Астанада 9 мамыр күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатты шеру өтті.
Салтанатты сәт елорданың символына айналған “Қазақ елі” монументінен бастау алып, “Отан қорғаушылар” монументі аралығына дейін жалғасты. Бұл шеруге кеуделеріне орден, медаль тағып, колоннадағы арнайы мерекеге сай жабдықталған УАЗ маркалы 30 әскери ашық автомобильмен жол бастаған қаланың 120 соғыс ардагері, басқа да астаналықтар мен еліміздің әр өңірінен және ТМД мен алыс шетелдерден келген қонақтар қатысты. Осы сап арқылы олар кешегі қан майданда қаза тапқан жауынгерлерге, еліміздің өзге өңірлеріндегі көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсетіп, шынайы ыстық ықыластарын білдірді деуге болады.
Осы кезде “Отан қорғаушылар” монументінің Мәңгілік алауына Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков пен Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов гүл шоқтары мен гүл себеттерін қойып, майданда қаза болған жауынгерлер және Жеңістің 65 жылдығына жете алмай өмірден озған ардагерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алды. Еске алу рәсімі аяқталған соң, Қорғаныс министрлігінің Орталық әскер оркестрі, Президент оркестрі, Ішкі әскерлердің оркестрі, “Жас Ұлан” республикалық мектебінің барабаншылары, сонымен бірге осы айтулы күнге арнайы дайындалып, театрландырылған қойылым көрсеткен театр әртістері колоннаның келе жатқаны туралы белгі беріп тұрды. Осындай белгілер арқылы колоннаның алдында Ақмолада құрылған атақты дивизия мен полктің әскери тобы келе жатқаны белгілі болды. Әскери топ “Отан қорғаушылар” монументіне келгенде олардан соң жауынгер-интернационалистер, республикалық Ұланның құрметті қарауыл ротасы, Ішкі әскер офицерлері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің өкілдері келіп, сап түзеді. Осы жерде Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатқа ауған соғысының ардагерлерінің қатысқаны Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне көрсеткен үлкен құрметі деуге болады. Өйткені, соғысты көзімен көріп, жанымен түсінген ауған соғысының ардагерлері кешегі қан майданда Отан үшін от кешкен әкелерінің қандайлық ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткенін жақсы біледі. Бұл шараға жүзден астам ауған соғысының ардагерлері қатысты. Қазір қалада олардың 2000 жылы құрылған “Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлерінің одағы” қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Аталмыш ұйымның деректеріне қарағанда, Ауғанстанға Қазақстаннан 22 269 әскери қызметші жіберіліп, оның 924-і мерт болған. Ал 1015-і мүгедек болып, 21 азамат із-түзсіз кеткен көрінеді.
Осыдан кейін “Отан қорғаушылар” монументі алдына колоннаны жалғастырған азаматтық кәсіп иелері, жастар, студенттер мен мектеп және колледждің үздік оқушылары келіп, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Салтанат одан әрі ұрпақ сабақтастығын айшықтайтын “Өмір ағашының” бұтақтарының бір жақ бетіне Ақмола қаласынан жіберілген Қызыл әскерлердің аты-жөндері жазылған “Жеңіс ленталарын” байлаумен жалғасты. Кейбір деректер бойынша, Ұлы Отан соғысына Ақмоладан аттанған 28 мың жауынгердің тек бірнеше мыңы ғана соғыстан оралған көрінеді. Ал қазір Астанада уақыт өткен сайын қатары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлеріне барлық жағдай жасалуда. Олардың бәрі өткен жылы пәтерлермен қамтамасыз етілді. Биылғы мереке қарсаңында ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Елбасының тапсырмасы бойынша салтанатты түрде мемлекеттік наградаларды табыс еткен болатын.
Осы күні Астанада мерекелік шаралар қаланың барлық жерінде жалғасты. Қалалық алаңда, “Жастар” сарайының жазғы сахнасы, “Бәйтерек” монументі мен елорда саябағында үрмелі аспаптар оркестрі мен ән-би ансамблінің қатысуымен концерт өтті. Сонымен бірге қалалық әкімдік алдындағы алаңда Патриоттық әндер фестивалі өтіп, оған кәсіби және көркемөнерпаз ұжымдары, Қазақстанның қарулы және қорғаныс ведомстволарының үрмелі аспаптар оркестрі қатысты. Олар бағдарлама бойынша соғыс жылдарындағы әндер мен Отанын қорғаған сарбаз ерлігі туралы композициялар орындады. Ал жоғарыда айтқан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған шеруге соңғы мәліметтер бойынша 7 мыңнан астам адам қатысты.
Дастан КЕНЖАЛИН.