Дубляж – сан шеберді бір арнаға тоғыстырған кірпияз өнер. Оған аударманың сапасы, тілдің тазалығы, актердің шеберлігі ғана жатпайды, оны идеология деп те айтуға болады. Кеңес дәуірінде қазақ дубляжы үлкен мектеп болып қалыптасты. Оның дамуына театр және кино өнерінің майталмандары үлес қосып, олар өзге елдің үздік туындыларын жоғары деңгейде дубляждап, көрермендерді рухани байытты. Тоқсаныншы жылдары дубляж өнері ептеп қағажу көргенімен, қазір қайта жаңаша өріс алды. Кейінгі жылдары бірқатар шетелдік фильм мен анимациялық туынды дубляждалып, жұртшылыққа жол тартты. Сондықтан бүгінгі дубляждың дамуы қай деңгейде деген оймен осы саланың жілігін шағып, майын ішіп жүрген мамандармен дөңгелек үстел мәжілісін өткізген едік.
Дубляж мектебі жоғалған жоқ
− Отандық дубляж өнерінің аға буын қалыптастырған мектебіндегі дәстүр сабақтастығы жалғасын тапты деп ойлайсыз ба?
Тілектес Мейрамов, актер, Қазақстанның халық әртісі:
– Қазақ дубляжы мектебінің басында тамаша актер Байділда Қалтаев секілді ағамыз тұр. Әріптестері ол кісінің қазақ тілінде жатық сөйлейтіндігін тамсанып айтатын. Одан кейін Мұхтар Бақтыгереев, Атагелді Ысмайылов, Фарида Шәріпова секілді аға буын өкілдері дубляждың дамуына көп үлес қосты. Біз дубляжға содан кейін келдік. Дубляж – актер үшін үлкен мектеп, одан үйренетін дүние көп.
Сол уақыттағы дубляж режиссерлерінің өзі бір мектеп еді. Олардың барлығы киноның қыр-сырын меңгерген мамандар болатын. Әрбір туындыға жауапкершілікпен қарайтын. Кейде бір фильмді дыбыстауға бір жұма уақыт кетсе, ал күрделі туындыларды 15 күнге дейін дубляждайтынбыз.
Дубляж режиссерлері экранда сен сөйлетіп тұрған кейіпкердің жан-дүниесіндегі қуанған, мұңайған сәттегі сезімді сол күйінде жеткізуді талап ететін. Егер сенің техникаң жеткенімен, кейіпкердің жан-дүниесін жеткізе алмасаң, қайта жаздыртатын. Бір күнде бір фильм емес, бірнеше туынды дыбысталып жатады, сондай күндері таңғы төртке дейін жүретінбіз. Дубляждалған фильмдерді сараптан өткізетін көркемдік кеңес жұмыс істеді, солардың көңілінен шықпаған туындыны сирек болса да қайта жаздырған жағдай кездесті.
Мысалы, сол кезеңде одақтас республикалармен бірге Мәскеу мен Ленинград киностудиясында шамамен, жылына 200-ге жуық кино түсірілсе, солардың арасынан «осы біздің халқымыздың табиғатына сай, алар өнегесі бар» деген фильмдер ғана іріктеліп, қазақшаға аударылатын. Қазіргідей беталды аудара беру жоқ.
Сағаділдә Үсібәлі, театр және кино актері:
− Бұрын елімізде дубляж мектебі жақсы қалыптасты. Оның шет жағасын біз көріп үлгердік. Студент күнімізде ұстазымыз Тілектес Мейрамов бізді дубляж студиясына алып барып, осы өнердің қыр-сырымен таныстырған еді. Сол жерден қазақ дубляжының мэтрлерін алғаш көрдім. Кейін өзіміз де шағын эпизодтарға қатысып, тәжірибе жинадық. Ол кезде казіргідей цифрлы технология жоқ. Кейіпкердің дауысын кешіктіріп айту, сәл жылжыта салу деген болмайды. Үш реттен артық қателесе алмайсыз. Мүмкіндігінше, ұзақ дайындалып, бір рет оқуға тырысатынбыз.
Алдыңғы аға-апаларымыз қалыптастырған дубляж мектебі егемендік алғаннан кейін үзіле жаздап, қайта жалғасты. Оны жалғаған сол дубляж мэтрлерінен тәлім алып, солар аударған фильмдерге қатысқан буын еді. Өзім «Болашақ» корпоративтік қоры мен Aray Media Group жасаған жобаға қатыстым. Алғаш «Көліктер» деген шетелдік фильмді аудардық. Мұнда басты кейіпкер адам емес, түрлі автокөліктер болғандықтан, оның эмоциясын дәл табуға қиналдық. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде қазақ дубляж мектебіндегі дәстүр сабақтастығы жалғасын тапты деп айта аламын.
Дана Әмірбекова, кинотанушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері:
−Қазақ киносы әлем киносына қарағанда кешеуілдеу дамыды. Сол себепті дубляж өнері де кеш өріс алды. 1940 жылдан фильмдер қазақшаға аударыла бастаған. Бұл салада арнайы білім алған маман болмағандықтан, оған театр және кино актерлары атсалысты.
Бүгінгі дубляж саласында кәсіби, білікті, білімді мамандар жоқ деп айтудан аулақпын. Өкінішке қарай, елімізде осы салаға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбегендіктен талантты актерлар дубляждан алшақтады. Мұны дұрыс түсіну керек. Қаражат жоқ, еңбегі ақталмайтын жерге өз уақыты мен кәсібилігін бағалайтын мамандар бармайды.
2012 жылдан бері кино мамандары дубляж мәселесін көтеріп келеді. 2019 жылы ғана шетелден келген фильмдер қазақ тілінде дубляждалсын немесе субтитрмен берілсін деп міндеттелді. Дәл сол жылы осы заң шыққан кезде біз дабыл қағып, егер сіздер субтитр арқылы шетел туындыларын көрсетуге болады деп рұқсат етсеңіздер, барлық кинотеатр шетелдік фильмдердің қазақшасын субтитрмен береді, одан дубляждың сапасы өспей, кең айналымға түспейді дедік. Бұған жауапты мамандар мән бермеді. Соның салдарынан кинотеатрлардағы шетел фильмдерінің қазақша субтитрдегі орфографиялық, техникалық қателерді көргенде көңіліңіз түседі. Бұл ана тілімізге деген құрметтің жоқ екендігін көрсетті. Бір қуантарлығы, енді осы заңға өзгерістер енгізіліп, шетел фильмдерін қазақшаға дубляждауды міндеттеуді қолға алып жатқан көрінеді. Ол қашан іске асады, оны уақыт көрсетеді.
Шах-Мұрат Ордабаев, актер, дубляж режиссері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты:
− Кеңестік кезеңде отандық дубляж өнері кең қанат жайып, оған театр және кино өнерінің майталмандары белсенді атсалысып, үлкен мектеп қалыптастырды. Егемендіктің елең-алаң шағында экономикаға баса назар аударылды да, өнер саласы, оның ішінде дубляж өнері кішкене қалтарыста қалды. Дубляждың дамуы да онша көңілдегідей болмады. Енді оны түсінеміз. Мәселен, Ресейдегі дубляж өнері мұндай жағдайды бастан кешкен жоқ, олар үнемі дамып отырды.
Аға буын қалыптастырған дубляж мектебі белгілі бір уақыт аралығында жоғалуға сәл қалғанымен, қазір қайта түлеп, жанданды. Дубляж өнерін биікке көтерген тарлан тұлғалардың көбісін көрмесек те, соларды көрген, тәлімін алған аға-апаларымыздың дені ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеп, осы өнердің қыр-сырын үйретіп жүр. Өзім сондай кісілерден білім алып, тәжірибе жинадым. Бүгінде осы салада үлкен бір талантты жас буын қалыптасып үлгерді. Енді қазақ дубляжының көші тоқтамайды, алға жүре береді.
Мемлекет тарапынан қолдау қажет
− Бүгінгі дубляждың дамуына көңіліңіз тола ма, қандай жетістіктері мен кемшіліктері бар, соны да тарқатып айтсаңыз?
Тілектес Мейрамов:
−Қазіргі күні дубляж өнері біраз түзеліп қалды. Бірақ әлемдегі озық дүниелерді емес, ортақол туындыларды дубляждаудың басымдығы байқалады. Аударманың сапасы да көңіл көншітпейді. Көбінесе фильмдер орысшадан сөзбе-сөз тәржімаланады да, қазақы тіркестердің мағынасы жойылып кетеді. Белгілі жазушы, аудармашы Тұрысбек Сәукетай дубляж кейіпкері қазақша сөйлеу керек деп үнемі айтады. Енді таяқтың екінші ұшы бар: қазақы нақышта айтамыз деп, мысалы, америкалық кейіпкердің аузына қазақша тіркесті салып жіберуге тағы болмайды. Мәселен, француздар «жүген-құрық» деп қалай айтады. Бұл − таза қазақы ұғым. Оны түрік, өзбек фильмдеріне қолдануға болғанымен, еуропалық туындыларға жат нәрсе.
Жалпы, шетелдік фильмдерді аударуға талғампаздықпен қарау керек. Әсіресе сериалдарды барынша сараптан өткізу қажет. Олар көрерменге қандай рухани ләззат сыйлайды, соны арна басшылары ескерсе деймін. Эфирдің уақытын толтыруды ойлап, арзан дүниелерді ұсынуға болмайды. Қазақстанда сериалдарды орысша түсіруді мүлде қабылдай алмаймын. Қазір экранды ток-шоу жаулап алды. Соны көріп өскен баланың отыз жылда не болғанын көріп отырмыз. Дубляж – идеологияның бір саласы, оған мейлінше мұқият қараған дұрыс. Сосын «аутсорсинг» деген бәле шықты, өздері бір топ болып жиналып алған. Солардың аударған фильмдерінің сапасы қандай, оны кім қадағалайды, маған түсініксіз. Қысқасы, дубляж саласына да білікті мамандардан құралған көркемдік кеңес жұмыс істесе деймін.
Сағаділдә Үсібәлі:
− Бүгінгі дубляжға көңілім толмайды деп кесіп айту қиын. Өйткені ол заман сұранысына сай дамып келеді. Ізгілікті істердің жақсылығын айтқан да жөн. Қазір дубляж өнеріне талантты жас актерлар келді, енді солардан көп үміт күтемін. Әрине, бұл салада кемшілік жоқ дей алмаймын. Әсіресе кейбір дубляж режиссерінің «бармақ басты,көз қыстымен» өз таныстарын тықпалауға ұмтылып тұратыны байқалады. Соған қарағанда дубляж режиссерлері де ауысып тұрғаны орынды деп санаймын.
Дана Әмірбекова:
− Жалпы, дубляж екі түрге бөлінеді: біріншісі − синхронды, екіншісі войсовер деп аталады. Синхронды дубляжда әрбір дыбысқа мән беріледі. Оны жасауға қомақты қаржы ғана емес, ұзақ уақыт қажет. Өйткені синхрон жасау − жаңа түсірілген фильмді басынан аяғына дейін дыбыстап шығумен тең. Осы ретте көбісі синхронды дыбыстаудан қашып, кадр сыртынан мәтінді оқыта салады. Және көрсетілетін фильмнің дауысын мүлде алып тастайды.
Қазір «Болашақ» корпоративтік қоры мен Aray Media Group бірлесіп, жақсы жобаларды жүзеге асырып, 40-қа жуық туындыны дубляждады. Осы фильмдерді көріп отырып, оның түпнұсқадан айырмашылығы жоғын байқайсыз. Туындылардың аудармасы да сапалы, қарапайым тілмен, шынайы жазылған. Фильмдегі кейіпкерлерді сомдаған актерлардың ойыны да сүйсінтеді. Шын мәнінде, дубляж – актерлік шеберлікті талап ететін өнер. Өйткені фильмдегі кейіпкердің эмоциясын беру үшін сол образға еніп, көрерменге жеткізе аласыз. Ол үшін кәсіби біліктілік пен шеберлік керек. Осы тұрғыдан алғанда Aray Media Group аударған фильмдердің сапасына көңілім толады. Өкінішке қарай, біздегі кейбір телеарналар мен студияларда туындыларды ұнамды дыбыстауға мән беріледі де, кейіпкердің эмоциясы мен актердің шеберлігі байқалмайды.
Шах-Мұрат Ордабаев:
−Дубляждың дамуына ақ тер, көк тер болып еңбек етіп жүрген актерлар мен аудармашылардың ізденісіне көңілім толады. Дубляж деген үлкен шығармашылық ұжымның еңбегі. Осы саланы дамыту үшін аянбай жұмыс істеп жүрген білікті мамандар да жетерлік. Көңілді қабартатын дүние бар: отандық дубляж өнеріне мемлекеттік деңгейде қолдау аз, тіпті ол заң жүзінде қорғалмаған. Мәселен, кинотеатрлардағы шетелдік фильмдерді әрбір көрермен тұтынушы ретінде қазақша немесе орысша көруге құқылы. Дәл осы жағынан келгенде, көбінесе қазақ көрермендерінің құқы бұзылады. Яғни осыны заң жүзінде жүзеге асыра алмай отырмыз. Сондай-ақ көбінесе кино компаниялар өз туындыларын қазақша түсіруге ынталы емес. Өйткені олар өздерінің шығынын ақтау үшін фильмді орысша түсіреді. Егер фильмді орысша түсірсек, көрерменнің де қарасы басым, пайдасы да мол болады деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Қазір уақыт өзгерген, жыл санап мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктеп келеді.Тіпті соңғы санақтың алғашқы нәтижелері бойынша еліміздегі қазақ халқының саны 70 пайыздан асты. Осының өзі көп нәрседен хабардар етеді. Сондықтан мәдениет саласына жауапты мамандар шетелдік фильмдерді ана тілімізде дубляждау мен отандық туындыларды қазақша түсіруге маңыз беріп, оны жан-жақты зерттеп, шешкені жөн деп ойлаймын.
Сонымен қатар телевизиядағы дубляж өнерінің жағдайы да ауыз толтырып айтарлық деңгейде емес. Айталық, еліміздегі бірқатар арнадағы сериалдарды дубляждап жүрген әртістердің еңбекақысы өспегеніне 10 жылдан асты. Жыл өткен сайын фильмдер жанры күрделене түскенімен, оны дыбыстап, көрерменге ұсынған мамандардың еңбегі бағаланбайды. Олар бұл мәселені көтеріп, тиісті органдарға хат жазды, әзірше еш нәтиже жоқ.
Шындығында, осыдан проблема шығады. Неге дейсіз ғой. Мысалы, егер маман өзі істеген кәсібіне лайық еңбекақысын алмаса, ол жұмыстың сапасы нашарлайды. Оны сапасыз дыбысталған сериалдар мен фильмдерден көруге болады. Содан оларға деген көрерменнің қызығушылығы кеміп, түрлі пікір туады. Бұған телеарна басшылары мен продюсерлер бейжай қарамай, оны көп ұзатпай шешу қажет.
Кейіпкерге жан-дүниесі жақын актерді іздейміз
− Дубляжда актер дауысының анық болуы, қимылы және шығармадағы сөз мағынасы түпнұсқадан алшақ кетпей, көрерменге нанымды болуы қажет. Осы талапты орындау үшін оған актерлар қалай таңдалады?
Тілектес Мейрамов:
− Бұрын дубляж режиссерлері кейіпкердің дауысына ғана ұқсас емес, оның жан-дүниесіне жақын актерды таңдайтын. Осындай талғамнан сапалы фильмдер жасалды. Біздің бала күнімізде сол фильмдерді көрген әке-шешеміз «Анау орыс қалай қазақша сайрап тұр» деп таңғалатын. Қазір ондай туындылар сирек. Бір байқағаным, кейінгі кезде актерларға аударма мәтінін жазып береді де, ол соны зуылдатып оқиды. Бірақ оның мағынасын актердің өзі түсінбейді, ендеше көрермен қайтып түсінеді. Сосын бір актерге бірнеше кейіпкерді сөйлетеді. Ол дауысы өзі ойнаған кейіпкерге ұқсап кетпесін дейді де, келесі кейіпкердің дауысын қоюлатып, үшіншісін шіңкілдетіп, жасандылыққа бой алдырады. Тағы бір кемшілік, актриса қыздардың басым көбі өнердің шыңы осы екен деп жылап сөйлейтінді шығарды.
Сағаділдә Үсібәлі:
− Дубляжда актер дауысы анық әрі ашық, кәсіби шеберлігі жоғары болса, туынды көрерменге нанымды жетеді. Мәселен, дубляж өнері дамыған елдерде қалыптасқан дәстүр бар: онда атақты Голливуд жұлдыздары немесе әлемге танымал актерларды белгілі бір адам ғана дыбыстайды. Өйткені аталған таланттардың дауысы көрерменге сол дубляждаған актер арқылы жетті. Бізде де солай болу керек секілді. Барлық актерды қабаттап, бір кейіпкердің аузына сала берген дұрыс емес. Режиссерлер түрлі дауыстарды көбірек іздеу керек. Сөйтіп, дубляж мектебінің шәкірттері де көбейіп, дами береді. Әсіресе облыстағы қазақ театрларында талантты әртістер жетерлік. Соларды осындай жобаларға, сериалдарға тартса, артық болмайды. Қазір бір режиссер бір жобаны қолға алса, онда басты рөлді кім ойнайтынын біліп отырамыз. Осындай келеңсіз дүниелерден арылсақ екен. Бұл дубляж өнеріне де кіріп жатқан сыңайлы.
Дана Әмірбекова:
− Мысалы, «Болашақ» корпоратив қоры» мен Aray Media Group Marvel мен Disney компанияларының фильмдеріндегі кейіпкерлерді дыбыстау үшін арнайы кастинг өткізіп, актерлар қорын жасайды. Соның ішінен шетелдік компания мамандары әрбір кейіпкерге дауысы келетін актерді анықтап, нақтылап береді. Бұл дубляж өнеріне деген кәсібилік пен құрметті білдіреді. Өкінішке қарай, бізде ондай қор жоқ, қор болғанның өзінде де оған бөлінген қаржы көлемі аз. Кейде қолы бос, кәсіби деңгейі төмен мамандар дубляжбен айналысады. Өйткені олар жоғары көлемде қаржы сұрамайды, бұйырғанын алып жүре береді. Ал кәсіби актерлар онымен келіспейді. Айналып келгенде, осының бәрі қаржыға тіреледі. Сондықтан қазақ тілді сапалы фильмдерді көбейтеміз десек, мемлекет тарапынан қолдау болып, қомақты қаржы бөлінсе дейміз.
Шах-Мұрат Ордабаев:
− Дубляж режиссері ретінде өзім театр әртістерімен жұмыс істегенді ұнатамын. Өйткені театр әртістері осы саладағы танымал тұлғалардың шеберханасын көрген, сахнада көрерменмен бетпе-бет кездесіп, өнердің көрігінде қайнап, әбден ысылған. Сондықтан маған олармен жұмыс істеу қиын емес.
Негізі, дубляжға актерды таңдағанда алдымен оның дауысының бояуына, мінезіне, сөзді дыбыстауына мән береміз. Қысқасы, фильмдегі кейіпкерге барынша ұқсайтын актерды іздейміз.
Бір жағынан, бізде фильмдегі кейіпкерді көріп, соған лайықты өнерпазды іздегенде, сол рөлді байытып, одан әрі әсерлендіріп, көркейтіп жіберетін дарындар жетеді. Дубляжда кейіпкердің өзінен дыбыстаған актер аспауы керек. Бірақ кейде тәуекелге барып, ол кейіпкерді одан да жандырып жіберетін актерлар көп. Сондай талантты әртістермен жұмыс істегенді жақсы көремін. Режиссер ретінде кейде артық-кем тұстарын бақылап, жөндеп жіберемін. Өзім түрлі жанрдағы кино туындыларды көп қараймын. Сонда бір байқағаным, қандай күрделі жанрда түсірілген фильм болса да, оны көрерменге әсерлі де, әсем дыбыстап жеткізетін елімізде талантты актерлар баршылық.
Анимациялық туындыларды таңдағанда талғам керек
− Бірқатар шетелдік анимациялық туынды дубляждалды. Сол шығармалардың кейіпкерлері мен біздің балалардың ой-өрісі үйлесе ме, онда ұлттық болмыс сақтала ма?
Тілектес Мейрамов:
−Меніңше, мультфильмдерді дубляждау сапасы басқаларға қарағанда өте жоғары. Себебі мұнда актер таңдауға сол фильмді шығарған компаниялар тікелей араласады. Кейіпкер келбетін ашатын актерді өздері таңдайды. Сондықтан оны балалар қызығып көреді. Бірақ ол туындылардың дені біздің табиғатымызға жат, таным-түсінігі, тәлім-тәрбиесі басқа секілді. Қысқасы, қазақы болмыстан ада. Әрине, балалар оны көрсін демеймін, олар да бәрін біліп, жан-жақты дамуы қажет. Алайда анимациялық туындыларды таңдағанда талғам болуы керек.
Сағаділдә Үсібәлі:
−Балаларға қазақы болмысымызға жақын, тәрбиелік мәні зор анимациялық туындыларды аударғанды дұрыс көремін.
Дана Әмірбекова:
−Анимациялық туындыларды көріп, балалардың ой-өрісі, сана-сезімі қалыптасады. Мысалы, біз әжеміздің ертегісін тыңдап өсіп, қазақы жақсы қасиеттерді бойымызға сіңірдік. Қазіргі балалар ертегі оқымайды. Олар жаһандану заманында әлемге ортақ құндылықтармен сусындап, Голливудтың немесе Ресейдің мультфильмдерін көріп, өсіп келеді. Бір жағынан, бұл үрей тудырады. Өзге елдің туындыларын көріп, соны сіңірген жеткіншектердің бойында Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік сезім қалай қалыптасады деп алаңдаймыз. Екіншіден, ұлттық ерекшеліктен бөліп қарасақ, қазақшаға дубляждалған шетелдік анимациялық туындылардың сапасы менің көңілімнен шығады. Шет тілінен туындыны тәржімалағанда аудармашыларда сол халықтың табиғатына түсінікті етіп аударатын заңдылық бар. Мысалы, америка, жапон, орыс балаларының әлемі, ортасы бөлек болғанымен, ол фильмдерді әрбір елдің табиғатына бейімдеп дубляждайды.
Шах-Мұрат Ордабаев:
– Қазақ балалары мен Еуропа немесе Америкада тұратын жеткіншектердің балаға тән ортақ қызықты дүниелері болғанымен, олардың ой-өрісі, көзқарасы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Мәселен, Уолт Диснейдің немесе басқа да анимациялық студиялардың отбасылық мультфильмдері Орта Азия елдеріндегі көрерменге арналған деп айта алмаймын. Шетелдік компаниялар ол туындыларын балаларға тән ортақ форма, ортақ шешімдер ойлап тауып, мейлінше жеткізуге тырысқанымен, онда біздің табиғатымызға жат дүниелер жоқ емес. Әсіресе әке мен ұлдың, ана мен қыздың қарым-қатынасы, былайша айтқанда, отбасылық құндылықтарға деген көзқарас әртүрлі. Дубляж режиссері ретінде өзім қолымнан келгенше, шетелдік анимациялық туындылардағы бізге жат дүниелерді дыбыстағанда, оны қазақы ұғымға жақындатып, басқа сөзбен беруге, кейде өзгертуге күш саламын. Оны қазақтың бір перзенті ретінде парызым деп білемін. Әрине, ол фильмнің идеясына кедергі келтірмеу керек. Шындығын айтқанда, мұндай жағдайда біздің қолымыз қысқа, шетелдік туындының дубляжын, қазақша дыбысталуын қатты өзгертуге болмайды. Десе де, шамамыз жеткенше, олардың айтам деген ойын қазақы мақал-мәтелмен айтуға тырысып, аз-мұз болса да ұлттық болмысқа жақындатамыз.