• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Ақпан, 2022

Ала-құлалық және ұлттық мүдде

782 рет
көрсетілді

Өмірде бәрі бірдей емес, әркелкі, бірі жақсы, бірі жаман, бірі артық, бірі кем болып жатады. Бұл әртүрлілік өмір деп аталады. Оған жеңіл-желпі қарауға болмайды.

Әдетте, халықтың жағдайын нашарлатқан дағдарыстар тұсында қоғамдық-саяси процес­терге теріс ықпал ететін деструктивті күштер белсенділік көрсетеді. Бұл үдерістер, негізінен, бұқара халық пен «халықтың алдында берген өз уәдесін орындамайтын популистер мен бюрократиялық, икемсіз билік» арасындағы қайшылықтарға әкеледі. Осылай екі тараптың арасындағы «түсінбеушіліктерді» «тиімді» пайдалануға тырысатын арандатушылардың заманы туады. Мұндайлар «халықтың мүд­десін қорғау» дегенді желеу етіп, олардың әлеу­меттік мәселелерін тез және оңай шешеміз деген популистік уәделерін үйіп-төгіп, сая­си ұпай жинап, билікке келу, мемлекеттік ше­шім­дер қабылдау мен басқару ісіне араласу мақ­сатында халықты өз жағына тартуға тырысады. «Қарапайым халықтың» атынан, солар­дың мүддесін қорғаған болып, ешбір негіз­сіз және орындалмайтын құр сөз бен бос уәде беретіндер билік органдарына қысым жасауды әдетке айналдыруда. Бұларда жауапкершілік деген түсінік, берген уәдені орындау деген ұғым атымен жоқ. Популистерге одан гөрі қо­ғамдағы танымалдылыққа жету маңыздырақ. Оларды «ұрандары» мен «ұсыныстарының» соңы насырға шабу мүмкіндігі, өтіріктерінің ашылуы да алаңдатпайды. Олар өз мақсаттары­на жету үшін демократияны желеу етіп, қи­тұрқы әрекеттерін «демократиялық құнды­лықтармен» ақтағысы келеді.

Сондықтан ауызбен орақ орып, ұрандату­мен айналысатындарға еріп жүре берсек, солар қазған орға түсіп, жаппай популизм еліне айналып кетуіміз әбден мүмкін. «Популист-демократтардың» белсенді әрекет етулеріне әлеуметтік желілердің пайда болуы септігін тигізуде. Осылайша, теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері күшейіп, олар шын мәнінде халықты адастыруда. Кейбіреулер саяси ойындар ұйымдас­тырудан тайынбай, түрлі сыбыс таратып, онсыз да ушығып тұрған ахуалды одан бетер қоз­дыруда. Популизмді мемлекеттік қаражатты ұрлаудың «оңтайлы құралы» ретінде пайдалану орын алуда. Ұзақ жылдар шалағайлықтан орын алған көптеген келеңсіз проблеманы байқамаған болып, бәріне көзді жұма қара­ғандығымыз солардың пайдасына жұмыс істеді. Бұл кемшіліктер енді ғана айқын көрі­не бастады. Неге сенерін білмей дал бо­лып алданған, соның зардабын шеккен тұр­ғындарды популистік арзан уәделерімен аран­датып, қоғамда алауыздық тудырып, олар­ды наразылық жасауға итермелеу қиын бол­мады. Бұл түптеп келгенде, қоғамдық орта­да алалау, жаттық сезім мен алауыздық, тіп­тен дұшпандық пен қырғи-қабақтық көңіл күйін күшейтуге әкеліп соғуда. Ал мұндай жерде шынайы көңіл, адалдық, адами қарым-қатынастардың болуы мүмкін емес.

Сондықтан Қ.Тоқаев популизмді жаһандық теріс үдеріс деп бағалап, бұл айқай-шуға толы эмоционалды ұрандардың айқын стратегия­сының жоқтығымен байланыстыра қарайды. Оның кез келген елдің дамуын тоқтатып, ұлттық бірлігін әлсірететін қауіпті үрдіс екен­дігіне көңіл аударады. Ал Абай мұндайлар тура­лы былай деген: «Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып, Қылып жүрген өнері: Қа­рекеті – әрекет». Яғни әрекеті мен тірлігі – қырсық, бүлік, лаң және пәле деген сөз. Ұлы хакім әрі қарай «Пысық деген ант шықты. Жүз құбылған салт шықты. Бос мақтанға салынып. Бекер көкірек керуге. Өзі оңбаған антұрған Расы жоқ сөзінің, Өңкей жалған мақтанмен Шынның бетін бояйды» деп суреттеген жайттар бүгін де өзінің өзектілігін жоғалтпағанға ұқсайды. Нәтижесінде, аталған келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл күйіне кері әсерін тигізуде. Ендеше, мемлекеттік аппараттың әлсіздігіне әкеліп отырған осы елеулі кемшіліктердің алдын алып, оларды болдырмау керек. Олай болса, елдегі жағдайды түбегейлі өзгерту үшін батыл қадамдар жасалып, популизмнен арылу тұрғысында басқару жүйесін өзгертуге бағытталған және нақты нәтиже беретіндей саяси-экономикалық реформалар жүргізу қажет. Сондықтан Президент тәуелсіздік пен егемендікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бір де бір келісімге жол бермеуіміз керек деген маңызды ой-тұжырым жасап, біз үшін бәрінен қымбат, осы қасиетті құндылықтар мен Қазақстанның мүдделерін табандылықпен қорғау қажеттігін атап көрсетті. Демек ала-құлалық деген тек қана әртүрлілік емес екен. Ол сонымен бірге қоғамда кірбің, реніш, өкпе және шалағайлықты тудыратын қауіпті құбылыстарға жол бермеу деген сөз. Сонда ғана ұлттық мүддеміз толыққанды қорғалып, тәуелсіздік пен мемлекеттілігіміз нығаяды.