Қазақстан 06 Ақпан, 2022

148 шағым бойынша 105 қылмыстық іс қозғалған

423 рет
көрсетілді

Бас прокуратура мен ІІМ қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін тіркелген қылмыстық істердің тергелу барысы, ашылған мән-жайлар бойынша арнайы брифинг өткізді. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында ресми орган өкілдері қоғам талқысына түскен көп мәселеге қатысты мәліметтерді жария етті.

 

Мәселен, Бас прокура­ту­раның 1-қызмет басты­ғы­ның орын­басары Елдос Қилым­жа­нов­тың мәлімдеуінше, соңғы екі аптада уақытша ұстау изоляторынан 103 адам босатылып, соттар 80 күдіктіні қамауға алудан бас тартқан. Сондай-ақ прокурорлар күдіктіні қамауға алу тура­лы 11 ұсынысты қолда­ма­ған. Е.Қилымжановтың айтуынша, күдіктілерді қамауға алу мәсе­ле­сін қарастыру кезінде олар­­­дың әрқайсысының іс-әре­кеті, жеке басы, кінәсін мойын­дауы және тергеуге көмек көр­се­туі ес­ке­ріледі.

«Қазіргі таңда прокурорлар бұрын қамауға алынғандардың бұлтартпау шараларын жеңіл­де­ту мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Осы уақытқа дейін Алматы қаласында – 59, Қы­зыл­орда облысында – 3 және Шығыс Қазақстанда 1 адам қа­­маудан босатылып, олардан еш­қайда кетпеу туралы қолхат алын­ды. Қызылорда өңірінде про­курорлардың талабы бо­йынша сот санкциясымен 3 адам үй қа­маққа жіберілді», деді спикер.

Бас прокуратура өкілі сон­дай-ақ рұқсат етілмеген тер­геу әдістерін қолдану, тергеу барысында қысым көр­сету және лауазымдық өкілет­тік­терді асыра пайдалану фак­ті­ле­ріне қатысты келіп түскен шағымдардың саны 148-ге жеткенін айтты. Бүгінде осы ша­ғым­дар бойынша 105 қыл­мыстық іс қозғалған. «Қа­зір­гі таңда бұл арыз-ша­ғым­­дар бойынша тексерулер жүр­гі­зіліп жатыр. Атқарылып жат­қан жұмыстың ашықтығын қам­тамасыз ету үшін қоғамдық ұйым­дармен тығыз байланыс ор­натылды. Тергеудегі заңсыз әрекеттер туралы шағымдар ерекше бақылауға алынып, тек­се­рілуде», деді бұл жайында ол.

«Бұл қылмыстық істердің ішінде Атыраудағы «Динамо» стадионында болған жағдайлар, талдықорғандық Батырбаевқа заңсыз күш қолдану дерегі және басқа да факті бар. Осы оқиғалардың жан-жақты әрі толық тексерілуін қам­та­ма­сыз ету үшін бұл істерді тер­геу жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне және арнайы про­курор­ларға тапсырылды», деген Е.Қилымжанов брифингте прокурорлардың әрбір арыз-шағымды, сондай-ақ интернет арқылы таратылған барлық ақ­па­ратты жіті тексеретінін ескер­тіп өтті.

Е.Қилымжанов «Қасіретті қаңтардың» ақ-қарасын ажыратып, мән-жайды толық ба­ғам­дау­ға біраз уақыт кететінін де жасырмады. Тергеудің белгілі бір уақытты талап ететінін ес­керт­кен ол 1 300-ден астам ме­ди­циналық, баллистикалық және басқа сот-сараптамалық зерт­теу тағайындалғанын да ха­бар­лады.

Сот сараптамасы қаңтар оқи­ға­ларын объективті бағалау үшін қажет екенін атап өткен спикер: «Тергеушілер оқиға болған 1 500-ге жуық орынды қарап шығып, 10 мыңнан астам тергеу жүргізді. Соның нәтижесінде 1 279 адам жәбірленуші ретінде танылды. Атқарылатын жұмыс өте ауқымды, сол үшін тергеу нәтижелерін күтіп, сабыр сақтау қажет. Әрбір күдіктінің іс-әрекетіне тергеу мен сараптама нәтижелері негізінде ғана құқықтық баға беріледі. Ал түпкілікті, яғни кінәнің бар-жоғы, жазаның мөлшері туралы шешімді тек сот қабылдайды. Сондықтан азаматтардан жүр­гі­­зіліп жатқан жұмыстарға түсі­­ністікпен қарап, тек ресми мәлі­мет­терге сенуге және жал­ған ақ­па­раттарды таратпауға ша­қы­ра­мыз», деді.

Қаңтар оқиғалары кезінде шындыққа жанаспайтын түрлі ақпараттың қаптап кеткені рас. Әсіресе, әлеуметтік желіні жиі қолданатын ағайын қай деректің рас, қайсысының өтірік екенін ажырата алмай қалды. Осыған орай құқық қор­ғау органдары Қылмыстық кодекс­те көрінеу жалған ақпарат тарат­қаны үшін жауапкершілік қарас­ты­рыл­ға­нын алғашқы күннен бастап ескертіп, әлеу­мет­тік желі­лер­де «фейк» ақпараттарды тарату деректерін анықтауға ерекше мән беріп отыр. Бас прокуратура өкілінің хабарлауынша, бүгінде жалған мәлімет тарату бойынша 10 қылмыстық іс тергелуде.

Террористік актілер және жап­пай тәртіпсіздіктердің се­беп­тері мен оларды ұйым­дас­тыр­­ғандарды анықтау бойынша тергеуді ведомствоаралық жедел-тергеу топтары жүргізуде. Ал бұл топтарға арнайы прокурорлар жетекшілік етеді. Өз кезегінде, ішкі істер органда­ры жаппай тәртіпсіздіктер аясын­да жасалған басқа да қыл­мыс бойынша тергеуді жал­ғас­тырып келеді. ІІМ Тер­геу депар­та­мен­тінің басшы­сы, поли­ция пол­ковнигі Санжар Әділовтің айтуынша, осы уа­қыт­қа дейін 2 285 қыл­мыс­тық іс қозғалса, оның басым бөлігі (1 674 іс) ұр­лық пен тонау­ға қатысты. Бұл тіркелген қыл­мыс­тың 73 пайызын құрайды.

Брифинг барысында тергеуге қатысты тың мәліметтермен бөліскен ІІМ өкілі жедел іс-шара­лар кезінде 747 қару мен 18 мыңнан астам оқ-дәрі тәр­кі­лен­генін хабарлады. Ұр­ланған қарудың көбі Ал­ма­ты қаласы, Алматы және Жамбыл облыс­тарында анық­талған. Сонымен қатар қылмыс­керлерден құны 107 млн тең­ге­ден асатын ұр­лан­ған дүние-мүлік тәр­кі­лен­ген.

Полковниктің мәлімдеуінше, жалпы ұрлық, тонау, соның ішінде тәртіпсіздіктер кезінде қару ұрлағаны үшін 322 күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Тергеу барысында істің мән-жайларын және күдіктілердің дәлелдерін мұқият тексеруге, сондай-ақ дәлел­демелер базасын жинауға баса назар аударылатынын айт­қан С.Әділов қаңтардағы тәртіп­сіздіктер кезінде тонауға қа­тыс­қандарды анықтау жұмыс­та­ры жалғасатынын да жеткізді.

Ол сондай-ақ Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген негіздер бойынша күдіктілерді қамаудан босату бойынша іс-шаралардың да аяқсыз қал­май­ты­нын атап өтті. «Өткен аптада қадағалаушы прокурормен келісім бойынша бұлтартпау шарасы 9 адамға қатысты үй қамағына, 6 адамға қатысты ешқайда шықпау туралы қол­хат­қа өзгертілді. Жеке басын және жасаған қылмыстарының ауыр­лығын ескере отырып, бір­қатар күдіктіге қамауға алмай, қоғамнан оқшаулауға байланысты емес бұлтартпау шаралары қолданылды. Мұндай күдіктілердің саны, қамауға алын­ғандарды есептемегенде, қазіргі уақытта 200-ден асады», деді С.Әділов.

Қаңтардағы қайғылы оқиға­лар­дан кейін қоғамдық сананы бақылау үшін ақпараттық соғыс басталып кеткенін ІІМ өкілі де ерекше атап өтті. Ресми органдардың ескертулеріне қарамастан, әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат тарату­дың тым жиілеп кеткенін айт­қан Тергеу департаментінің басшысы: «Бұл ақпараттық ша­буыл­дардың басты мақсаты – құқық қорғау органдарының беделін түсіру, сондай-ақ мем­ле­кеттігіміздің құрылысын тұ­рақ­­сыздандыру болып табылады. Жалған хабарлардың басым бөлігі елден тыс жерлерде жасалады. Бүгінде әлеуметтік желілерде шетелде тіркелген 43 аккаунт анықталды. Көрінеу жалған ақпарат таратудың бар­лық жағдайлары бойынша кінә­лі­лерді жауапкершілікке тар­ту бойынша шаралар қабыл­да­нуда», деп мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, қаң­тар­дағы қайғылы оқиғалар кезін­де құқық қорғау орган­дарының 19 қызметкері қаза тауып, 3 мыңнан астамы жарақаттанған еді. Брифингте С.Әділов жап­пай тәртіпсіздік кезінде ауыр жа­рақаттанған күштік құры­лым қызметкерлерінің 40-ы­на оқ тигенін, 13-інің пы­шақ жарақатын алып, 170-тен аста­мы­ның басқа да ауыр дене жа­рақатын алғанын айтты. «Өкі­ніш­ке қарай, бейбіт тұр­­ғындар ара­сында да қаза тап­қан­дар бар. Осының барлығы – жаппай тәр­тіпсіздіктердің орны толмас ауыр салдары. Қазіргі таңда әрбір қаза тапқан адам бойынша объек­тивті тергеу жүргізілуде», деп атап өтті полковник.

С.Әділов тергеудің заңсыз әдістері туралы барлық шағым­­ды прокурорлармен бірге ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік бөлім­шелері де мұқият тексе­ре­тінін, әрбір дерек бойынша егжей-тегжей талқылау жүргізілетінін де мә­лім­деді. Оның сөзіне қара­ғанда, осындай бірқатар факті бойынша қылмыстық істер бас­талып та кеткен.

Ал «Қасіретті қаңтар» оқи­ға­­сынан 88 млрд теңгеден ас­там қаржылық шығын келген. Жап­пай тәртіпсіздіктер ке­зінде зардап шеккен нысан­дар саны 1 573-ке жеткен. Алай­да ІІМ өкілі зардап шеккен азаматтардың өтініштеріне бай­ланысты бұл сан әлі де өзгеруі мүмкін дейді. Ең көп зардап шеккен бизнес нысандары – дүкен, ломбард, жанармай құю стансалары мен қоғамдық тамақтану орындары. Соның ішінде, қаскөйлер аңшылық дүкендерді толық тонап кеткен. Зақымдалған немесе мүлде жарамсыз болып қалған көліктер саны да артып, 765-ке жетті. Сау-тамтығы қалмаған 551 көлік полициянікі болса, 124-і қара­па­йым тұрғындарға тиесілі.