 26 (14+7+5) жүлде олжалады. Одан кейінгі орындарға Германия (10+13+7), АҚШ (9+15+23), Норвегия (9+8+6) және Оңтүстік Корея (6+6+2) табан тіреді. Байыптап қарасаңыздар, америкалықтар өз көршілерінен бақандай 11 медаль көп алған екен. Немістердің де жүлдесі артық. Десек те, жоғарыда айтқанымыздай, бұл жерде медальдардың санынан сапасы артық. Сол себепті де алтынды молынан алған Канаданың қырандары басты қарсыластарынан қара үзіп кетті.
Ванкувердегі додада үш рет алтыннан алқа таққан екі ғана спортшы болды. Олар – норвегиялық Марит Бьерген мен қытайлық Ван Мэн. 2002 және 2006 жылдары өткен Олимпия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінген Марит 30 жасқа толған шағында жасындай жарқылдады. Шаңғы спортын серік еткен Скандинавия өкілі 3 алтыннан бөлек, 1 күміс пен 1 қоланы еншіледі. Қытайдан келген қыз содан төрт жыл бұрын Туринде медальдардың толық жиынтығын жеңіп алса, Канадада қарсылас шақ келтірмеді. Сондай-ақ германиялық Мария Риш (тау шаңғысы) пен Магдалена Нойер (биатлон), норвегиялық Эмиль Хегле Свендсен (биатлон) мен Петер Нортуг (шаңғы), чехиялық Мартина Сабликова (коньки), швециялық Маркус Хельнер (шаңғы), швейцариялық Симон Амман (шаңғымен трамплиннен секіру) және қытайлық Ли Джон Су (шорт-трек) бас жүлденің екеуіне иелік етті.
2014 жыл. Сочи (Ресей). Қара теңіз жағалауында жарыс қожайындарының бірнеше спортшысы допинг дауына ілігіп, абыройдан жұрдай болды. Соған қарамастан Ресей құрамасы 11 алтын, 10 күміс және 9 қоланы иемденіп, командалық сайыста бірінші орыннан көрінді. Норвегияның да марқасқалары бас жүлденің 11-іне иелік етті. Бірақ басқа медальдардың аздығынан олар екінші орында қалып қойды. Скандинавиялықтардың қоржынында тағы 5 күміс пен 10 қола болғанын айта кеткен жөн. Үшінші орында – Канада (10+10+5). Төртінші және бесінші сатыларға АҚШ (9+9+10) пен Нидерланд (8+7+9) жайғасты.
Норвегиялық шаңғышы Марит Бьерген Ванкувердегі көрсеткішін Сочиде де қайталап, бұл жолы да бас жүлденің үшеуін олжалады. Дәл сондай нәтижеге 27 жастағы белоруссиялық биатлоншы Дарья Домрачева қол жеткізді. Алайда Виктор Ан олардың екеуінің де алдын орап кетті. Оңтүстік Кореядан Ресейге қоныс аударып, сол елдің азаматтығын алған 28 жастағы шорт-трек шебері үш алтыннан бөлек, тағы бір қоланы еншіледі. Жеңіс тұғырының ең биік сатысына екі реттен көтерілгендер қатарында франциялық биатлоншы Мартин Фуркад, норвегиялық биатлоншы Уле-Эйнар-Бьерндален, кореялық шорт-трекші Пак Сын Хи және нидерландтық конькишілер Ирен Вюст пен Свен Крамер сынды дүлдүлдер болды.
2018 жыл. Пхенчхан (Оңтүстік Корея). Аталған жарыстың командалық есебінде негізгі бәсекелестік Норвегия мен Германия құрамалары арасында өрбіді. Екі команда да бас жүлдені бірдей олжалап, көмбеге үзеңгі қағыстырып жетті. Десек те бұл тартыста скандинавиялықтардың бағы жанды. Олардың еншісінде – 14 алтын, 14 күміс және 11 қола. Немістер 14 алтын, 10 күміс және 7 қоланы иеленді. Сондай-ақ озық бес команданың қатарын Канада (11+8+10), АҚШ (9+8+6) және Нидерланд (8+6+6) толықтырды.
Азия құрлығында алауы тұтанған Қысқы Олимпия ойындарында тарихи оқиғаның куәсі болдық. Шаңғышылар сайысында бақ сынаған Норвегияның мақтанышы Марит Бьерген өзінің бесінші Олимпиадасында бес жүлдеге (оның екеуі алтын) қол жеткізіп, теңдессіз өнерімен төрткүл дүние жұртшылығын тамсандырды. Осылайша, оның есімі Қысқы ойындар тарихындағы ең көп жүлде алған спортшы ретінде тарихта қалды. 37 жастағы Тронхейм қаласының тумасы Олимпиадада барлығы 15 (8+4+3) жүлдені олжалады. Марит Бьергенге дейін бұл рекорд өзінің отандастары – биатлоншы Уле-Эйнар-Бьерндален (8+4+1) мен шаңғышы Бьерн Делиге (8+4+0) тиесілі еді. Ал Пхенчханда ең көп жүлде алғандар көшін 21 жастағы норвегиялық шаңғышы Йоханнес Хесфлот Клебо бастады.
Міне, қысқаша қайырсақ, ХХІ ғасырдағы Олимпия ойындарының тарихы осындай. Өздеріңіз байқағандай, үнемі мол олжаға кенеліп жүргендер қатарында Норвегия, Германия, Канада, АҚШ, Ресей, Нидерланд, Аустрия және Оңтүстік Корея сынды командалар бар. Сол секілді қазіргі кезде Швеция, Швейцария, Франция және Финляндияның да қарқыны жаман емес. Беларусь өрендері де соңғы уақытта табысты өнер көрсетіп жүр. Сол елдің ұлттық құрамасы сапындағы (биатлон) Динара Әлімбекова есімді қазақ қызы да толағай табыстарға қол жеткізді. 1996 жылдың 5 қаңтарында Қарағанды облысының Абай өңірінде дүниеге келген қандасымыз Пхенчхандағы ойындарда биатлоншылардың эстафеталық сайысында алтыннан алқа таққанда белоруссиялықтармен бірге барша Алаш жұрты да ерекше шаттанды.
Ертең Бейжің Олимпиадасы басталады. Сарапшылардан бастап, букмекерлік кеңселерге дейін бұл жолы да жалпыкомандалық есепте Норвегияның дүлдүлдері дара шығатынына еш күмән келтірмейді. Скандинавиялық сайыпқырандардың басты қарсыластары ретінде Германия, Ресей, АҚШ және Канада құрамалары аталуда. Көпшіліктің пайымдауынша, жүлделердің денін осы мемлекеттердің өкілдері олжалауға тиіс. Бірақ қазақстандық жанкүйерлер үшін маңыздысы бұл емес. Жалпы есепте қай команда топ жарса да, бізге келіп-кетері жоқ. Біздер үшін маңыздысы – Қытайға сапар шеккен Қазақстанның спортшылары сенім үдесінен шығып, өрелі өнерімен өз көрермендерін қуантып, елімізге жүлде сыйлағаны.