• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 03 Ақпан, 2022

Мың құбылған жағармай бағасы

1494 рет
көрсетілді

Қазақстанда мұнай өнімдерінің бөлшек саудасына байланыс­ты 180 күнге шекті бағалар белгіленгені мәлім. Бұл мерзім аяқталысымен баға саясаты қалай реттеледі және нарықта тағы да дүрбелең орын алмай ма?

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың пікіріне сүйенсек, қазір мүдделі мемлекеттік органдар бағаны реттеудің тиімді тетіктері мен ұсыныстарды әзір­леуге кірісті. Ведомство басшы­сы бұл жұмыстың қорытын­дысы­на сәйкес қосымша ақпарат беріле­тінін алға тартты. Жалпы, құзырлы орган жағармай материалдарына тапшылықты болдырмау үшін бірқатар шара қарастырылып жат­қанын жеткізді. Бұл бірінші кезек­те өңдеу зауыттарының қуат­тарын арттырумен байланысты.

Былтыр 12 айда 3 мұнай өңдеу зауытында өндіріс көлемі 17,028 млн тоннаға жетіп, 2020 жылғы кезеңмен салыстырғанда өсім 107,7%-ды көрсетті. Мұнай өнім­дерін өндіру көлеміне тоқ­талсақ, автобензин – 4 812,8 мың тоннаны құрады немесе былтырғы кезеңнен 107,3%-ға көп. Дизель отыны – 4 870,2 мың тоннаға жетсе, авиаотын – 586,5 мың тоннаны және мазут 2 410,4 мың тоннаны құрады.

Биыл мұнай өңдеу көлемі 18 млн тоннаға жуықтайды деп жос­парланған. Бұл 2021 жылғы көр­сеткіштен 5,1%-ға артық.

«Жаңа зауыттың құрылысы ұзақ уақыт пен қомақты қаражат­ты қажет ететіні белгілі. Сондық­тан бүгінде Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру жолдары пысықталып жатыр. Кезінде бұл кәсіпорын қазірге қарағанда әлдеқайда көп өнім беретін. Сондай-ақ мұнай өңдеу зауыттарын ұзақ мерзімге жөндеу кезеңіне ауысу барысын аяқтауды көздеп отырмыз. Зауыттар жыл са­йын техникалық жөндеуді қажет ететіні баршаға мәлім. Кезін­де ТОР (озық даму аймағы) жү­йесі енгізіліп, соған сәйкес жөн­­деу аралығын үш жылға дейін арт­тыру қарастырылған. Бұл мә­се­­ле­лер министрлік пен компаниялар арасында шешіліп жатыр.

Бұған қоса тұтынудың мау­сымдық өсімін реттеу үшін мұнай өнімдері резервтерінің құ­рылуы, өңдеу зауыттары жөндеу жұмыстарына көшкенде ауыл шаруашылығы тауар өндіру­шілерін дизель отынымен қамту­ды үйлестіру мен күзгі және көк­темгі дала жұмыстарының қар­қынын бәсеңдетпеу де өте маңызды», деді министр.

Бас энергетик айтқандай, күн­гей өңірдегі кәсіпорынның өн­ді­ріс көлемін арттырудың мүм­кін­дігі бар. Мәселе зауытты қа­жет­ті шикізатпен қамтуда жатыр. Ол үшін мұнай құбырының өткізу қабілетін арттыру керек.

«Шымкент МӨЗ-дің аума­ғы кең және зауыттың жалпы шар­уа­­шылықтары қысқа мер­зім­де ұлғайып келе жатқан қажет­тіліктерді қамтып, қуат көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда кәсіпорынды мұнаймен қамтамасыз ету мәселесін ес­тен шығаруға болмайды. Қазір Атырау-Кеңқияқ мұнай құбы­ры­ның өткізу қабілетін кеңей­ту жөнінде ойлану қажет. Оң­түс­тіктегі МӨЗ-де көміртек шикізатын өңдеуді үздіксіз жүр­гізу үшін өткізу қабілетін 6 млн тоннаға дейін арттыруға байланыс­ты қосымша жұмыстарды қолға алу керек. Жөндеу аралық кезеңге байланысты 3 МӨЗ-дің ағымдағы жөндеу цикліне талдау жүргізіліп, зауыттарда өңдеудің қайталама процестері тоқтауының жиынтық уақыты жылына 100 күннен асатыны белгілі болды. Сондықтан қазір 5 жылға арналған жөндеу кестесін әзірлеп жатырмыз. Бұл жылына 3 зауыттың біреуін ғана тоқтатуға мүмкіндік беріп, өндіріс көлемін тұтастай жыл көлемінде теңестіруге жол ашады. Мұнай өнімдерінің резервтеріне келсек, оны құрудан бөлек, биыл бірінші тоқсанда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының базасында мұнай өнімдеріне байланысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 50 мың тоннаға дейінгі жағармайды сақтауға қауқарлы базаны пайдаланып, 150 мың көлемінде резерв құрылады деп болжанып отыр. Оның дені – дизель отыны. Талапқа сай резервуар паркі қарастырылған. Сондықтан осындай резервтерді құру үшін осы қуаттарды қолданамыз деп үміттенеміз», деді Энергетика министрі.

Б.Ақшолақов шаруаларды дизельмен қамту жұмыстары ақпаннан басталатынын, сол се­кіл­ді алдымен жағармай оңтүс­тік­ке жіберілетінін жеткізді.

МӨЗ жөндеу мерзімдерін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын тиеп жөнелтумен үйлестіру бойынша мынадай шараларды қабылдайтын боламыз: ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мұқтаждықтары үшін дизель отынын жөнелту 2022 жылғы ақпаннан бастап, негізінен, оңтүстік өңірлерге жүзеге асырылады. Биылға арнал­ған жеткізілімдердің жалпы көле­мі екі маусымға да 800-850 мың тонна дизель деңгейінде болжанып отыр. Сондай-ақ Шымкент МӨЗ-ге жөндеу жұмыстарының мерзімін қарашаға ауыстырып, 2023 жылға қарай жалғастыру мүмкіндігі пысықталып жатыр. Пав­ло­дар МӨЗ-дегі жөндеу жұмыс­тарын да маусымның соңы­нан шілденің ортасына дейін, яғни егін салу науқаны аяқталғаннан соң жүргізу қарастырылуда.

МӨЗ-дегі тасымалдау үде­рісін автоматты түрде бақылай­тын жүйелердің болмауы да шаруа­ны шатқаяқтатып тұр. Сол себепті әуежайлардың бар­лық мұнай базасы мен отын құю кешендерін есепке алу бақылау аспаптарымен міндетті түрде жарақтандыруға байланысты заңнамалық өзгерістер әзірленбек. Десе де бұл ұсыныс бизнес қауымдастықпен мұқият талқылауды талап етеді. Осыған қатысты қазір бизнеске әсерді азайту үшін аккредиттелген компаниялармен консультациялық жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жағармай материалдарын өн­діріп, тарату жүйесін рефор­ма­лау жөніндегі міндет Үкімет­тің, атап айтқанда Энергетика ми­нистр­лігінің алдына қойылғаны бел­гілі. Біріншіден, бұл делдал­дар­ды жойып, көтерме сауда өкіл­д­еріне қойылатын талап­тар­ды кү­шейтуге қатысты. Оның түп­кілікті ережелері әлі талқы­ланып жатыр.

«Кейбір талаптың қатаң­дауы, ең алдымен бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу үшін, сон­дай-ақ көтерме саудаға меншік құқы­ғындағы мұнай базалары бар адамдар ғана жіберілуі керек деп санаймыз. Бүгін шекті нарықтық бағаларды ескеріп, биржалық сауда-саттықты қал­пына келтіру мүмкіндігін қарас­тырып жатырмыз, сонымен қатар осыған қатысушыларды шектеу мәселелері қаралатын болады. Мүмкін, биржа саудасы бірнеше сессияға бөлініп, ірі жанармай құю стансалары мен бірнеше жанармай құю стансасы бар шағын желілер бизнестің ауқымын ескеріп, бөлек сауда жасай алатын болады. Жалпы, бұл автожанармай құю стансаларына биржа арқылы тікелей делдалдардан емес, тікелей ресурс ұстаушылардан сатып алуға мүмкіндік береді деп есептейміз. Тиісінше, бұл баға саясатына да, ресурстардың қолжетімділігі мәселесіне де оң әсер етеді», деп түйіндеді сөзін министр.