Наурыз – түркі халықтары үшін ежелгі, күн мен түннің теңелетін, ұзақ та қатал қыстан кейін тіршілікке жан бітіретін мейрам. Маған ұнайтыны – бұл мейрамның біздің елімізде барша қазақстандықтардың басын бір шаңырақтың астына біріктіретіні! Бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекетіміз, Президентіміз Н.Назарбаевтың сөзімен айтқанда, шын мәнінде ғажайып бірегей «аралға» айналып отыр. Бұл – барлық қазақстандықтардың ортақ жетістігі. Бейбітшілік пен бірлік – еліміздің одан әрі қарай дамуы мен өркендеуінің негізі, белгіленген жоспарларды табысты іске асырудың кепілі!
Бұл мерекеде халықтар достығын және ұлттардың бір-біріне деген құрметін көреміз.
Наурыз – тіршілік атаулының бәрі қысқы «ұзақ ұйқыдан» кейін оянатын, бір-бірімен жүздесіп, қуанышқа бөленетін кезі. Адамдар да қуана амандасып, бір-бірін құттықтап, бір-біріне қонаққа барып, жақсы тілектерін айтады.
Және бір жақсы дәстүр – ауылда да, қалада да халық далаға не көшеге шығып, қыстан қалған қоқыстарды жинап, өзі тұратын жердің төңірегін тазартады. Жылы жақтан келген құстар да бір-бірімен табысып, ағаштарға ұя салады. Тал-шыбықтар егу жұмыстары қызу жүріп жатады. Бұл да адамның табиғатпен үйлесім табатын бір шағы екені анық.
Ал мен үшін бұл мейрам – Теміртау қаласына арнайы барып, жақын-жуықтарыммен, туыстарыммен кездесетін қуанышты сәт. Қызықты әңгімелер айтылып, дастарқанға тәтті тағамдар қойылатын күн.
Өзім соңғы жылдары Наурыз мейрамы өтетін орталық алаңға киіз үй орнатуды дәстүрге айналдырып келемін. Мейрам күні ақсақалдарды, құрметті қонақтарды шақырамыз. Қазақ дәстүрімен дастарқанға бауырсақ, ет қойылады. Айта кетейін, спиртті ішімдіктер болмайды. Киіз үйді жасауға Моңғолиядан келген жігіттер көмектеседі. Егер киіз үйді нағыз қазақы бұйымдармен жасайтын болсаң, оны уақытында баптап, дұрыс сақтап, кептіріп отыру керек екен. Сондықтан қазіргі заманға лайықталып жаңа инновациялық технология пайдаланылады. Кереге мен уықтары және шаңырағы сапалы металдан жасалып, ұлттық реңі сақтала, аппақ киіз үй болып шыға келеді. Үйдің ішінде төсеніштер, кілем, көрпе-жастықтар – бәрі бар. Едені тақтайдан жасалған. Жазда іргесін түріп қойғанда самал жел соғып, салқын кезде жылы, ал жазда қоңыр салқын болып тұрады. Оған өзім де куә болдым. Өткен жылдың жаз күндері немерем Матвей екеуміз бір жақтан шаршап келдік те киіз үйге жата қалып едік, қатты ұйықтап қалыппыз. Оянғанда, керемет тынығып қалғанымызды байқадық.
Наурыз мейрамы қарсаңында Теміртау қаласындағы арнайы алаңда бәрі де киіз үй орнатады. Әртүрлі мекемелер, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпорындар және «Нұр Отан» партиясы өз киіз үйін тігеді. Солардың арасында орналасатын өзімнің киіз үйім де қонақтарды қарсы алады. Биыл тұрмысы төмендерді және мүмкіндігі шектеулі жандарды қонақ қылсам деп отырмын. Бұрын ауыр жұмыс орындарында еңбек еткен жандармен бұған дейін байланыс жасап тұрған едім. Олардың алатын жәрдемақысын индекстеу мәселелерін шешуге ықпал еттім. Жуырда сандық сатып алдым. Кәдесыйлар дайындап қойдым. Үш шапаным бар.
Наурызда өзге ұлт өкілдері де ұлттық киімдерін киіп келеді. Тегіне, тіліне қатысты ешқандай шектеу жоқ. Бүгінгі таңда Наурыздың гуманистік идеалы – саяси тұрақтылықты, сенім мен достықты, елімізде тұратын барлық адамдардың тең құқығын сақтауда айрықша рөл атқарады. Мұндай мейрамдар халықтың бірлігін тек қана нығайта түседі деп ойлаймын.
Теміртау қаласында еліміз егемендігін алған кезден бері Наурыз мейрамы тойланып келеді. Ол – көпұлтты қала. Жүзден астам ұлттың өкілдері тұрады. Бәрі де ынтымақтастықта өмір сүріп жатыр. Бәрі де бір шаңырақтың астында, бір дастарқанның басында бірігуге тырысады. Бұл жерде Қазақстан Президентінің еңбегі зор деп айтар едім. Өйткені, Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты конституциялық мәртебесі бар іргелі ұйымды бірде-бір мемлекет құра алған жоқ.
Бұл мейрам – біздің бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында бірге екендігімізді тағы да бір дәлелдей түседі. Сондықтан, барша қазақстандықтарды көктемнің жарқын мерекесі – Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Бәріне көктемнің арайлы шуағын, зор денсаулық, бақыт пен ырыс-береке тілеймін!
Андрей БЕГЕНЕЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.