Бойдағы кінәраттың жеңілі болмаса да, кеселдің ең ыңғайсызы, жағымсызы – көтеу. Ер-азаматтарда да, әйел адамдарда да жиі кездесетін бұл дерттің шығу себептері де, емдеу жолдары да көп. Енді басталса, емдеу қиын емес, алайда асқынып кетсе, соңы операция залынан бір-ақ шығарады.
Ал қазіргі заманауи медицинаға келсек, таяу күндері Алматыдағы Қалқаман шағын ауданындағы №7 аурухана дәрігерлері көтеуге күрделі эндоваскулярлық операция жасады.
Бес жылдан бері жаны қиналып жүрген 46 жастағы пациент ауруханаға тік ішегінен қан кеткеннен кейін хабарласқан. Соңғы айларда созылмалы геморройы асқынып, дәретке отыруы мүлдем азапқа айналған. Дәрігерлер тиісті диагностикалық тексерулерден өткізгеннен кейін оған ІІ дәрежелі созылмалы геморрой диагнозын қойып, операция жасауға шешім қабылдады. Осылайша, пациенттің тік ішек артерияларына эндоваскулярлық эмболизация жасалды.
Проктолог маман Марат Каленбаевтың сөзіне сүйенсек, операцияның бұл түрі кәдімгі дәстүрлі операцияның қауіпсіз баламасы екен.
«Бұл процедура наркозсыз жасалады. Және тоқ ішекті алдын ала дайындаудың қажеті жоқ. Зақымсыз отаның нәтижесінде пациент бірнеше сағаттан кейін орнынан тұрып жүре бастайды, дәретке де қиналмай барады. Операция жүргізілген кезде тілік жасалмайтындықтан, отаның орны ауырмайды, әрі жара болмайды», дейді М.Каленбаев.
Жалпы, клиниканың интервенциялық хирургия бөлімінің меңгерушісі Сәкен Анартаев жетекшілік еткен мұндай тік ішек артерияларының эндоваскулярлық эмболизациясы тұңғыш рет жасалып отыр. Ең қуаныштысы, бұл операциядан кейін пациент көп ұзамай сауығып, отбасына оралды.
Мамандардың айтуынша, аталған емдеу тәсілі 1, 2 және кейде 3-сатыдағы сырқаттарға қолданылады. Пациент проктолог-дәрігерге қаншалықты ерте қаралса, қауіпсіз тәсілді қолданып емдеу мүмкіндігі де жоғары болмақ.
Мұндай инновациялық операция МӘМС аясында да қалалық №7 ауруханада тұңғыш рет жасалды. Қолдағы заманауи технологиялар мен жоғары білікті мамандардың арқасында операция сәтті шықты.
АЛМАТЫ