Білім және дағдыларды бағалау республикалық орталығы осыдан екі жыл бұрын денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан», «Медициналық және фармацевтикалық білім берудің 2011-2015 жж. дамыту тұжырымдамасы» мемлекеттiк бағдарламаларын іске асыру мақсатында құрылған еді. Ол «Денсаулық сақтауды дамытудың республикалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынның құрылымдық бөлімі болып саналады және Алматы қаласында бөлімшесі бар.
Орталықтың мақсаты – мамандыққа даярлауды бағалаудың және денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің біліктілік санатын бекітудің тәуелсіз моделін енгізу. Оған денсаулық сақтау қызметкерлерін бағалауды әдістемелік және әдіскерлік тұрғыда қамтамасыз етіп, заңды тәртіпте база құрып, стандартталған науқастардың жобасын енгізу, симуляциялық құрал-жабдықтарды пайдалана отырып пациенттердің қауіпсіздік мәдениетін алға ілгерілету мен клиникалық сауаттарын арттыру жатады. Ал ана және нәресте өлімі, қан айналымы ауруларынан болатын қатерді азайту жолында республикалық штабпен тығыз байланыста жұмыс атқарылуда. Сонымен бірге, бұл бағытта өңірлік симуляция орталықтарымен бірлесіп қызмет көрсету басты назарға ұсталған. Мәселен, медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша тест тапсырмалары арқауында екі сараптама өткізілді. Мұнда денсаулық сақтау қызметкерлерінің білімі мен дағдыларын бағалау қанатқақты тәртіпте мамандандырылған стансаларда жүргізіледі. Соның нәтижесінде маманның біліктілігі жоғарылап, халыққа медициналық жәрдем көрсету сапасының деңгейі арта түседі. Тұрғындар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыратын, саламатты тірлікке шақыратын іс-шаралар жақсы қырынан көрінді. Осындай игі жұмыстар атқарып жүрген орталық ұжымы алдағы кезде де биіктен көрінері сөзсіз.
Гүлмира ЖАНГЕРЕЕВА.
АСТАНА.